Қазақстанда саманнан салынған 281 мектеп бар. Апатты мектептер саны қашан азаяды

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміз бойынша жарты мыңға жуық мектеп апатты жағдайда тұрса, тағы 177 мектептің әбден тозығы жеткен

Қазақстанда апатты жағдайда тұрған және үш ауысымда білім беретін мектептердің санын азайту үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, 2026 жылға дейін қалаларда және перспективалы елді мекендерде заманауи талаптарға сай келетін 401 мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҮШ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДА БІР МИЛЛИОН ОҚУШЫҒА ОРЫН ТАПШЫ БОЛУЫ МҮМКІН

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» депутаттық фракциясының алғашқы кеңейтілген отырысы елдегі ең өзекті мәселенің бірі – Қазақстандағы мектеп тапшылығына арналды. Жалпы, соңғы он жылда Қазақстандағы оқушылар саны 1 миллион балаға көбейіп, 3,7 млн оқушыға жеткен. Демографиялық дүмпуге дайын болмаған органдар әрине бала санына сай мектеп салып үлгермеді. Оқу-ағарту министрлігінің ресми ұсынған мәліметіне сүйенсек, қазір мектептерде 270 мың балаға орын жоқ. Ең басты мәселенің бірі – егер үкімет қазір осы орын тапшылығын жоймаса, небары үш жылдан кейін Қазақстанда бір миллион оқушыға орын табылмайын деп тұр. Оның үстіне, ресми мәлімет бойынша, елімізде үш ауысымда білім беретін 148 мектеп, апатты жағдайда тұрған 515 мектеп, саманнан салынған 281 мектеп, тозығы жеткен 177 мектеп бар. Яғни, осы мектептердің санын азайту да үлкен жұмысты талап етпек.

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ, STEM-ЗЕРТХАНАЛАР. ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» БОЛЖАМДЫ СИПАТЫ ҚАНДАЙ?

Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, осы мәселелерді кешенді шешу үшін Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданған. Егер жоба сәтті жүзеге асса, 2026 жылға дейін қалаларда және перспективалы елді мекендерде заманауи талаптарға сай келетін

800 мыңға жуық жаңа орындарды ашу көзделіп отыр. Министрліктің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда салынатын жайлы мектептердің сипатында бірнеше ерекшелік бар. Яғни:

  • мектептер жиһаздардың толық жиынтығымен қамтамасыз етіледі, әрбір оқушы үшін жеке шкафт, мобильді трансформер парталар орнату көзделеді;
  • мектептің ішкі кеңістігі эстетикалық тартымды, ұлттық нақышта безендіріледі;
  • әрбір мектеп заманауи пәндік кабинеттермен, интерактивті құрылғылармен жабдықталады, әрбір кабинет кем дегенде бір компьютермен, TOUCH/LED -экранмен жабдықталады;
  • оқу процесіне арналған зертханалар, Интеллектум кабинеттері, STEM-зертханалар көзделген;
  • еңбекке баулуды ұйымдастыру, білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін қажетті жабдықтары бар әмбебап шеберханалар мен студиялар, алғашқы кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер (тігінші, аспазшы, IT, ағаш шебері және басқалар) жоспарланған.
  • оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, оқу залы, медиатекасы, электронды кітапханасы бар әрбір қабатта оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлмелері көзделген.
  • мұғалімдер бөлмесі, рекреациялық аймақтар, кітапханаларда педагогтер үшін жабдықталған жұмыс орындары қарастырылады.

«ӨЗГЕ ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАСЫН ЖАРЫЛҚАЙ БЕРУДІ ДОҒАРУ КЕРЕК»

Айта кетейік, Қазақстандағы Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектеп құрылысы бойынша бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы Үкіметтің ұсынысын қолдаған болатын. Ал, сол мектептерге коммуникациялық желі тарту жергілікті әкімдердің мойнына жүктелген. Үкімет қаулысымен Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық жобаны іске асыру барысына мониторинг жүргізіп, барлық стейкхолдерлердің қызметін үйлестіріп отырады және Ұлттық жобаны іске асыруға Ұлттық экономика, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Жоғары білім, Цифрлық даму министрліктері, «Самұрық-Қазына» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ 20 өңір әкімдіктері жауапты болады.

Әкімдер мен министрліктердің жұмысына қатысты пікірін айтқан «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы, мәжілістегі фракция жетекшісі Елнұр Бейсембаев болса осы жайлы мектептердің құрылысына келгенде отандық өндірушілерге басымдық беру екенін алға тартты.

«Елімізде кез келген ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс кезінде барынша отандық өндіріс материалдары пайдаланылуы тиіс. «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруға 2,6 трлн теңге бөлінді. Бұл қаражат оқушы орындарының жетіспеушілігін шешіп қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс. Конкурстық құжаттаманы рәсімдеу кезеңінен-ақ отандық кәсіпкерді қолдау шаралары белгіленуі тиіс еді. Алайда, жобалау кезеңінің өзінде импорттық материалдарды пайдалану көзделіп, отандық тауарлар ысырылып қалып жатыр. Осыған байланысты тапсырыс алып, жұмысы жүретініне сеніп қалған салалық қауымдастықтардан түрлі шағым келіп түсуде. Сондай-ақ, материалдар, жиһаздар мен жабдықтар бойынша барлық сатып алу рәсімі құрылыс компанияларының құзыретіне берілген. Ал ірі бизнес өз пайдасын ғана ойлап отыр. Құрылыс материалдарын, шыны, жиһаз, техника өндіретін біздің кәсіпорындар жобаға қатысуы тиіс. Өзге елдің экономикасын жарылқай беруді доғару керек», - деді ол.

ҰЛТТЫҚ ЖОБАҒА ҰЛТТЫҚ ҚОР МЕН БЮДЖЕТ ҚЫРУАР ҚАРЖЫ БӨЛДІ

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, осы ұлттық жоба орындалу үшін Ұлттық Қор мен республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінгені белгілі болып отыр. Бұл қаражатқа барлығы 401 жайлы мектеп салынады.

«Осы Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, оқытудың үш ауысымдылығын және оқушы орындарының тапшылығын болдырмау мақсатында 401 жайлы мектеп салынады: оның ішінде 226 мектеп 2024 жылы іске қосылып, қалған 175 мектеп 2025 жылдың аяғына дейін қолданысқа беріледі.  Ұлттық жобаны іске асыруға 2023-2025 жылдар кезеңінде Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 2,6 трлн.тг. көзделген, соның ішінде құрылыс жұмыстарына 2,3 трлн. теңге, салынған мектептерді күтіп ұстауға 0,2 трлн. теңге», - Мәулен Айманбетов.

МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛАДЫ

Фракцияның кеңейтілген отырысына қатысқан депутаттар жобаның құрылысына жауапты «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының басшысына біраз сұрақ қойды. Оның ішінде әрине ең маңызды мәселенің бірі – сейсмикалық қауіпті аймақтарда салынатын мектептердің сапасы. Депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептерді оқушы саны бойынша бөлу мәселесіне назар аударды. Мәселен, 2500 оқушыға негізделген тек 3 ғимарат тұрғызылады. Оның біреуі Ақмола облысында, ал қалған екеуі Алматы қаласында салынады.

«Осы 2500 орындық мектептердің құрылысына алаңдаулымын. Алматы облысында 2500 бала оқитын мектептің қауіпсіздігіне қандай талап қоясыздар?»,- деді депутат Айманбетовке сұрақ қоя отырып.

«Жалпы, біз 5 климаттық аймаққа арналған 7 жобалық қуат бойынша 35 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. 2026 жылға дейін барлығы 401 мектеп салынады. Жалпы қызметтерді пайдалану ауқымы бойынша қазақстандық өнімнің үлесі шамамен 70-80%-ды құрауы тиіс. Мәселен, жиһаз жасайтын отандық компаниялардың 90%-ы тиісті техникалық сипаттама алған жағдайда мектеп жиһаздарын шығара алады. Біз құрылыс компанияларына уақтылы келісімшарттар жасасу және жиһазға тапсырыс беру бойынша талаптар қоямыз. Қызметті жеткізушілерден: 3 жылдан 5 жылға дейін қызмет көрсету туралы кепілдік және CT KZ сертификатының болуы талап етіледі. Ал, сіз айтып отырған мектептер бойынша айтсам, мұндай мектептердің жалпы қауіпсіздігіне қатаң талап қойылуы керек. Яғни, жер сілкінісіне төзімділік пен шұғыл эвакуация жасау мүмкіндігі мәселелеріне айрықша мән берілуі тиіс. Мұндай ғимараттардың аумағы да кең болуы керек. Сонымен қатар, тендерлерді бірнеше рет өткізбеу үшін құрылыстың кешігуіне жол беруге болмайды», - деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.

Фракция жиналысының қорытындысы бойынша Елнұр Бейсенбаев депутаттардың жұмысын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Ол «Жайлы мектеп» жобасын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.

ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАЛА ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕ ОҚУҒА ҚҰҚЫЛЫ

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жиынды қорытындылай отырып, отандық тауар өндірушілерді табыс табуға емес, әрбір бала үшін сапалы мектеп салуға шақырды.

«Әрбір қазақстандық бала заманауи мектепте оқуға толық құқылы. Әрбір оқушы 11 жыл бойы спорт залы бар, басқа да жағдайы жасалған дамыған мектепте оқуы керек. Бұл жерде отандық тауар өндірушілерге айтарым, бұл жобадағы басты мақсат – табыс табу емес, басты мақсат – тауар өндірушілердің жауапкершілігі. Яғни, сіз өндіріп, осы мектепке қоятын партада оқушы он бір жыл бойы білім алады, сіз берген арматура сол мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сіз салып жатқан мектепте оқыс жағдай болса, әрбір баланың өміріне қауіп төнбеуі керек. Яғни, «Жайлы мектеп» жобасында әрбір қауымдастық өз мүддесін емес, өзінің табысын емес, оқушының заманауи мектепте білім алу мүддесін көздеу керек», - деді сөзін түйіндеген ол.

Сымбат Молдатай