Еліміз бойынша сәуір айында тұрғын үй бағасы қалай өзгерді
Өңірлер арасында ең арзан баспаналар Жезқазған қаласында
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы орташа бағаның өңірлер бойынша көрсеткішін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сәуір айында еліміздегі тұрғын нарығында жаңа тұрғын үйдің ең жоғары орташа бағасы Астана қаласында тіркелді. Елордада жаңа баспананың 1 шаршы метрі 587 406 теңгеге бағаланды. Ал пәтерлерді қайта сату бойынша тұрғын үйдің 1 шаршы метр 601 654 теңгені құрады.
Екінші орында Алматы қаласы. Мұнда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 549 750 теңгеден болса, ал қайталама нарықтағы үйдің бір шаршы метрі 621 693 теңгені құраған.
Статистика бойынша Шымкент шаһарында жаңа пәтердің бір шаршы метрі 442 190 теңге тұрады. Ал қайталама нарықтағы баспананың 1 шаршы метрі 428 985 теңге.
Еліміздегі ең арзан баспаналар Жезқазған қаласында. Мұнда жаңа баспананың 1 шаршы метрі бар болғаны 160 000 теңге тұрады. Алайда пәтерлерді қайта сату құны бойынша 1 шаршы метрдің бағасы 366 714 теңгеге дейін барады.