Аналар ер азаматтың жүгін өз мойнына артып алды. Бұл тенденцияны жою керек – «Аналар мектебінің» төрайымы

Azattyq Rýhy

Ардақ Игенова айтуынша, бұл жақсылықтың нышаны емес

Аналар ер азаматтың жүгін өз мойнына артып алды. Бұл тенденцияны жою керек – «Аналар мектебінің» төрайымы

Бүгінгі қоғамның балалары тым ерке болып өсіп келеді. Мектептердегі оқушылардың тарапынан болатын дөрекіліктер де осының дәлелі. Қит етсе мұғалімді жұмыстан шығару да әдетке айналып барады. Алайда кінәлі тек ұстаз ғана емес, оқушы да болуы мүмкін. Сондықтан да тәрбие ұрпақ өскелең ұрпаққа әбден керек. 

Осы орайда қоғамның тыныштығы мен берекесіне өз пайдаларын тигізу мақсатында Астана қаласы Білім басқармасы жанынан Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Аналар мектебі» жұмыс істеп келеді.

Астана қаласының «Аналар мектебінің» төрайымы Ардақ Игенова Azattyq Ruhy тілшісіне аналар мектебінің жұмысын айтып берді.

«Қазіргі қоғамда балаларды тәрбиелеудің  маңыздылығын ескере отырып, кез келген шығармашылық, білім беру ісінде аналарды қолдау мақсатында  2020 жылы «Аналар мектебін» құрған болатынбыз.  Мектеп құрамында 200-ге жуық  белсенді аналар бар. «Мәңгілік ел бесігі ананың жүрегінде» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып орасан зор жұмыстар атқарып келеміз. Әйел адамның басты мақсаты өмірге ұрпақ әкеліп, оған дұрыс тәрбие беру. Отан отбасынан басталады емес пе? Мұнда жас аналарға өмірлік сабақ болатын ғибратты дүниелер айтылады. Осындай ақыл кеңес беретін орталықтарымыз барда қыздарымыз ұялтпайды деген ойдамын. Біздің әр күніміз ертеңгі ұрпақпен тығыз байланысты өту керек. Ұрпақ сабақтастығы берік орнаған қоғамда ғана тыныштық, береке, бірлік сыйластық болары сөзсіз. Біздің мақсат ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Егеменді еліміздің білімді, тәрбиелі, саналы, салиқалы ұл-қыздарын өсіруге өзіміздің үлесімізді қосу. Сондықтан, Астана қаласындағы «Аналар  мектебі» тәрбиенің бастауы деп білемін».

«Аналар мектебінің» төрайымы Ардақ Қайырқызы әке беделін көтере отырып, аналармен жұмыс істеу басты мақсатымыз дейді.

«Әкені құрметтеуге, қоғамда әкенің абырайын асқақтатып, олардың беделінің биік болуы маңызды. Рухты ұлдарымызды тәрбиелеуде әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға үлес қосып, әке рөлін көтеру мақсатында жұмыстар атқарып келеміз. Бір әкенің мектебін жүз мектеп бере алмайды деген сөзді халқымыз да бекер айтпаған. Әрбір ана, өзінің үйдегі ер азаматын құрметтеп, балаларына өнеге көрсетсе сонда ғана келешек отанымызды қорғайтын ұлдарымыз бен ақылды қыздарымыз өсіп шығады. Халқымыз сондықтан да әкені, ер азаматты ерекше құрметтеген. «Әке асқар тау, Ана бауырындағы бұлақ, Бала жағасындағы құрақ» дейді ғой, жалпы осы біздің мақсатымыз ұстаздармен ата-аналармен біріге отырып келешек ұрпағымыздың бойына барлық жақсылықты, адамгершілік пен мейірімді сіңіру. Оған аналар мектебі арқылы үлес қосу», - деді Ардақ Игенова.

Елорданың бірқатар мектептерінде Аналар мектебі бар. Мұның өзі Астана қаласы Білім басқармасының аналарға бей-жай қарамайтындығының көрінісі болса керек. «Мен де әже ретінде көрген-білгенімді, жас аналарға өнеге беру мақсатында тәжірбиеммен бөлісіп келемін» дегенді алға тартты Ардақ Игенова.

«Мен екі баланың анасымын. Үш немерем бар. Балаларым жоғары оқу орнын бітірген. Жақсы жерлерде қызмет істейді. 20 жасымнан ата-анамнан айырылып, артымнан ерген 7 бауырыма қамқор болып, өмір  айдынында олардың өз орындарын табуына үлес қостым. Қазір үлкен әулеттің әжесімін. Және бүгінгі таңда келешек ұрпақтың саналы, салиқалы болып өсуіне Аналар мектебі арқылы үлесімді қосып отырмын. Тек менің балаларым ғана емес, барлық балалар, білімді болса екен деймін. Сол себепті, немерелерімді шығармашылық, танымдық  бағыттарында қалыптасуы үшін, 5 жасынан Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайына әкелдім. Вокал, лингвистика, хореография, телерадио, журналистика үйірмелеріне қатысып, көптеген жарыстарда жүлделі орындарға ие болды».

Ардақ Қайырқызы үш жылдың ішінде өте көптеген шаралар ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

«Аналар Оқушылар сарайымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Шығармашылық ұжымдармен бірлесіп өнер көрсетеміз. Жыл сайын атаулы мерекелерде үлкен шаралар өткізіп тұрамыз. Соның ішінде Наурызға арналған іс-шара дәстүрге айналды. Осындай жобалардың аясында  сахнада ана мен баланың бірге өнер көрсетуі, спорттық және әр түрлі пікірталас туғызатын дөңгелек үстелдерде, кездесулерде аналар мен балалардың бірге қатысуы отбасылық қарым-қатынасты нығайта түседі. Әртүрлі тақырыптарда қоғамда орны бар аналармен кездесу өткізіп, тренинг, семинарлар жиі ұйымдастырылып тұрады.  Мысалы, «Отбасындағы үйлесімділік құпиялары», «Өзіңді махаббатта қалдыру», «Махаббат күші» одан өзге ата-аналардың қолдауымен және оқушылар сарайының аналарының қатысуымен "Қайырымдылық керуені" атты қайырымдылық акциялары өткізілді».

Заман ағымымен қазіргі таңда көптеген аналар жұмысбасты екенін көріп отырмыз. Жасыратын жоқ, олардың кейбірі күнкөріс қамымен балаларға керек деңгейде көңіл бөле алмайды. Бала тәрбиесінің осы орайда ақсап жатқаны байқалады. Әйелдер қауымы ер азамат көтеретін жүкті мойындарына алып алғаны да шындық. Ардақ Игенова айтуынша, бұл жақсылықтың нышаны емес. Қазір көп жауапкершілік аналардың мойнына артылып кеткендей. Көптеген әкелер бала тәрбиесінде барлық жауапкершілікті анаға беріп қойғаны да рас. Мәселен, жиналысқа көп болса бір-екі әке ғана келеді.

«Бұл тенденцияны жоюымыз қажет. Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен де бала тәрбиесінде аналарға үлкен жауапкершілік түсетіні рас. «Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы!»,- демекші ең алдымен үйдегі ата-ананың орны ерекше. Сол себепті бала тәрбиесіне ана мен әке бірдей атсалысуы керек. Қазақ халқы ежелден «Әке көрген-оқ жонар, шеше көрген –тон пішер» деп қыз баламен, ер баланың тәбиесінің екі жақтан, яғни әке мен анадан бірдей болуы шарт екенін айтып кеткен. Ер бала әкесіне қарап өссе, қыз бала анасына қарап бой түзейді. Отбасында баланың тәрбиесіне әке де , ана да жауапты. Тоқсан ауыз сөздің түйіні, бала ата-анасының махаббатына бөленіп өсуі керек», - дейді Ардақ Игенова.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде бүгінгі балалардың шектен тыс еркелігін сынға алды.

«Мектепте бірнәрсе болса ата-ана байыбына бармай мұғалімді кіналап шығады. Балаларын қатты еркелетіп жіберген. Соның салдарынан бала оқымай, өз бетімен кетпей ме деген сұрақ туындайды. Сол үшін де аналармен жұмыс жасалынып, баланы рухани үйлесімді дамытуда,  ата-ана мен мектептің арасында тығыз байланыс болуы керек. «Ұстаз - ұлы есім». Ұстазды құрметтеуді баланың санасына сіңіре білу қажет. Егер ата – ана баласын саналы, адамгершілігі мол, рухани жағынан жетілген, еңбекқор етіп тәрбиелесе, онда еліміздің болашағы жарқын деп айта алар едім. Кейбір ата – аналар өз перзенттерін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай көңіліне қарап тәрбиелейді немесе отбасындағы өнегелі тәрбие мөлшеріне немқұрайлықпен қарайды. Ал мұндай көріністер баланың бойында кері қасиет пайда болуына тікелей себеп болады. Сондықтан үйде ата – ана, мектепте ұстаз бала жүрегінен жол табатындай тәрбиелік мәні зор еңбек етуі керек», - деді Ардақ Игенова.

Екі баланың анасы, әже, қоғам қайраткері бала тәрбиесінде сәл қаталдау екенін де жасырмады. Тәртіп бар жерде даму, өсу болады дейді. 

«Қазіргі жас ұрпақ ұялы телефон пайдаланатыны белгілі. Дегенмен шектеу қойған дұрыс деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде көптеген керекті, керексіз ақпараттар өте көп. Соны сүзгіден өткізіп, тек пайдалы ақпараттарды ғана өз қажетіне жарата білгені жөн. Өз басым, немерелеріме бос уақыт бермеймін. Мектептен алатын білімдерімен қатар, еңбек, шығармашылыққа баулимын. Барлық аналарды осыған шақыратын едім.

Балаларды қорғау күніне орай Аналар мектебі  Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының аналарының қатысуымен форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы жаңа оқу жылына жасаймыз деген жобаларымыз өте көп. Оның біріншісі, қала мектептері аналарының ортақ ұйымын құру. Осы ұйым арқылы бала тәрбиесіне арналған іс-шаралар өткізу. Алдағы уақытта жұмысымызды одан әрі жандандырып, жас аналар мен жалғызбасты аналарға қолдау көрсетеміз деген ойымыз бар. Адамның көптеген көзқарасы мен ұстанымы отбасында тәрбиеленеді. Аналар мектебінің басты мақсаты – аналарға үлгі-өнеге көрсету болса, әр ана отбасында қоғамға пайдасы бар, білімді ұрпақ тәрбиелеуі керек», - деп сөзін тәмамдады Ардақ Қайырқызы.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.