$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2023, 19:19
Қоғам

Шетелдік кәсіпкерлер: визасыз иммигранттардың 4,1 млрд теңге берешегі бар

7,5 мың шетелдіктің 1,1 мыңы ғана бизнес-иммигрант ретінде кіруге виза алған

Шетелдік кәсіпкерлер: визасыз иммигранттардың 4,1 млрд теңге берешегі бар

Елімізде шетелдік кәсіпкерлердің ісінде соңғы уақыттары шикілік жиі байқалып жүр. Кәсіпкерлерге жасалатын түрлі жеңілдіктер олардың заңсыз әрекеттеріне белгілі бір деңгейде тосқауыл қоя алмай отырғандай. Бұл мәселе жуырда Парламент Сенатының қабырғасында көтеріліп, резонансты тұстары айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қазақстанда соңғы жылдары, әсіресе коронавирус пандемиясынан кейін мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға көбірек күш пен көңіл бөлініп келеді. Сәйкесінше елімізде бизнесті ашу және жүргізу бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдетілді. Сәйкесінше шетелдіктердің Қазақстан аумағында бизнес жүргізуге деген қызығушылығы да арта түсті.

Дегенмен шетелдіктердің тиісті виза алмай кәсіпкерлік қызметпен айналысуы заңсыз болып саналады. Мәселен, «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 40-бабы 2-тармағының 2-тармағы бойынша бизнес-иммигранттар ретінде кіруге виза алмаған шетелдіктерге коммерциялық ұйымдардың құрылтайшылары мен қатысушылары болуға тыйым салынады.

БИЗНЕС-ИММИГРАНТ ВИЗАСЫН АЛУ ТӘРТІБІ

Сонымен бизнес-иммигрант ретінде виза алу тәртібі қандай? Dos-immigration.kz мәліметіне жүгінсек, визаның бұл түрі С5 категориясына жатады әрі ол бір реттік және көп реттік болып бөлінеді.

Бір реттік – 90 тәулікке дейін, көп реттік – 2 жылға дейін, этникалық қазақтарға – 3 жылға дейін беріледі. Болу кезеңіне визаның бүкіл қолданылу мерзіміне жол беріледі.

Мәселен, жоғарыда көрсетілген қағидаларға 1-қосымшаның 31-тармағына сәйкес бизнес-көшіп келуші ретінде кіруге арналған виза С5 санатындағы виза болып саналады және оны шақыру негізінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері мынадай құжаттар болған кезде береді:

өтініштер;

Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салатын аурулардың жоқтығын растайтын медициналық анықтама;

медициналық сақтандыру;

соттылығының жоқтығы туралы анықтама;

сот шешімі негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынбағаны туралы анықтама.

Шетелдік кәсіпкерлердің ісіне ел тұрғындарының белгілі бір деңгейде көңілі толмайды.

«Елімізде шетелдік бизнесмендер ашқан бірнеше дәмхана мен мейрамханаға бардым. Байқағаным, қазақ тілінің құқығы жиі тапталып жатады. Мәзірлерінде бірауыз қазақша сөз жоқ мейрамханаларды көрдім. Орысша, ағылшынша және мекеме иесі қай елден болса сол елдің тілінде жазылып тұрады. Әсіресе түркиялық кәсіпкерлерден жиі байқаймын. Соның салдарынан қарапайым сорпа тамағы жұрт арасында «чорпа» деп аталып кетті. Ал «Ташкент шәйі» дегеннің бұл өмірде барын өзбек ағайынның өзі білмейді. Ал мекеменің атауы көбіне басқа тілде аталады. Астанаға жолыңыз түссе неше түрлі атаулы мейрамханаларды көресіз. Қазақстан емес басқа мемлекетке түсіп кеткендей әсерде қаласыз», - дейді Қарағанды облысының тұрғыны Әсел Жылқыбай (автордың қалауымен аты-жөні өзгертілді).

ШЕТЕЛДІК КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕРІ

Жуырда Парламент Сенатының қабырғасында шетелдік кәсіпкерлердің мәселесі талқыланып, заңсыз әрекеттерінен келетін зардаптар туралы айтылды.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 34-бабына сәйкес бизнес-иммигранттар – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер.

«Заңның 40-бабына сәйкес бизнес-иммигрант ретінде келуге виза алмаған шетелдіктерге заңды тұлға құруға және коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына олардың қатысушыларының құрамына кіру жолымен қатысуға тыйым салынады. Аталған талап Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің азаматтарына қолданылмайды.

Көп жағдайда шетелдіктер заңды тұлғаны бизнес-иммигрант визасын алмай-ақ тіркейді. Республика бойынша резидентрезстердің қатысуымен 18 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген, оның ішінде ЕАЭО елдерінен - 10 мыңнан астам азамат, қалған 7,5 мың - басқа елдердің резиденттері. Сонымен қатар, 7,5 мың шетелдіктің 1,1 мыңы ғана бизнес-иммигрант ретінде кіруге виза алды, қалған 6,4 мыңында бұл виза жоқ», - дейді сенатор Андрей Лукин.

