«Инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылуда?»: Астана қаласы Білім басқармасының бас маманымен сұхбат

Azattyq Rýhy

Бүгінде 13 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 209 студент оқиды

«Инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылуда?»: Астана қаласы Білім басқармасының бас маманымен сұхбат

Астана қаласының 84 мектебінде әртүрлі диагнозбен 1500 ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала оқиды. Оның ішінде сөйлеудің бұзылуы, психикалық дамудың кешігуі, көру, есту қабілетінің бұзылуы және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар оқушылар. Қазіргі таңда қалада екі аутизм орталығы, мектептерде 25 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, 3 арнайы мектеп қызмет көрсетуде.

Елімізде әрбір баланың жалпы мектепте білім алуға құқығы бар. Инклюзивті білімге байланысты көптеген ата-аналарға ақпарат беру мақсатында Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістемелік бөлімінің  бас маманы Гүлшат Исинова Azattyq Ruhy тілшісіне  инклюзивті білім туралы тереңірек айтып берді. Мұндай білімде бала емес, мектеп баланың қажеттіліктеріне бейімделуі керек дейді маман.

Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты - даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқытып, білім беру.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеусіз және олардың білім алу қажеттіліктерін бағалаусыз инклюзивті білім беру туралы айтуға болмайды. Ерекше білімді қажет ететін балалар мектепке Психологиялық-медициналық педагогикалық консультацияның қорытындысы бойынша шыққан арнайы анықтамамен келеді. Баланың бойынан ерекшелік көрген ата-ана ПМПК-ға барғаны жөн. Қазіргі таңда елордада 6 ПМПК жұмыс істейді. Ағымдағы жылы  тағы біреуін ашу жоспарлануда. Көп жағдайда ата-аналар Психологиялық-медициналық педагогикалық консультация мен Психикалық-педагогикалық түзеу кабинеттін шатастырып жатады.

«Психологиялық-медициналық педагогикалық консультация ерекше білім беру қажеттіліктерін анықтау және бағалау мақсатында туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін анықтап, жалпы білім беру мен арнайы білім беру ұйымдарында оларды қанағаттандыру жөнінде ұсынымдар беру, білім беру бағдарламасының түрін белгілеу, оларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша отбасына кеңес беру, балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша мұғалімдерге, тәрбиешілерге, мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарының мамандарына консультациялық-әдістемелік көмек көрсету қызметтерін жасайды. ПМПК - дан кейін Психикалық-педагогикалық түзеу кабинеті дейміз, яғни психофизикалық дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Сөйтіп, баланың анықтамада көрсетілген диагнозына байланысты оқу бағдарламалары беріледі. Әр баланың диагнозына байланысты оқу жүктемелері жасалады, яғни бала қандай сабақтар оқуы керек, оны қалай өту қажеттігі белгіленеді. Егер қосымша мамандар қажет болса, оларды да сағат бойынша бөліп береді. Осылайша әр баланың сабақты игеруіне жағдай жасалады. Олар қалыпты сыныпта отырады, мектептің қалыпты оқушысы ретінде саналады. Себебі ерекше балалар барлық баламен бірге жүріп, әлеуметтенуі керек. Мысалы, диагнозына қарай БЦС (ДЦП), аутизм болса да бір сыныпта балалармен бірге білім алулары қажет. Оларға мұғалімнен бөлек тьютер көмектеседі, - дейді маман.

Педагог-ассистент ПМПК-ның ұсынымы бойынша ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жасайды. Сондай-ақ жеке білім беру және дамыту бағдарламаларын құрастыруға қатысады, сабақ кезінде балаға көмек көрсетіп және баланың өмір сүру қауіпсіздігі мен денсаулығының қажетті жағдайларын сақтайды. Белгіленген нысан бойынша есептік құжаттаманы жүргізеді.

Гүлшат Шайзадинқызы мектепке дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін балаларды да назардан тыс қалдырмады. Олардың балабақшаға қалай орналасатынын түсіндіріп өтті.

