«Денемдегі оқпен он үшінші жыл өмір сүріп келемін»: «Алтыншы бекет» фильміне арқау болған сарбаз
Ол өзінің асқақ арманы туралы да айтты

Отан қорғаушылар күні ер-азаматтардың ерлігі мен жанкештілігін ерекше атап өту дәстүрге айналғандай. Әсіресе, Отан алдындағы борышын атқарып, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген азаматтардың батырлығын ұмытпаған абзал. Azattyq Ruhy тілшісі осыдан 13 жыл бұрын болған оқиғаның кейіпкері, 5 жыл бұрын «Алтыншы бекет» фильміне арқау болған 6698 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі Ербол Отарбаевпен әңгімелесті.
Ербол Отарбаев 1991 жылдың 4 қаңтарында Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Рабат әкімшілік еңбекші елінде дүниеге келген.
«Отбасында мен ең кішісімін. Менің екі ағам мен үш әпкем бар. Әжемнің қолында тәрбиелендім. Олар мені әрқашан жанашыр, адал адам болуға үйретті. Орта мектепті тәмамадаған соң 2009 жылы Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөліміне атқыштар ротасына азаматтық борышымды өтеуге келдім. Әскери салаға келуімнің себебі 4 атам соғысқа қатысқан. Отбасымдағы барлық ер-азаматтың жолын қуу мақсатында әскери салаға аяқ бастым», - дейді Ербол Отарбаев.
2010 жылы Ақтаудағы колониядан тұтқындардың ең ірі ұйымдасқан қашуы негізінде фильм түсірілді. Сол кезде қатардағы мерзімді қызметте болған Ербол Отарбаев 19 жаста болған. Ол батырлық жасап, 21 қарулы тұтқынға қарсы тұрды.
«Мен бұл күнді ешқашан ұмытпаймын. Барлығы 2010 жылдың 21 маусымында болды. Ақтау әскери бөлімшесінде біз қатаң режимдегі колонияны күзетуге бұйрық алдық. Әрқайсысымызға үш сағат кезекшілік ету керек болды. Мен алтыншы беткетте болдым. Менің кезекшілік уақытым 18.00-ден 21.00-ге дейін және 3.00-ден 6.00-ге дейін болды. Таңертеңгі намазды оқығаннан кейін, сағат 4.00 мен 6.00 аралығында колонияда трансформатор жанып, бүкіл периметр бойынша жарық сөніп қалды. Осы кезде тұтқындағылар маған қарай жүгіріп, оқ жаудыра бастады», - деп есіне алды Отарбаев.
Сарбаз да тайсалмай, тұтқындарға қарсы оқ атуды бастаған.
«Біреуі құлады. Бір кезде мен торға тіреліп, екінші дүкенді ауыстырып атуды жалғасытрдым. Бір тұтқынды жарақаттадым. Ол өз кезегінде менің сол қолыма оқ тигізді. Кенеттен мен қара киімді адамдардың маған қарай жүгіріп келе жатқанын көрдім, мен оларды тұтқындар деп ойладым. Мен бір қолыммен атып, алтыншы бекеттен алыстай бастадым. Тұтқындар мені қоршауға тырысты. Мен құладым, мұрнымнан қан кетті. Содан кейін мені қарауыл бастығы көтерді. Ол қанша адам болғанын және қай бағытта қашып кеткенін сұрады. Сол кезде мен қашып кеткендердің нақты санын білмей, көп деп жауап бердім, сонымен қатар олардың қай бағытта қашып кеткенін көрсеттім. Кейін менің жағдайым нашарлап кетті. Мен өліп барамын деп ойладым. Жедел жәрдем көлігі 20-30 минуттан кейін ғана келіп, мені ауруханаға апарды», - деп еске алады Отарбаев.
Ербол Отарбаев оқиға кезінде қандай ойлар келгенін айтты.
«Ойлануға уақыт болмады, өйткені мен оларды жіберіп алуым мүмкін еді. Тез шешім қабылдау керек болды. Мен оны қабылдадым. Бұл-менің сарбаздық міндетім. Егер мен оны орындамасам, онда мен не үшін қызмет етуге келдім? Әрине, бұл өте қорқынышты болды. Бірақ қорқыныш мен өлемін деп ойлаған кезде ғана пайда болды. Осы сәтте мен ата-анамды, оны қалай қабылдайтынын, олардың сезімдерін елестеттім. Мен Құдайдан маған өмір сүруге тағы бір мүмкіндік беруін өтіндім. Ол маған берді. Қарсыласу нәтижесінде менің сол қолымның сүйегі, бір қабырғам сынды, өкпемнің 25 пайызы жоқ. Бір оқ қалды. Мен 13 жыл осылай өмір сүріп келемін, бұл маған зиян тигізбейді», - деп бөлісті ол.
Ербол Отарбаев атағандай, оқ сол күйі алынбаған.
«Бірақ денсаулығыма әсер етпейді. Дегенмен денеңде бөтен заттың жүргені сезіледі. Бірақ организмнің қызметіне ешқандай зиянын тигізбейді деп айта аламын», - деді ол.
Ербол Отарбаев бұл ерлікті кез келген басқа жауынгер де жасай алатынын айтты.
««Алтыншы бекет» фильмі осы оқиғаның негізінде түсірілген. Бірақ Ұлттық ұланның әрбір сарбазы мен сияқты қызмет атқарады. Сондықтан бұл фильм Ұлттық ұланның барлық сарбазына арналған деп айтуға болады. Барлық сарбаз мен жасаған ерлікті жасай алады. Себебі барлығымыздың жаттығуымыз бір, әдіс-дағдыларымыз бір, бір дайындықтан өтеміз», - дейді Отарбаев.
Бұл оқиға сарбаздың өміріне қалай әсер еткенін де сұрадық.
«Ол оқиғадан кейін өмірім айтарлықтай өзгерді деп айта алмаймын. Бұл оқиғадан алған сабақтар өте мағыналы болды. Бір жағы қорқыныш болса, екінші жағы өмірімдегі сын-сағат болды. Ер азамат ретінде қолыма қару алып, Отан үшін әрекет етуді жүзеге асырдым. Бұл ер азаматтың басына түскенде жасалатын ақтық шешім деп айтар едім», - дейді жауынгер.
Отарбаев Отанды қорғау түсінігін қалай түсінетінін айтты.
«Отанды қорғау отбасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстану сияқты парыз деп ойлаймын. Бір адамды тәрбиелеген адам, он адамды, он адам жүз адамға тәрбие бере алады. Әр азамат өзінің отбасын берік, бақытты қылғысы келсе, Отанға да пайдасын тигізеді. Біздің тарихымыздағы барлық дана тұлғалардың барлығы «Отан – отбасынан басталады» деп айтқан. Асқақ арманым - елге, жерге қызмет етуді жалғастыру. Бала-шағамды адал, абыройлы азамат етіп тәрбиелеу. Генералды армандамайтын сарбаз жоқ, осы жолмен алға қарай ұмтылуға тырысамын», - деді Ербол Отарбаев.
Айта кетейік, Ербол Отарбаев Ішкі істер министрлігінің «Жауынгерлік қызметте көрсеткен ерлігі үшін», ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен мараппаталған.