$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.05.2023, 08:57
Қоғам

Күршімде кәріз жүйесінен аққан су өзенді ластап жатыр – тұрғындар шағымы

Ондаған жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті сұрақ әлі жауапсыз қалып отыр

Күршімде кәріз жүйесінен аққан лас су қоршаған ортаға залалын тигізіп жатыр. Ондаған жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті сұрақ әлі жауапсыз қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Былтыр экологтар кәрізге жауапты коммуналдық мекемені тексеріп, оларға айыппұл салған болатын. Алайда бұдан мәселе шешілмесі анық. Кәрізден жиналған су ешбір тазартусыз Күршім өзеніне құйылып, ондағы тіршілік атаулыны құртып жіберді дейді ауылдықтар.

«Қазір Күршімнің бойында балық жоқ, бұрын мамырда уылдырық шашуға шығатын балықтар қазір шықпайды. Бәрі қаржы мәселесіне кеп тіреліп тұрған сияқты, сондықтан ауданға қаржы дұрыстап бөлінгеннін қалаймын», - дейді зейнеткер Байғазы Рахметолдин.

Кәріз жүйесі – 14 шақырым. 2300 абонент қолданады. Аз қалдық шықпайды. Дәл қазіргі уақытта тоғандағы лас су арнайы көлікпен қазаншұңқырларға тасымалданып жатыр. Қондырғыны жөндеу мүмкін емес. Сондықтан жауапты коммуналдық мекеме осындағы әскери бөлімнің тазарту жүйесін өз теңгеріміне алмақшы. Сөйтіп, сол ғимаратқа қосылып амалдай тұрмақ. Ол нысанның өзін жөндеу үшін 80 миллион теңге бөлінді.

«Кәріз жүЙесінен шығып жатқан лас судың жалпы көлеміне сай келетін құрылғылар орнатамыз, кейбір кәріз жүйелері  учаскелері бар соларды жөндейміз, ғимарат ішіне жөндеу жұмыстарын жасаймыз, өйткені тозығы жетіп тұр», - деді Күршім аудандық әкімдігі коммуналдық кәсіпорнының  маманы Әйгерім Болатбаева.

Сөйтіп, коммуналдық мекеме бір ескі тазарту қондырғысынан құтылып, екіншісіне тап болды. Айтпақшы ауыл ішімен өтетін кәріз желісін толық жөндемесе істің бәрі бекер болғалы тұр. Ол үшін 130 миллион теңгеге бюджеттік өтінім жіберіліпті.

Күршімдегі кәріз жүйесі қызметін мүлдем тоқтатып тастауға  келмейді, ондай жағдайда жүздеген үйден шыққан лас су көшелерге тарап, аулаларды басып қалуы ықтимал. Ал мына әскери бөлім жүйесіне қосылу да уақытша амал. Мәселені түбегейлі шешу үшін жаңадан тазарту қондырғысын салу керек,ал ол үшін миллиардтаған қаржы қажет дейді сарапшылар.

Серіктес жаңалықтары