«Балабақшалардағы инклюзивті білім беру мәселесі соңғы 3 жылда қолға алынып, дамып келеді. Өкінішке қарай, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының арту тенденциясы байқалады. Осыған қарамастан Білім басқармасымен барлық мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беруді дамыту жолға қойылған. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы 3 балабақша жұмыс істейді. Ол балабақшаларда дамуында әртүрлі бұзушылықтары кездесетін 336 бала тәрбиеленуде.  Сондай-ақ 56 мемлекеттік балабақшада 700-ден астам баланы қамти отырып, инклюзивті топтар жұмыс жасауда. 24 мемлекеттік балабақшада 530-дан астам баланы қамтитын, арнайы топтар жұмыс жүргізеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды балабақшаларға «Индиго» электрондық жүйесі арқылы ата-аналар өздерінің жеке кабинеті арқылы жолдама алып, орналастырады. Арнайы балабақшалар мен топтарға жолдама алу үшін баланы «Индиго» электрондық сайтында коррекциялық кезекке қояды. Ал инклюзивтік топтарға орналастыру үшін, жалпы білім беретін топтарға жолдама алады. Балабақшаның психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі балаға мінездеме беріп, Психологиялық медициналық педагогикалық комиссияның қорытындысын алу үшін ата-анаға ұсыныс береді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар жергілікті бюджет есебінен балабақшаларға тегін негізде қабылданады», - деп нақтылады ол.

ҚР Білім және ғылым министірінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 6 бұйрығын негізінде Астанада №60 «Арай» балабақшасында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі 2022 жылдың 17 қарашасынан бастап жұмыс жасап жатыр. Балабақша бойынша 18 бала инклюзивті білім алумен қамтылған.

«Психологиялық медициналық педагогикалық комиссия қорытындысы негізінде балабақша штатына - психолог, логопед және дефектолог мамандары енгізілген. Мамандар балаға берілген қорытынды бойынша жеке дамыту -түзету бағдарламасын әзірлейді. Баланның өзгерістерін диагностика жасау арқылы қадағалайды. Қазіргі таңда балаларға балабақшада барлық жағдай жасалған. Мәселен, аталған балабақша «Smart sabi» отандық өнімді қолдай отырып, жұмыс жасауда. Өндірушіден алынған нейрожаттығулар, дамытуға  арналған ойыншықтар қауіпсіз материалдан жасалған. Аталған ойыншықтарды психолог, логопед, дефектолог және тәрбиешілер ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде де қолдана алады. Тағы бір ерекшелігі - ойыншықтар логиканы, зейінді дамытуға, арналған ойыншықтар болған соң, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасағанда жақсы нәтиже көрсетуде», - деді Гүлшат Исинова.

Қаланың колледждерінде де  ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін тең жағдайлар және кедергісіз қолжетімділік жасалған. Кіру пандустары, жарық сигналдары, шақыру түймесі, санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес жуынатын бөлмеге дейін бар.

«Бүгінгі таңда 13 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 209 студент оқыса, арнайы топтарда 108 адам білім алады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар колледждерде интерьер дизайны, тігін ісі, наубайхана өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылыстар салу мамандықтары бойынша оқиды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға арналған оқу бағдарламасы жалпы бағдарламадан өзгеше. Олар үшін тиісті кадрлық қамтамасыз етуді (сурдоаудармашылар мен тьюторлар), қолжетімді орта құруды қоса алғанда, оқыту үшін арнайы жағдайлар жасалған. Үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары негізінде бейімделген оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді. Біз үшін ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де өзекті болып қала береді. Айта кетейін, 2022 жылы 7500 студент колледж бітіріп шықты. Оның ішінде 38 адам ерекше білім беру қажеттіліктері бар, оның 23-і өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылды», - деді маман.

Педагогтерді инклюзивті білім беру бойынша әдістемелік сүйемелдеу  және озық іс-тәжірибелерді тарату мақсатында іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ, педагогтердің білімін үнемі жетілдіріп тұрамыз дейді бас маман.

«Инклюзивті және арнайы білім беру бойынша педагогтер біліктілікті арттыру курстарынан үнемі өтіп отырады. Атап айтсақ, 2021-2022 оқу жылында  мемлекеттік тапсырыспен – 1128  педагог,  2022-23 оқу жылында  - 64  педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ата-аналар ертерек ПМПК-ға барып кеңес алса,  ерекше балаларының денсаулықтары түзеліп кететіндігін есте ұстауы керек. Бір айта кетерлігі, қазір елордада балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүргізіліп жатыр. Мектепке қабылдау ерекше білімді қажет ететін балалар үшін де жалпы негізде жүргізіледі. Алайда құжаттарды тапсыру кезінде ата-аналар барлық құжаттарды, соның ішінде ПМПК қорытындысын да ұсынуы қажет. Сол кезде балаға өзіне сай оқу бағдарламасы ұсынылатын болады. Тьютер де көмекші ретінде беріледі. Мұның өзі ерекше балалар үшін білім алуына едәуір жеңілдігін берер еді», -  деп сөзін аяқтады қалалық Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.