Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы екі адам тіркелді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар –  Германиядан келген Алматы қаласының тұрғындары

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

«Ұзақ тексеруден кейін екі қазақстандық азаматтан коронавирус табылды. Олар –  Германиядан келген Алматы қаласының тұрғындары. Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен, олар карантиндік стационарға жабылды. Барлық шаралар бұрынғы бекітілген алгоритм бойынша енгізіліп жатыр. Қазіргі күнде пациенттердің жағдайы жақсы», - деді министр.

Министр қауіпті инфекция жұқтырған азаматтардың жеке мәліметтерін жариялай алмайтынын айтты.

«Біздің заңдық талаптарға байланысты азаматтардың жеке мәліметтерін жариялай алмаймын. Олар - ер мен әйел. Бірі Германиядан (ол елді бірінші категорияға қосқанға дейін) 9 наурыз күні келді. Сол бортпен бірге келген 73 адамды енді карантинге жауып, тексереміз. Қайда екендерін білеміз. Екінші азамат 12 наурыз күні ұшып келді. Ол борттағы 12 адамның бәрі карантинге бірден жабылған», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бұдан бұрын желіде Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Барпибаев Германияда елшілікте жұмыс істейін ұлына барғанда қауіпті індет жұқтырды деген ақпарат тараған. Министр Біртанов бұған қатысты да жауап берді. 

«Менде қазір ондай ақпарат жоқ. Бізге Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, Қазақстанның Германиядан келген 12 азаматы біздің сол жақтағы азаматтармен байланыста болған. Ал ол азаматтан коронавирус табылды деген мәлімет бар. Бірақ оның қандай қызметпен айналысатынын білмеймін. 12 азаматтың біреуі - жаңа хабарлағанымдай, короновируспен ауырып жатыр»,- деді Біртанов. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан