Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына «университет» мәртебесін беру ұсынылды

Azattyq Rýhy

Бұл өзгеріс ұстаздар даярлауға, педагогтардың тапшылығын шешуге мүмкіндік береді

Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына «университет» мәртебесін беру ұсынылды

Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына «университет» мәртебесін беру керек. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлеймнова төменгі палатаның жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

AMANAT партиясы сайлауалды үгіт-насихат кезінде Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының және қазақ халқының ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсаринның туған жері Торғай өңіріне, Арқалық қаласына арнайы барып халықпен кездесті.

Осы ретте AMANAT партиясы фракциясы 50-жылдық тарихы бар Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын дамытуға байланысты бірқатар ұсыныстарын енгізді.

«Бірінші, Қазақстан Республикасының Үкіметі Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына университет статусын беру жұмыстарын ұйымдастырсын. Бұл оқу ордасының білім беру, ғылымды дамыту, халықаралық ынтымақтастықты арттырыумен қоса, Астана қаласы, Ақмола облыстары үшін сапалы ұстаздар даярлауға, педагогтардың тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.

Екінші, Иститутқа магистратура, PhD докторантура ашу қарастырылсын. Бакалавриат деңгейіндегі білім беру бағдарламаларына арнайы педагогикалық квота бөлінсін. Институттың материалды-техникалық базасын нығайтуға, педагогикалық зертханалар, инновациялық методикаларды енгізу орталықтары, инклюзивты білімге ұстаздарды даярлайтын әдістемелік орталық, жатақхана және оқу корпустары ғимараттарына республикалық бюджетті бекіту кезінде нақты шаралар қабылдансын.

Үшінші, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты негізінде Академиялық артықшылық орталығын ашу жұмыстары жеделдетілсін», - деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.