«Адай» жылқысы: Сенатор қазақ жылқысына ресми мәртебе беруді сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Сарапшылардың пікірнше, Президенттің Үкіметке тапсырған мәселе орнынан қозғалған жоқ

Қазіргі таңда Маңғыстау және ішінара Атырау облыстарында кеңінен таралған Қазақтың «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде сынау мәселесі өте өзекті болып отыр. «Адай» жылқысын жеке тұқым ретінде тану және оған ресми мәртебе беру мәселесі жуырда Парламент сенатының қабырғасында көтеріліп, проблемалық тұстары айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қазақтың «Адай» жылқысы Маңғыстау өңірінің қатал климаттық жағдайларына өте жақсы бейімделуімен ерекшеленеді және ыстық-құрғақ климатқа шыдамды, сондай-ақ ұзақ қашықтыққа жүгіруге өте төзімді болып келеді. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған 1200 шақырымдық «Ұлы дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс марафонындағы Адай жылқылары жеңіске жеткен болатын.

 «АДАЙ» ЖЫЛҚЫСЫН ДЕРБЕС ТҰҚЫМ РЕТІНДЕ МОЙЫНДАУҒА КЕДЕРГІ КӨП

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан аса уақыт өтсе де, әлі күнге дейін «Ұлы даламызда» жүрген Ұлттық құндылық болып саналатын жылқы жануарына тиісті баға берілмей жатқанын алға тартып, Қазақ жылқы тұқымының ішінде «Адай» жылқысы «тұрпат» түрінде жүргенін және «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде мойындауға кедергі келтіріп тұрған бірнеше себепті атап өтті.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР Заңының 28-2-бабы бойынша еліміздің жылқы шаруашылығы саласында тек екі палата жұмыс істеуге міндетті. Біріншісі - спорттық бағыттағы зауыттық тұқымдар бойынша болса, екіншісі - өнім бағытындағы (ет, сүт) жылқылардың жергілікті тұқымы болуға тиіс. Алайда, қазіргі таңда өнім бағытындағы жылқылардың жергілікті тұқымы бойынша 4 палата жұмыс істейді. Республикалық өнімді жылқы тұқымдары палатасы; «Жебе қазақ жылқылары» Республикалық палатасы; «Qazaq jylqysy» Республикалық жылқы өсірушілер палатасы; «Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының» Республикалық палатасы. Осындай палаталардың көп болуының салдарынан жылқы тұқымдарына берілген «тайпалық мәртебелер» мен «куәліктер» жарамсыз - деп есептелінеді. Сондықтан, «Дара тұқым» деп тануға ұсынылған жылқылар пайдаланушылық деңгейдегі (асыл тұқымды емес) жылқылар болып қалып отыр», - деді Бекбол Орынбасаров.

Сенатордың айтуынша, қазір еліміздің аумағында осы тұқымға жататын 90 мың бас жылқы бар.

«Қазіргі таңда Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жүргізген ғылыми-экспедициялық зерттеулердің қорытындысы бойынша Адай типтік жылқының саны 90 мыңға жуық. Аталған жылқыны өз бетінше дара тұқым ретінде сынау үшін институт ғалымдары үш өнімді зауыт желісі құрылған болатын. Жалпы селекциялық, асыл тұқымды жұмыстар жүргізуге институт 2022 жылы өзінің бюджеттен тыс қаражаты есебінен 20 млн теңге бөлді. Бұл қаражат алдағы міндетке қол жеткізуге жеткіліксіз. Негізінде селекциялық жұмыстарды ұйымдастыруға кемінде 300 млн теңге көлемінде қаражат қажет. Өйткені тек қана CNP арқылы гендік типтеу жұмыстарын жүргізуге 1800 бас референттік топты бөлу үшін орта есеппен 160 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады», - деді сенатор

Argymaq.kz сайтының бас редакторы Ержан Жаубай Адай жылқысын тұқым ретінде тіркетудің өзі кемінде 25-30 жылды қажет ететіндігін айтты. Сонымен қатар, ол тапсырма қалай орын алатындығы күмән туғызады. Себебі агро шаруашылық техникалық университеттерінің базасында жылқытану факультеті тұрмақ, жылқытану кафедрасы жоқ. Бұл дегеніміз жылқыны түбегейлі зерттейтін жылқытанушы ғалымдар жоқ деген сөз. Десе де, егер бұл тұқым тіркелсе ұтарымыз көп болады дейді.

«Бұл жылқының бір ерекшелігі өзінің демін басуды өте жақсы меңгерген жылқы. Мысалы, жүз шақырымға шауып келіп, бір-екі сағаттың ішінде жаңағы өзінің қанын, жүрек қағысын бірден қалыпқа келтіріп алуды меңгерген жануар. Бұл біздің алыс дистанцияға шабатын бәйгелерімізді дамытуға және мың шақырымдық әлемдік марафондарға ешқандай қысылмай, қымтырылмай апара беруге болатын жылқы. Сол бағытта бұны дамытса қазақтың ұтары көп деп ойлаймын», - дейді журналист. 

