Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр
Алматыда көктемгі әскерге шақыру науқанына 1500-ге жуық жігіт келіп, тексеруден өткен. Енді олардың мыңнан астамы отанды күзетуге аттанбақ.
Алматыдан әскерге аттанатын сарбаздар ҚР Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық Ұлан және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі. Алғашқы 30 сарбаз бүгін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына аттанды. Олар бір жыл шығыстағы шекараны күзетпек.
Әскерге бармас бұрын тексеруге шақырылған жігіттердің денсаулығымен қатар, мамандықтары да ескеріледі. Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, әскерге баратындардың 11%-ы ғана өзге ұлт өкілдері екен.
«Әскери бөлімдерді жасақтау аумақтық және жедел аумақтық қағидасы бойынша қызметке бір өңірден басқа өңірге жіберу арқылы жүзеге асырылады. Дәстүр бойынша Қорғаныс министрлігінің әскери бөліміне жіберілетін болашақ сарбаздар әскери жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Жастар әскери бөлімдерге теміржол, әуе, көлік жолдарымен жеткізіледі. Алматыдан Отан қорғауға аттанғандардың 89%-ы қазақтар, қалған 11%-ы басқа ұлт өкілдері», - деп мәлімдеді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.
Әскерге аттанғысы келетін адамдардың саны соңғы кезде көбейген. Мерзімді әскерге шақыру кезінде жігіттердің денсаулық жағдайына, білім деңгейі мен моральдық-психологиялық әлеуетіне көңіл аударылады. Сарбаздарды іріктеу маусым айына дейін жалғаспақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы