$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.04.2023, 06:40
Қоғам

«Қаңғыбас иттен қауіп көп»: Жыл басынан бері 386 елордалық зардап шеккен

Жыл басынан бері Астана қаласының 386 тұрғыны қаңғыбас иттер шабуыл жасағанын айтып арызданған

«Қаңғыбас иттен қауіп көп»: Жыл басынан бері 386 елордалық зардап шеккен

Иесіз жануарлардан зардап шеккендердің саны күн сайын артып келе жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Байжігіт Мөлдеков алдымен жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметте өткен кеңесте қаңғыбас иттердің мәселесін көтергенін еске салды.

«Атқарушы және жергілікті билік тиісті заңға сілтеме жасайды. Бірақ осы жолмен жүрсек, біз жағдайды бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін. Әрине, жануарларға мұқият болуымыз керек. Алайда олардың адамдарға, әсіресе балаларға деген қысымына жол берілмейді. Сондай-ақ бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккендердің саны артып келеді», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Жауапты маманның сөзінше, осындағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» тиісті заң Президенттің тапсырмасымен әзірленген. Ал осы құжат аясында жүргізілетін шаралар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жалпы алғанда, бұдан кейінгі шаруаларымыз да заң шеңберінде жалғасын таба береді. Десе де қазіргі таңда мынау жұмыстарға басымдық беріп жатырмыз: бірінші, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу үшін үй жануарларын есепке алуды бастамақпыз, яғни оларды чиптеу көзделіп отыр. Осыған байланысты, 15 мың чип сатып алынды. Екінші, Астана қаласында үй жануарларын тиімді есепке алу үшін «Таңба» ақпараттық жүйесі ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аталған ақпараттық жүйеде елорда аумағындағы 6 750 жануар тіркелді. Оның 5 141-і ит болса, 1 609-ы мысық», - деп атап өтті Байжігіт Мөлдеков.

Ол жануарларға жауапкершілікпен қарауды насихаттау мақсатында да нақты жұмыстар қолға алынғанын айтты. Мәселен, аудандық әкімдіктердің, жергілікті полиция қызметінің қолдауымен бұқаралық ақпарат құралдарында заңды, қағидалардың нормаларын, сонымен қатар үй жануарларын вакцинациялау, стерилизациялау, тіркеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Биылдыққа 730 үй жануарына стерилизациялау жүргізілді, жыл соңына дейін 3 475 ит пен мысықты ұрықсыздандыруды жоспарлап отырмыз. Мұның ішінде көпшілігі мысықтар. Былтыр 2 060 жануар – 1 850 ит пен 1 500 мысық стерилизацияланған болатын», - деді бөлім жетекшісі.

Ол елордадағы қаңғыбас жануарлар ауланғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына жеткізілетінін мәлімдеді. Онда он шақты күн карантинге қойылады, вакцинация салынып, стерилизация жасалып болған соң, иелері табылған жағдайда иесіне қайтарылады. Табылмаса, үшінші тұлғаға берілген күнге дейін екі ай мерзімге уақытша ұстау орнында болады.

Серіктес жаңалықтары