Депутаттың айтуынша негізінен үшінші елдің азаматтары заңды тұлға құрғаннан кейін елден кетіп жатады. Проблема міне осы тұста басталады. Олар құрған компаниялар жалған шот-фактураларды жазып беру, салық төлеуден жалтару және қаражатты көлеңкелі айналымға шығару схемаларында жиі қолданылып жатады.

Мысалы, 2019 жылдың сәуір айында Молдова азаматтары (Леонов С. және Чучулан О.) құрған компаниялар («АКС Logistic» ЖШС, «Amanat Logistic», «Fresh Day company» және «Tranco Ltd») жалған шот-фактураларды жазу бойынша қызметке тартылды. Олардың контрагенттеріне қосымша есептелуге жататын салық сомасы 670 млн теңгені құрады. Бұл азаматтар осы жағдайлар анықталмай тұрып, елден кетіп қалған.

Бұл жағдай Украина азаматының қатысуымен де болған көрінеді. Украиналық Сенников Е. бизнес-иммигрант визасын алмай жатып «WestEastContract» ЖШС құрып алған және «Merchant Distribution» ЖШҚ-мен жалпы сомасы 2,4 млн АҚШ долларын құрайтын тауарларды жеткізу жөнінде келісімшарт жасаған.

Дегенмен «Merchant Distribution» ЖШҚ тек 1,7 млн АҚШ доллары болатын тауар жеткізген, ал қалған сома сол қалпы қайтарылған жоқ. Кейінірек Сенников Э. елден кетіп, сол күйі оралмады.

«Визасыз бизнес-иммигранттардың 198 компанияға жалпы сомасы 4,1 млрд теңге бойынша берешегі бар, 1,5 мыңнан астамы тіркелген жері бойынша болмаған, ал 2 мыңға жуық фирма әрекетсіз отыр. Дегенмен бұл да жағдайды толық көрсете алмайды.

Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес (29.06.2017 ж. №4) Мемлекеттік кіріс органдары заңды тұлғаны құру кезінде жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға жол берілуіне байланысты оны тарату туралы талап қоюға құқылы (Азаматтық кодекстің 49-бабы 2-тармағы). Осындай бұзушылықтардың бірі - заңды тұлғаны құрған шетелдіктің бизнес-иммигрант визасын алмауы. Алайда, мемлекеттік кірістер органдары белгіленген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуді тану жөніндегі шараларды Республикалық маңызы бар облыстар мен қалаларда барлық жерде қабылдаған жоқ», - дейді Сенат депутаты.

Сенатордың айтуынша «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның талаптарына қарамастан «Азаматтарға арналған үкімет» аумақтық бөлімшелері бейінді нормативтік актілерден бас тарту үшін негіздердің жоқтығына сілтеме жасай отырып, бизнес-иммигранттық визасы жоқ шетелдіктерге заңды тұлғаларды тіркейді.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңының 11-бабында бизнес-иммигранттың визасы болмаған кезде заңды тұлғаны тіркеуден бас тарту негіздемесі көзделмеген. Қалыптасқан жағдай шетелдік азаматтардың күмәнді заңды тұлғаларды құруына ықпал етеді, олар кейіннен ақша қаражатын көлеңкелі айналымға шығару схемаларында қолданылады.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес бизнес-көші-қон призмасы арқылы арнайы кейстер әзірлей отырып, қызмет көрсету саласының, оның ішінде басым салалардағы қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті өндірістер мен кәсіпорындарды құру үшін Қазақстанды инвестициялар салудың сұранысқа ие объектісіне айналдыру жоспарланып отыр. Алайда, жоғарыда келтірілген түйткілді мәселелерден кейін оның жұмыс істеуі екіталай», - дейді ол.

Депутат аталған мәселелерді шешу үшін жоғарыда айтылғанның негізінде мынадай шешу жолдарын қарастыруды ұсынды:

Бизнес-иммигранттарға салық салу және көші-қон мәселелері бойынша ведомстволық бақылауды күшейту;

Салық төлемдері мен қызметті жүргізудің заңдылығы тұрғысынан бүкіл ел бойынша бизнес-иммигранттардың тікелей қатысуымен компаниялар мен фирмаларға аудиторлық тексерулер жүргізу;

Бизнес-иммигранттармен құқықтық қатынастарды реттеу тетігін жетілдіру бойынша заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасау.

Елімізде кәсіпкерлерге қолдау жасап, өркендеуіне жол ашу мемлекеттің дамуына алып келері белгілі. Бірақ ниеті алабөтен шетелдік бизнесмендердің заңсыз әрекетіне жауапты органдар дер кезінде тосқауыл қойып, теріс әрекеттерінің алдын алуы қажет.

Марья Айдарбаева

Серіктес жаңалықтары