Ернұр Әйткенов медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесін шешуге шақырды
Ол медициналық ұйымдар толық қаржыландырылмай отырғанын айтты
Павлодар облысындағы ауруханалардың қарызы күннен-күнге артып келеді, бұған медициналық ұйымдардың толық қаржыландырылмай отырғаны себеп. Сенатор Елнұр Әйткенов аталған мәселені өзінің депутаттық сауалында көтерді. Оның айтуынша, бұл проблема Денсаулық сақтау министрлігінің араласуынсыз шешілмейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сенатордың пайымынша, стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы қорының орташа өсімі 21-ден 25 пайызға дейін болса, базалық тариф орта есеппен 11,4 пайызға ғана көтеріледі.
«2023 жылға арналған қаржыландыруды талдау бөлінген қаражаттың жылдық жалақының 100 пайызына жететінін көрсетті. Басқа шығындар, мысалы, коммуналдық төлемдер, байланыс қызметтері, басқа сатып алулар мен қызметтер жеткіліксіз қаржыландырылған. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап Павлодар облысында халыққа стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар үшін нақты көрсетілген медициналық қызметтерді жеткіліксіз қаржыландыруға байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Нәтижесінде 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 2 млрд 825,5 млн теңгені құрады», - деп атап өтті сенатор.
Осыған орай, депутат Денсаулық сақтау министріне жыл сайынғы жалақының өсуін, коммуналдық төлемдердің, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің, басқа да қызметтердің инфляциясын ескере отырып, тарифтерді қайта қарауды, сондай-ақ жалақысы аз өңірлерге түзету коэффициенттерін қолдануды қарастыруды ұсынды.