$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.05.2023, 09:43
Қоғам

Батыс Қазақстанда ауыл оқушылары әр мекемеде білім алып жүр

Былтыр көктемде жөндеуге жабылған мектептің құрылысы бітер емес

Батыс Қазақстанда ауыл оқушылары әр мекемеде білім алып жүр
видеодан скриншот

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауылында мектеп оқушылары бөлініп, әр жерде білім алып жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Мұндағы 2 мектептің бірі 5 жыл бұрын апатты деп танылса, екіншісі былтыр көктемде жөндеуге жабылған. Құрылыс уақытында бітер емес, ал балалар болса түрлі мекемені сағалауға мәжбүр.

«Біздер мында оқуға келдік. Бұрын «Жиһазда» оқыған едік. Сосын ауданға бардық. Сосын ауданға сыймай қалдық. Сосын Мәдениет үйіне келдік», - дейді оқушы Санжар Төлегенов.

Казталовтағы Алма Оразбаева атындағы мектеп 2017 жылы апатты деп танылды, 2018-де жабылды. Содан бері балалардың басым бөлігі ауылдағы екінші мектепте білім алса, ол лицейді де былтыр көктемде жөндеуді бастапты. Қарашада бітеді деген құрылыс әлі жүріп жатыр. Ал оқушылар бөлініп, әр жерде оқиды.

«Кітапхана, лицей жанындағы мектеп-интернатта, саз мектебінде, балалар орталығында, жастар ресурстық орталығында, AMANAT партиясында, Мәдениет үйінде, білім бөлімі ғимаратында және экономика және қаржы бөлімінің ғимаратында білім алып жатыр. Білім сапасына айтарлықтай кедергі болады деп айта алмаймын», - дейді Казталов аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев.

Билік басындағылар мойындамас, бірақ білім сапасы ақсамайды дегенге келісу қиын. Мұғалімдер сабаққа кешікпеу үшін тарыдай шашыраған мекемелердің арасында шапқылап жүрсе, оқушының да ойы он бөлінеді екен. 

«Клубта оқыған кезде бізді үлкен және кіші балалар күтіп тұрады және біздің үйіміз алыс, кейбір кезде кешігіп қаламыз», - деді мектеп оқушысы Ернұрбек Ермек. 

«Мектепте оқыған күшті. Өйткені клубта әртүрлі билер, концерттердің дауыстары шығып тұрады. Содан сабақ оқуға кедергі болады. Ал мектепте ондай дауыстар шықпайды», - дейді мектеп оқушысы Айнара Ерғали.

Аудан орталығындағы жаңа мектеп құрылысы 2020 жылы басталды. 2021-де тапсырылуы тиіс еді. Бітпеді. Аудан әкімдігі мердігерді кінәласа, мердігер жобаның шикілігін айтады. Себебі, сметада ғимаратты ұстап тұратын тірек-бағандар мен арқалықтар мүлде жоқ. 330 шақырым жерге материал тасымалы да салынбаған. Соның салдарынан мердігер 340 млн теңге шығынға батыпты.

«Колоннасыз ғимарат тұрмайды. Біріншіден, көп ақшаның бәрі соған байланысты жұмыстар тоқтатылды. Ең бірінші, мына жерде қиындық бізге түседі ғой. Сосын келісу болады авторлық қадағалау, техникалық қадағалау, бәріміз келісу жасаймыз»,- дейді учаске бастығы Амангелді Тебілов.

Жобадағы кемшіліктерге және 2021 жылы материалдар қымбаттауына байланысты былтыр құрылыс тоқтап, тиісті түзетулер енгізілген. Бастапқы 2 млрд 86 млнға тағы 700 млн теңге қосылыпты. 

«Жобаға түзету жасау үшін мемлекеттік сараптамаға кірген болатынбыз. Сол кезден бастап жоба тоқтатылды. Материалдар қымбаттағасын, кемшіліктер болғасын. Қазіргі таңда қайтып жұмыстар жалғасып жатыр. Ақшасы барлығы қарастырылып отыр», - дейді БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев.

Жобадағы шикіліктер құрылыста қол байлайды. Бүгінде жобалауды төмен баға берген кез келгеннің ұтып алатыны, қалай болса солай жасалған жобаның мемлекеттік сараптамадан өзгеріссіз өте шығатыны жасырын емес. Ол үшін не жобалаушы, не сарапшы жазаланбайды. Заңдағы кемшіліктің бірі - осы, дейді мамандар.

«Сарапшылар үлгермеуінен болуы мүмкін немесе жобаның көптігінен болуы мүмкін. еліктен олай шыққанын айта алмаймыз. Бірақ, біздерге оң сараптама қолымызда болғасын, ол жоба қолдау тапқан болатын кезінде», - дейді БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев. 

Күні бүгін мектеп құрылысы қайта жанданыпты. Барлық жұмыстардың 90% атқарылған. Казталовтық шәкірттер жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсылайды, деп сендірді бізді құрылысшылар.

Серіктес жаңалықтары