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған 1 200 шақырымдық «Ұлы дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс марафонындағы Адай жылқыларының жеңіске жеткені осының дәлелі болса керек.

«АДАЙ» ЖЫЛҚЫЛАРЫНЫҢ ГЕНЕАЛОГИЯЛЫҚ ЖЕЛІЛЕРІ СЫНАҚТАН ӨТІП ПАТЕНТТЕЛГЕН

Сенатор аталған жылқының генеалогиялық желілері патенттелгенін бұл жылқыға дара тұқым мәртебесін беруге жаңадан зауыттық селекция жолымен шығарылған жылқы тұқымына қойылатын талаптар қоюға ешқандайда негіз жоқ екендігін айтты.

«Туындаған қиындықтарға қарамастан жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтардың күш-жігерлерінің арқасында, қазіргі таңда «Есболай жирен», «Есболайторы» және «Амандықторы» секілді Қазақтың «Адай» жылқыларының генелогиялық желілері 2010 жылы сынақтан өтіп, патенттелді (патент154, 157, 158). Бұған қоса, елімізде бірнеше рет кешенді бағалау стандарттары (соңғысы 2009 жылы) жүргізілген», - деді ол.

Ұлттық агроқозғалыстың төрағасы, ауылшаруашылығы сарапшысы Алмасбек Садырбаев осы мәселені Қазақ шаруаларының құрылтайында осыдан екі жыл бұрын көтергенін айтты. Оның айтуынша, Адай жылқысын асылдандыру, соның тұқымын белгілеу жұмысын бастаған дұрыс, бірақ, біз оған әлі дайын емеспіз.

«Адай жылқысы болсын, осы іспеттес басқасы болсын бұның барлығы бір жағынан жүргізілетін агро ғылым. Осы отыз жыл бойы агро ғылымға деген назар өте төмен болды. Соның салдарынан ғылым қаржыландырылмағаннан кейін өзіміздің ғалымдардың мәртебесін, деңгейін ойламағаннан кейін осындай жағдайға жетіп отырмыз. Өйткені ғылым деген бір тұқымды шығару. Мәселен,  Адай жылқысының тұқымын шығару ол деген ондаған жыл еңбекті талап етеді. Сонымен қоса технология жағынан да қалып қалдық. Жаңағы Адай жылқысының бүгінгі күнге дейін ДНҚ-сын кім зерттепті, ғылыми түрде зертханаларда ДНҚ-сындағы ұқсастығы, ерекшелігі осыны біреу зерттепті ме? Әлде тек қана зоотехникалық нормаға салынып алып, тек қана мынаның түрі, типі келіп тұр деп бекітіп жатыр ма екен? Бұл жылқыны қалай бекітіп жатыр? Сол жағы сұрақ болып тұр. Бұл деген өте терең мәселе, өте қомақты қаражатты қажет етеді. Және адами, ғылыми потенциалды қажет ететін сала», - деді ол.

Бекбол Орынбасаров бұл мәселені жүзеге асыруға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі тапсырма берсе де, әлі күнге дейін іске асырылмай отырғандығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде, Қазақтың «Адай» жылқысының жетістіктерін ескере отырып, Үкіметке Қазақ халқының ұлттық бренді - деп тану мақсатында тиісті шараларды қабылдауды тапсырған болатын. Бұл бағытта, Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында бірқатар хат алмасу жұмыстары да жүргізілді. Ресми хаттарға формалистік бюрократиялық жауаптар алынды, бірақ мәселе бір орнынан қозғалған жоқ. Нәтижесінде мемлекет басшысының тапсырмасы белгісіз себептермен іске асырылмай отыр», - дейді.

Сенатор аталған мәселелерді шешу үшін жоғарыда айтылғанның негізінде мынадай шешу жолдарын қарастыруды ұсынды:

  • Қазақтың «Адай» жылқысын  өз алдына дара тұқым деп танып, ресми «тұқым» беру мәртебесін қарастыру.
  • Жылқы шаруашылығы жөніндегі Республикалық палаталардың қызметтерін ретке келтіру.
  • Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен халықтық селекция жолымен дүниеге келген «Қазақ бактриан» түйесі, «Еділбай» қойы т.б. тарихи мал тұқымдары сияқты, Қазақтың «Адай» жылқысын еш кедергісіз оның таралу аймағын белгілеу.
  • Қазақтың «Адай» жылқысы тұқымының асыл тұқымдық өнімдік және спорттық қасиеттерін жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған пәрменді ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеп жүзеге асыруды қолға алу.

Қазақтың «Адай» жылқысын өз алдына дара тұқым деп танып, ресми «тұқым» мәртебесін беру еліміздің ауылшаруашылығына әкелер пайдасы көп болары анық. Алайда бұл қаржы мәселесі мен бірнеше жылдық уақытты талап етеді.

Айжан Жанатқызы