$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.03.2020, 16:47
Қоғам

Қазақстандықтардың 87,7%-ы митингке шыққысы келмейді – сауалнама

Дәурен Абаев бірқатар сауалнама қорытындысын жария етті

Қазақстандықтардың 87,7%-ы митингке шыққысы келмейді – сауалнама

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік зерттеу ел азаматтарының  87,7%-ның митингке шыққысы келмейтіні анықталған.

«Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама сол зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 87,7%-ының шеруге шыққысы келмейтінін көрсетті. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сауалнамасына сүйенсек, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 53,7%-ы шеруді ұйымдастырушылар митинг өткізуге міндетті түрде рұқсат алуы керек деп санайды. Респонденттердің тек 21,4%-ы  ғана Қазақстанда болып жатқан митингтерге оң көзбен қарағанын айтты», - деді бүгін Дәурен Абаев Мәжілісте.

Айта кетейік, бүгін министр төменгі палата депутаттарына  «Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстырып отыр. 

Жалпы, Абаевтың айтуынша, қазақстандықтардың митингтерге көзқарасы тек бұл сауалнама аясында ғана анықталмаған. Бұдан өзге Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің экспресс-мониторингі бюросы да еліміздің барлық өңірінде қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген. Оның нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің 40%-ы «Митингтер елдегі жағдайды тек тұрақсыздандырады» деп жауап берген. Ал 73%-ы «Митингті өткізбес бұрын, оны билікпен келісу керек» деп есептейтіндерін айтыпты. 

Бірақ Дәурен Абаев бұл әлеуметтік сауалнамаларға қатысқан қазақстандықтардың нақты санын атаған жоқ.  Оның айтуынша, заң жобалары «Ашық деректер» порталында жарық көргелі бері азаматтар 261 пікір жазған. Осы заң жобаларына қатысты Қазақстанның тоғыз қаласында қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Бұдан кейін құжаттардың елдегі дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне жеке таныстырылатыны белгілі болды.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#митинг