Таразда студенттерді оқу орнынан күштеп ұстап әскерге әкетпек болған
Сарбаз сапын толтыру үшін көрінгенді көшеден күштеп әкетуге кім пәрмен бергені белгісіз
Таразда колледж оқушылары оқу орнынан «ұрланды». Сабаққа келген алпысқа жуық жігітті шағын автобусқа тиеп алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «31-арнаға» сілтеме жасап.
Жоқ іздеген ата-ана балаларын көп ұзамай қорғаныс департаментінен тапқан. Еш ескертпестен әскерге балаларын әкету әрекетіне ата-аналар қарсы. Сарбаз сапын толтыру үшін көрінгенді көшеден күштеп әкетуге кім пәрмен бергені белгісіз.
Күні кеше колледжге барған оқушылар әскерден бір-ақ шыға жаздады. Олардың айтуынша, оқу орнына емтиханға дайындықты желеу етіп жиналысқа шақырған. Сөйтсе, алдап соғып автобусқа тиеп алып кетіпті.
Полицейлермен із кескен ата-ана ұрланған ұлдарын қорғаныс істер департаментінен тапқан.
«Желкесінен ұстап бұл баланы неге сүйреп әкетіп бара жатыр? Ата-ана бұл әрекетке қарсы. Бұлар баланы ұрлап әкетіп отыр. Жай ғана емес, ұрлап, алдап әкетіп отыр. Ата-анасына еш ескертпеген», - деп күйінеді ата-ана Сейіт Нұраханұлы.
Жоғалған ұлдарын сұрай-сұрай Қорғаныс істері департаментіне тірелген ата-ана іштегі ахуалға алаңдайды. Көзбен көрмей, көңіліміз көншімейді деп көнбеді. Жарым жолда қалған оқуы не болады деген олар көрінгенді күштеп әскер сапын толтыруға кім пәрмен бергенін білгісі келді.
Көктемгі, күздегі төрт айлық әскерге шақырту маусымына Жамбыл облысынан жылына 3 мың азамат баруы тиіс. Бұл жоспарды толтыру үшін жергілікті әкімдік пен әскерилер осындай жаңашылдықты енгізіпті. Бірақ шикі тұсы көп болып, кеше әкелінген балалар медициналық тексерістен соң бәрі түгел үйіне жіберілген.
«Балалар медициналық комиссиядан өтті. Медкомиссиядан өткеннен кейін қайтарылды.
– Ал балаларды бұл жаққа кім әкелді? Бұл қаншалықты заңды? Білсе бола ма?
Мен бұл сұраққа жауап бермеймін. Қайталап айтамын, медкомиссиядан өткізіп қайтардық», - деді Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ерлан Маханов.
Дей тұрғанмен, Қорғаныс департаментіне жеткізілген оқушылардың арасында ерікті әскерге баруға ниеттілері де табылған.
Армияға барамын деген студенттер қолына әскерге шақырту қағазын алып кетті. Соңғы емтихандарын ерте тапсыруға департамент басшылары оқу орнына өтініш жібереміз деп отыр.