«Ауыр қайғының да бір қуанышы болады екен»: Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының арманын орындамақ
Танымал ақын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының жете алмай кеткен арманын орындамақ
Ол дарынды балаларды қолдау қорын мемлекеттік тіркеуден өткізгенін хабарлады. Ақын бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қайтыс болған баласының арманы үшін арпалысқан әкені кім көрді екен? Ешкім көрген жоқ шығар, сірә! Лайым көрмей-ақ қойсын! Ондай әке бізге дейін болған дейді. Бірақ Америкада. Нәтижесі атақты Стэнфорд университеті. Біз де марқұм баламыздың жете алмай кеткен арманын жүзеге асырсақ деп жанұшырып жүгіріп жүрген жайымыз бар. Бүгін соның алғашқы асуын алдық. