$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.05.2023, 22:01
Қоғам

Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы тартылып бара жатыр

Бұқтырма әлемдегі ең ірі он су қоймасының қатарына кіреді

Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы тартылып бара жатыр
Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы тартылып бара жатыр. Қарағайлы орманның қойнауындағы су көзінің бүгінгі жағдайы тұрғындарды қатты алаңдатуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Бұқтырма тек Қазақстанға ғана емес дүниежүзіне әйгілі деуге болады. Өйткені әлемдегі ең ірі он су қоймасының қатарына кіреді. Алайда соңғы кезе жағдайы мәз емес, жағажайдан алсытап барады. Биыл 50-60 метрге қашықтап кеткен. Мына тұрған баржа өткен жылы ғана судың ортасында тұрған екен, бүгінгі түрі мынау. Бұқтырманың беделі жоғары бұл өлкеде. Сағасында қуатты әрі ежелгі су электр станциясы тұр. Жағалауы  демалыс базасына лық толы. Жүздеген  туристің сүйікті орны. Қала берді бүтін бір ауданды облыс орталығымен байланыстырып тұрған қатынас көзі. Паромдар осы су  арқылы Күршімнен ары-бері кісі тасиды. Сондықтан судың төмендеуі ең алдымен аталған көліктерге ауыр тиді. Өткен жылғы айлақ тіпті жарамай қалды дейді паром басқарушысы Қадылбек Жармұхамбетов. Кеменің тұмсығы желді күні талай рет ұсақ аралдарға тіреліп қалған. Биыл паром тоқтайтын орынды өзгертуге тура келіпті.

«Бұқтырмадағы судың азаюы заңды құбылыс» дейді мамандар. Көпшілік топшылап жүргеней бұған көрші елдің де, Күршім көпірі құрылысының да қатысы жоқ. Осы жердегі гидролог Контсантин Кортошов қоймадағы әр өзгерісті қалт жібермейді. Арнайы құралдармен су деңгейін күніне екі рет өлшейді. Тартылу себебін байыппен түсіндірді. Сөзінің жаны бардай. Айтуынша, циклдық жағдай. Қорқатын дәнеңе жоқ.

 «Бұл белгілі бір мерзімде қайталанып тұратын құбылыс. Мәселен 2003 жылы су өте көп болды, он жылдан соң күрт азайды, 2016 жылы қайта толып кетті. Биыл тағы алыстап кетті жағадан. Сондықтан тек күту керек. Үркетін түк жоқ», - дейді гидролог Константин Карташев.

Қарт гидрологтың пайымынша бұл соңғы жылдағы құрғақшылық салдары. Қыста қар көп жауғанмен, жер сусырап тұр. Бір демде жұтып жатыр. Гидрологтың сөзін осындағы демалыс базаларының өкілдері де растады.

 «Бүгінгі жағдай осы туристік маусымға қатты бір кері әсер етпейді. Жылда қайталанады ғой. Маусымның ортасына қарай қайта тола бастайды. Кейде жағажайды басып қалып әбігерге салса, кейде осылай қашықтап кетіп әуреге түсеміз», - дейді облыстық туристік қауымдастықтың төрағасы Асқар Оразбаев.

Дегенмен жалпы алғанда бұрынғы жылдарға қарағанда қоймадағы су ақырындап азайып бара жатыр. Ол да байқалады. Әйтуір, су қоймасының ортаюы  өндіріліп жатқан электр энергиясына да, сол маңдағы флора мен фаунаға да, туризмнің дамуына да әсер етпейді. Мамандар солай деп отыр. Қойма мүмкін келер жылы, мүмкін бес не он жылдан соң қайта орнына келеді деп сендірді. Тек күту керек, өйткені әзірге табиғат құбылысына тікелей әсер ететін дәрмен жоқ.

Серіктес жаңалықтары