«Соғысқа бала болып аттанған едім...»: астаналық ардагер қиын жылдарды еске алды

Тура сегіз күннен кейін соғыс ардагері Владимир Дровосеков 97 жасқа толады

«Соғысқа бала болып аттанған едім...»: астаналық ардагер қиын жылдарды еске алды

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың тоқтағанына 78 жыл толады. Астанада тұратын 97 жастағы ардагер Владимир Дровосеков соғыс басталғанда 15 жаста, ал, оны майдан шебіне шақырғанда небары 17 жаста еді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, екінші дәрежелі Отан соғысы ордененің иегері Владимир Дровосеков 1926 жылы 18 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының Балкашино ауылында туған. 1934 жылы мектепке барған ол алтыншы сыныпты ғана оқып тауысқан. Германия әскері бұрынғы кеңес одағына шабуыл жасағанда Владимир Дровосеков небары 15 жастағы бала болған еді.

«Соғыс басталмай тұрып мен Ақмола, қазіргі Астана қаласындағы фабрикалық зауыттың училищесінде оқыған едім. 1941-1943 жылдары әскери зауытқа ауысып, жұмыс істедім», - дейді ол балалық шағын есіне ала отырып.

Майданның нағыз өршіген кезі, яғни, 1943-44 жылдары 17 жастағы бозбала Владимир де қызыл әскерге шақырылады. Отан алдындағы борышын өтеймін деген ол «соғысқа бала болып кетіп, бірден есейіп келдім» дейді. «Сол жылдардың әнін естіп, естелік суреттерді ақтарғанда, қандай сезімде боласыз?» деген сұрақты естігенде 97 жастағы қария көзіне оралған ыстық жасты тыя алмады.

«...ол жылдардың әуені мен сол жылдардың естелігі әрине бойыма бір жағынан мұң, бір жағынан қуаныш сыйлайды. Кеудемде ерекше сезім пайда болатынын жасыра алмаймын. Майдандағы достарымды еске аламын. Бір рет Беларусь аумағында майданда жүрдік, алдымда сержант кетіп бара жатты, мен артынан ит жетектеп келе жаттым. Итім жүрмей, артқа тартты. «Бұған не болды?» деп ойлап қоямын, жетектеп жүрейін десем, қозғалмайды. Дәл сол сәтте автоматтың дауысын естідік, алдымда кетіп бара жатқан әскерлер қатты жараланды, мен итімнің сезімталдығы арқасында жараланбай, шабуылға бет алдым. Жалпы, майданда мені итім бірнеше рет құтқарды», - дейді ол.

Соғыстан кейін де әскери өмірі тоқтамаған Владимир Дровосеков Сахалин аралында, сол кездегі кеңес одағының ішкі істер министрлігіне қарасты Теңіз шекңара қызметінде жұмыс істеген. 1952 жылы сол кездегі Ақмолаға оралған ардагер арнайы комендатурада еңбек етеді.

«Соғысқа аттанған кезде он жеті жаста едім. Соғысқа бала болып аттанып, есейіп келдім. Ауыр жылдарды бастан кешіріп, Жеңіс күнінде үйге оралдым. Ендігі ұрпақ ондай қанды соғысты көрмесе деймін. Ол жылдар бүкіл адамзат тарихында қанды әріппен жазылатын ауыр заман болды. Әлемде соғыс оты атылмай, балаларымыз бен немерелеріміз бейбіт күннің бақытына бөленіп жүре берсін», - дейді батасын берген қария

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.