«Сабақты зерттеу: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа» І Ұлттық конференциясы өтті
Шараны NIS Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырды
Ауқымды шараға ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, Азияда білім беру жаһандық комиссиясының комиссары Күләш Шәмшидинова, Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының Президенті Кэтрин Льюис (АҚШ), білім саласының сарапшылары, шетелдік ғалымдар мен еліміздің барлық өңірінен 500-ден аса педагог қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Білім саласының өкілдері елімізде 2012 жылдан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқан «Lesson Study» әдісінің тиімді тұстарын талдап, жеткен жетістіктерді таразылады.
Аталған әдіс бірнеше мұғалімнің сабақты бірлесе дайындап, әрбір оқушының қарым-қабілетіне, сұранасына сай білім беруге бағытталған. Сонымен бірге педагогтер оқытудың арнайы әдістемелерін әзірлеп, зерттеу барысында үйренген тың тәсілдерін коучинг, демонстрациялық сабақтар негізінде бір-біріне үйретеді. Бүгінде республикамыздың барлық мектебінде осы технологияны үйрететін жаттықтырушылар штабы құрылған. Бұл жөнінде NIS басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин конференцияның салтанатты ашылуында айтты.
«Қазір білім саласына қойылатын талап жоғары. Әсіресе, ата-ана мен оқушының сұранысын қанағаттандыру, ғылымға өзгеріс әкеле алатын өскелең ұрпақты тәрбиелеу маңызды. Ал осы үдеден шығу үшін педагогтерден жаңашылдық талап етіледі. Дәстүрлі білім беруді заманауи әдіс-тәсілдермен толықтыру да маңызды. Соның бірі – Дүниежүзілік Сабақты зерттеу ассоциациясы WALS пен NIS арасындағы «Lesson Study» әдісі. Осы методика бойынша педагогтердің нәтижелері көңіл қуантады. Бұл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдан бері қазақстандық педагогтермен жасаған жүйелі жұмыстарының нәтижесі», – деді ол.
Айта кетейік, NIS 2015 жылы Lesson Study тәсілін мектептерде енгізу мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстары үшін Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының (WALS) сарапшылық кеңесіне мүше болып, ресми түрде мойындалған. Осылайша Қазақстан халықаралық ғалымдар және сарапшылармен бірге әлемдік зерттеулерге қатысып, «Lesson Study» әдісі бойынша жеткен жетістіктерді таныстыруға мүмкіндік алған.
Конференцияға шетелдік эксперттер де қатысты. Олардың қатарында Жопонияның 10-нан аса бастауыш және орта мектебінің даму жөніндегі кеңесшісі Тошия Чичибу, Малайзиядағы мұғалімдерді даярлау институтының аға оқытушысы Хасна Абдула және Шотландияның Бэйзел Петерсон колледжінің зерттеушісі Роберт Дуглас Сим бар. Шетелдік және отандық сарапшылар оқыту саласындағы озық технологиялар мен әлемдік трендтер, сондай-ақ «Lesson Study» жөнінде өз ойларын ортаға салып, еліміз бойынша 500 мұғалімге лекция оқыды. Ал Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының Президенті Кэтрин Льюис онлайн байланыста болып, еліміздің аталмыш технологияны енгізудегі жетістіктеріне тоқталды:
Сабақты зерттеу – бұл күрделі процесс, ол бізден мазмұнды терең зерделеуді, әріптестермен жұмыс істеуді, оқушылардың қалай оқитынын мұқият қадағалауды, қиындықтарды жеңуді, кейде біздің ескі оқыту әдістерімізді өзгертуді талап етеді. Сонымен бірге бәріміздің бірге кәсіби білім берудің базасын құрып жатқанымызды айғақтайды. Бұл мектептерде мұғалімдердің «менің оқушым» немесе «сенің оқушың» деген түсінікті ұмытып, оқушылардың біліміне жауапкершіліктің ортақ екенін еске салады.
Еліміз бойынша сабақты зерттеу тәсілін мектептерге енгізу мен нәтижелі жұмыстар үшін Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының сараптамалық кеңесімен келер жылы Астанада WALS-2024 халықаралық конференциясы өтетіні белгілі болды. Ауқымды шараны NIS Педагогикалық шеберлік орталығы өткізеді. Ұлттық конференция сол халықаралық шараға дайындықтың бастамасы.