Автомобиль жолдарында ауыр жүк тасымалдауға шектеу қойылды – Көлік инспекциясы

Автор: Azattyq Rýhy

Қазірше бұл шектеу тек Алматы мен Алматы облысына ғана енгізілді

Алматы мен Алматы облысында көлік инспекторлары жетіспейді. Маман ғана емес, шамадан тыс жүк тиеп, тас жолда жүйіткіген КамАЗ көліктерін тексеретін жылжымалы бекеттер де тапшы. Алматыда ауыр көліктерді тексеретін небәрі екі, ал облыста үш жылжымалы бақылау бекеті бар.

Республикалық маңызы бар автожолдарды көбінесе ауыр жүк көліктері бүлдіреді. Шамадан тыс жүк тиегендер асфальттың талқанын шығарады дейді мамандар. Жүргізушілері талапқа құлақ аспайтын көрінеді. Сондықтан көліктегі бақылау инспекциясы ауыр жүктердің қозғалысына шектеу қоймақ.

«Облыста жылжымалы бақылау бекетінің саны үшеу. Он инспектор ауысыммен жұмыс істейді. Аумақ үлкен болғандықтан барлық жүк көлігін тексеру мүмкін емес. Соған қарамастан қолдан келгенді істеп жатырмыз. 10 күннің ішінде 68 КамАЗ жүргізушісіне 47 әкімшілік құжат толтырылып, 9,8 млн теңгенің айыппұлы салынды», - деді Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Болат Нұрбаев.  

Айта кетейік, бұған дейін облыста жүк көлігін айдайтын жүздеген жүргізуші «инспекторлар пара алмаса жүргізбейді» деп мәлімдеме жасаған еді. Инспекцияның басшылары өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, шудың шығуын тексерістің қатал түрде жүргізіліп жатқанымен түсіндірді. Айтуларынша, тек бір білікке (ось) түскен салмақ 8 тоннадан аспауы керек.

«Шағын КамАЗ-дың салмағы 10-11 тонна. Оларда үш білік бар Сонда бір көлік 25 тоннаға дейін жүк тией алады. Ал тиеген артық салмақ 5 тоннаға дейін асып кетсе – 40 АЕК көлемінде, 5-10 тонна аралығында болса – 80 АЕК, 10 тоннаға жетсе – 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жүргізушілер талапты орындағысы келмей, бізді пара алады деп айыптап, бірақ нақты кімге пара бергендерін айта алмай жүр», - деді Б.Нұрбаев.

Алматы облысында 8 мың 950 шақырым жол болса, оның 2 мың 822 шақырымы республикалық және халықаралық жол болып саналады. Өңірдегі жолдардың 24%-ы талапқа сай емес. Ауыр техникаларды таразыға тартатын аппараттар жиі сынып қалатындықтан, үнемі бақылау жүргізуге мүмкіндік те болмайды екен. Ауыр көліктерден бүлінген жолдарды қайта жөндеу үшін қыруар ақша бөлініп те жатыр. Ал оларға қойылған шектеу енді еліміздің барлық облысында жүргізілмек.  

«Шамадан тыс жүкті көбінесе жеке тұлалар тасиды. Тәртіпті бұзған заңды тұлғаларға 1000 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынатындықтан, олар тәуекелге бармайды. Жолдың бұзылмай сақталуы үшін шектеулер қоямыз. Алматыда көліктердің көптігіне қарамастан тек екі ғана жылжымалы бақылау бекеті жұмыс істейді», - деді Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Хамитбек Петралиев.

Артық салмақты тасуға қарсы бағытталған жұмыс қара күзге дейін жалғасады. Алайда, халықаралық тасымалдауларға, яғни шетелден келетін ауыр жүк көліктеріне бұл тәртіптің қатысы жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы
Фото: Әсет Құндақбаев