$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.03.2020, 17:48
Қоғам

100 метр арақашықтықты сақтаймыз – Италиядағы қазақ қызы

Италияда коронавирустан бір тәулікте 189 адам көз жұмған

100 метр арақашықтықты сақтаймыз – Италиядағы қазақ қызы

Сан-Марко мен Венеция көшелері қаңырап тұр. Миланда да тіршілік бір сәтке тоқтап қалғандай. Дуомо шіркеуіне барушылардың қатары да сиреген. Қала көшелерінен жұмыстарына бара жатқан бірен-саран адам мен полицейлерді ғана көруге болады. 10-шы наурызда жарияланған италиялық карантин осылай басталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Италияда тұратын қазақстандықтар айтып берді.

Гүлзат Даниярханның отбасымен бірге Миланда тұрып жатқанына екі жылдан асқан. Карантин жарияланғалы Гүлзаттың күйеуі жұмысына бармай, үйде жатыр. Айтуларынша, елдегі жағдай мәз емес.

«Өкінішке қарай, біздегі жағдай мәз емес. Далада адамдар мүлдем аз, барлық іс-шаралар тоқтатылды. Дәріханалар мен супермаркеттерге бір кіргізген кезде 3-4 адамнан кіргізеді, арақашықтықты бір метрден сақтайсыз. Әуежай, орталық вокзалдарды полицейлер күзетуде.  Дегенмен, адамдар жұмысқа барып жүр. Аса маңызды себеп болмаса, ешқайда шығуға болмайды. Кейбір әуе компаниялары өз рейстерін тоқтатты, тек транзитті жолаушылар ғана Италия территориясына кірмей, барар бағыттарына өте алады.  Қаладағы бар, мейрамхана, сұлулық салондарының жабылғанына бір апта болса, мектеп, университеттердің жабылғанына үш аптадан асты. Ла-Скала театры да жабық тұр. Карантин 3-ші сәуірге дейін деп жатыр»,-дейді ол.

Тағы бір алматылық жас отбасының Римде тұрып жатқанына үш айдан асқан. Халық жұмысқа дендерінің сау екенін растайтын анықтамамен барып жүр дейді. Мая қазір 2-ші сынып оқитын қызымен үйде отырады.

«Жұмыскерлерге жұмысқа бармау туралы тыйым салынбады. Кейбір ірі компаниялар жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін үйден жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Балабақша, мектептер жабық. Үй тапсырмасын қызым екеуміз үйден орындап отырмыз. Отбасымызбен осы айдың аяғы Алматыға баруымыз керек еді. Бәрін шегеруімізге тура келіп тұр. Толықтай изоляцияда үйде отырмыз. Адамдар бір-біріне барудан қорқады. Айдың аяғы бәрі өз қалпына келеді деп ойлаймыз. Қазақстандағы туыстарымыз біз үшін алаңдаулы. Қалада тіршілік нышаны қатты байқалмайды. Мұндай дүниелерді тек фильмдерден көретін едік. Халық алғашқыда қатты үрейленген, дүкендерден дәретхана қағазынан бастап, етке дейін сөмкелеп тасыды. Қазір бәрі тынышталып қалды»,-дейді ол.

Қазақстандықтар туралы барлық ақпаратты туыстарымыз бен интернеттен біліп отырмыз деген жерлесіміз елшілікпен байланыста емес екенін айтты.

«Мен елшілікте тіркеуде емеспін, сол себепті, маған ешкім хабарласпады. Бірақ Инстаграм аккаунттарында шұғыл жағдайда кімге хабарласу керек екенін толықтай жазып қойған. Бұл жағынан Қазақстан елшілігі жақсы жұмыс істеуде. Италияда да халықты ақпараттандыру сауатты, жедел жеткізіліп жатыр. Қолды қалай жуу керек, коронавирустан қалай сақтану қажет деген сынды ақпарлар сәт сайын таратылуда. Халық сақтық шараларын сақтауда. Мүмкіндік болса үйлерінен шықпауға тырысып жатыр. Той жасау, өлімге баруға да тыйым салынғалы бір аптадан асты. Тыйымды орындамаған жағайда үш айға айыппұл төлейді немесе түрмеге жабылады»,-дейді Гүлзат.   

СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадиярдың Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметі бойынша бүгінгі таңда Италия  аумағында 2316 ҚР азаматы бар.

«Консулдық есепке 743 азамат тіркелген, оның ішінде студенттер саны - 191, елшілік қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері - 57, қалғаны - 495. Елшілік қазақстандық студенттермен телефон, электрондық пошта және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы байланыста. Қазіргі таңда елге қайтамын деген студенттер өз еркімен және қандай да бір жолмен қайтуға болады.  Италия өз аумағын толығымен «қызыл аймақ» деп жариялауына орай, университеттердегі оқу процессі үстіміздегі жылдың 3 сәуіріне дейін онлайн режимге  ауыстырылды», - деді хатшы.

Айта кетсек, қазіргі таңда Италияда 10,1 мың адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырып алған, 1004 адам ауруынан айығып, үйіне шығарылса, 631 адам көз жұмды. Ал әлемде коронавирустың жаңа түрін 100 мыңнан астам жұқтырған, олардың басым көпшілігі сауығып кетті, 4 мыңнан астам адам көз жұмды. 

Коронавирустың таралуы алғаш рет қытайлық Ухань қаласында тіркелген еді. Еуропада коронавирус ең көп тараған ел Италия болып отыр, сондай-ақ, Франция мен Германияда да жағдай ушығып барады. 13 наурыз күні Германиядан келген екі қазақстандықтан коронавирус табылды. Денсаулық министрі Біртановтың айтуынша, олар 9-шы наурыз күні Германиядан келген. 

Бүгін ғана дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Еуропаны коронавирус пандемиясының ошағы деп атады. Бұл туралы жұма күні Женевадағы брифингте ДДСҰ бас директоры Тедрос Адан Гебрейесус мәлімдеді.  ДДСҰ мәліметі бойынша,13 наурызда дүниежүзінің 123 елінде коронавирусты 132 мыңнан астам адам жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 5 мыңнан асты. 

Еуропада коронавирустың таралуы бойынша бірінші орында Италия тұр. Бұл мемлекеттің 15 мың тұрғыны Covid-19 жұқтырған. Құрбан болғандар 1015-ке жетті. 

   Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары