Екі мыңға жуық қазақстандық ЕАЭО елдерінің банкінен 8,8 млрд теңгеге несие алған

Azattyq Rýhy

Депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы кредит тарихы туралы мәселелер мен интернеттегі алаяқтық мәселелерін көтерді

Екі мыңға жуық қазақстандық ЕАЭО елдерінің банкінен 8,8 млрд теңгеге несие алған

Қазір Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы ұйымдарынан несие алған 1 869 жеке тұлға және 42 заңды тұлға бар. Егер бірінші топтағы азаматтар алған несиенің көлемі 8,8 млрд теңге болса, заңды тұлғалар ЕАЭО банкілеріне шамамен 110 млрд теңге қарыз, деп жазады Azattyq Ruhy.

Мәжілістің кезекті жалпы отырысында Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде кредиттік тарихқа енгізілген мәлімет алмасу тәртібі туралы келісімді таныстыра келген ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымоваға Мәжіліс депутаттары өте көп және өзекті сұрақтар қойды. Тақырып трансшекаралық мәселеге қатысты болғанымен, мәжілісмендер елдегі несие жағдайын, интернеттегі алаяқтық, азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер көтеріп, сұрақтарына жауап іздеді. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да, жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Қазақстанда азаматтардың несие шырмауына оралғанын айтып, жауапты органдарға осы нарықты толық «тазалау» туралы тапсырма берілген еді.

Сондықтан Мәжіліске келген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымовадан депутаттар осы тапсырманың қалай орындалып жатқанын, жалпы, агенттіктің бұл бағытта қандай жоспарлары бар екенін сұрап білді.

«Келісімде барлық тараптардың, уәкілетті ұйымдардың және кредиттік тарихты пайдаланушылардың трансшекаралық алмасу шеңберінде ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеті белгіленген.

Еуразиялық экономикалық комиссия қаржы нарығын реттеушілермен бірлесіп трансшекаралық алмасу кезінде пайдаланылатын стандарттарға, техникалық хаттамаларға, нормативтік-анықтамалық ақпаратқа, берілетін деректердің форматтары мен құрылымдарына қойылатын талаптарды әзірлеуі тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте трансшекаралық алмасу кезінде заңнама талаптарын бұзғаны үшін кредиттік бюролар мен кредиттік есептерді алушылардың әкімшілік жауапкершілігін көздеу ұсынылады.

Кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңда кредиттік тарих мәліметтерімен трансшекаралық алмасу талаптарын, берілетін ақпараттың тізбесін, сондай-ақ кредиттік бюролардың алынған деректерді қорғау міндетін айқындау ұсынылады», - деді баяндамасын оқыған Мәдина Әбілқасымова.

ЕКІ МЫҢҒА ТАРТА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕАЭО ЕЛДЕРІНІҢ БАНКТЕРІНЕН НЕСИЕ АЛҒАН

Баяндама аяқталған соң «AMANAT» фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова маңызды мәселенің бірі – кредиттік бюроларға берілетін мәлімет жайлы сұрады. Айта кетейік, қазір Қазақстанда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары Қазақстанның Бірінші кредиттік бюросына қарыз алушылар туралы мәліметті бұрынғыдай жарты айда бір емес, бір жұмыс күні ішінде беруі тиіс.

«Интернет алаяқтықты азайтуға байланысты былтыр депутаттардың бастамасымен ҚР заңнамасында жалпы қаржы ұйымдары кредиттік бюроға ақпаратты беру мерзімі он бес жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқартылған болатын. Бұл бір уақытта бірнеше қаржы ұйымдарынан кредит алу мүмкіндігін болдырмауға септігін тигізген мәселе болды. Енді осыған қатысты бір нақтылайтын сұрақ болып тұр: Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде осындай шара қарастырылған ба? Қазақстан бұны талап ете ала ма?», - деп сұрады Жұлдыз Сүлейменова.

Сұраққа жауап берген агенттік төрайымы  Еуразиялық одақтың елдерінде қарыз туралы ақпарат кредиттік бюроларға әртүрлі мерзім ішінде түсетінін мәлім етті. Согдай-ақ әр елдің ұлттық заңнамасына сай, ол әртүрлі болып қала бермек те.

«Мысалы, Ресей, Армения, Беларусь елдерінде бұл үш жұмыс күнін құрайды. Қырғыз Республикасында бұл бес жұмыс күні. Келісімде осындай өзгерістер көзделмеген. Кредит туралы ақпаратты кредиттік бюроаға беру мерзімі Ұлттық заңнамаға сәйкес сақталады. Бірақ бұл тәуекелдердің өсуіне әкеп соқпайды. Өйткені, біздің есебіміз бойынша қарыз алушылардың саны және қарыз көлемі онша көп емес. Ұлттық Банктің деректеріне сүйенсек, Еразиялық экономикалық одақ елдерінен қарыз алушылардың саны 1 869 адамды құрайды. Берілген кредиттер көлемі 8,8 млрд теңгені құрайды. Ал заңды тұлғаларға келсек, 42 қарыз алушы бар. Оларға берілген кредит 110 млрд теңгені құрап отыр», - деп хабарлады Әбілқасымова.

АЛАЯҚТЫҚ ЖОЛМЕН АЛЫНҒАН НЕСИЕ КЕШІРІЛУІ МҮМКІН

Парламент Мәжілісіндегі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы  Мәди Тәкиев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Әбілқасымова ханымға сұрақ қоя отырып интернет алаяқтықты тексеру неге баяу жүретінін, оның үстіне, агенттік азаматтардың өтінішіне нақты жауап берудің орнына құр қағаздармен «шығарып» салатынын айтты. Аманаттық депутаттың бұл сауалына жауап берген ол мәселе өте тереңдеп кеткенін және оны шешу үшін қазір заңнамалық негізде жұмыс атқарылып жатқанын хабарлады.

«Менің сұрағым Әбілқасымова мен Ішкі істер министрлігіне арналады. Қазір Қазақстанда интернет алаяқтықтан зардап шеккендердің көбейіп кеткені ешкімге жасырын емес. Жекелеген азаматтардан, тіпті, ұжым-ұжымдардан арыз көп түседі, олар Ішкі істер органдарының мамандары осындай істерді ұзақ тергейтінін, ал, Қаржы нарығын реттеу агенттігі арыздарына бір бет қағазбен ғана жауап бере салатынын айтады. Бірақ осы екі арада олардың атынан алаяқтар алған несиенің пайызы жүре береді. Осыған байланысты, мына екі сұрағыма жауап алғым келеді: Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұл жағдай қалай шешіліп жатыр? Екінші сұрағым, Ішкі істер министрлігіне арналады: Сіздер интернет алаяқтардың алдын алып, оларды табу үшін қандай шаралар жүзеге асырып жатырсыздар? Жалпы, бұл мәселеде алға жылжу бар ма?»,-деді Тәкиев.

Анықтама: Егер 2018 жылы тіркелген бұндай қылмыстар саны шамамен 4000 болса, 2022 жылы интернеттегі алаяқтықтың саны 20 444 қылмыс тіркелген.

«Расымен де, қашықтан көрсетілетін қаржылай қызметтер саны артқан сайын интернеттегі алаяқтық операциялар саны да көбейіп келеді. Тек өткен жылдың өзінде бізде шамамен 11 мың алаяқтық операциялар тіркелген. Оның ішінде бес мыңы екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алаяқтардың интернет арқылы несие рәсімдеуге әрекет еткен фактілері. Бұл әрине қазір кейбір банктер арқылы онлайн несие рәсімдеуге болатынымен байланысты. Былтыр біз микроқаржы ұйымдары үшін азаматтың жеке басын куәландыру операциясын қатайттық. Микроқаржы ұйымдарынан несие алу үшін енді азаматтар екі сатылы идентификациядан өтуі тиіс, сонымен қатар, микроқаржы ұйымдарына ұялы телефондарына смс-кодтар жіберуге міндетті. Сонымен қатар, биометрия да енгізілді. Бірақ, осы шараларға қарамастан, интернеттегі алаяқтық операциялар көбейіп жатыр», -деді Әбілқасымова.

Осы ретте Әбілқасымова ұялы телефондағы қосымшалардың қауіпсіздігіне баса назар аударылып жатқанын хабарлады. Өйткені азаматтар көбіне онлайн несиені осындай қосымшалар арқылы алады және талдау көрсетіп отырғандай, алаяқтар қашықтан отырып ұялы телефонға осындай қосымша көшіреді. Осы ретте, Агенттік төрағасының айтуынша, банктер енді ұялы телефондағы қосымшада күдікті операциялар байқалса, банк ол адамның қосымшасын бірден бұғаттайды дегенді хабарлады.

ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев көтерген тағы бір мәселе – осы уақытқа дейін алаяқтар атына несие рәсімдеген азаматтардың жағдайы не болады деген проблема еді. Бұл сұраққа жауап берген агенттік төрайымының сөзіне сенсек, алаяқтар атына несие рәсімдеген азаматтар үшін үміт оты пайда болатындай көрінді. Өйткені, қазір Қаржы нарығын реттеу агенттігі екінші деңгейлі банктермен өзара келіссөз жүргізіп,  несиені алаяқтардың рәсімдегені сотта дәлелденген жағдайда азаматқа өтемақы беру немесе банк тарапынан несиені толық жою мәселесін талқылап жатқаны белгілі болды.

«Азаматтар көтеріп жүрген өте өзекті мәселе – ол алаяқтық жолмен рәсімделген несиенің залалын өтеу. Бұл жерде біз мына бір алгоритмді қарастырып жатырмыз: қазір екінші деңгейлі банктермен арада меморандумдар әзірленіп, оларға қол қоймақпыз. Осы меморандумға сәйкес, егер, сотта ол операцияны алаяқтар жасағаны дәлелденсе, банк ол несиенің пайызын бірден тоқтатады және сот барысында ол несиені алаяқ рәсімдегенін, несиенің ақшасы ол адамға жетпегені дәлелденген жағдайда, банк сол қаражатты өтейді немесе ол несиені жояды», - деді сөзін түйіндеген Мәдина Әбілқасымова.

Сымбат Молдатай

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.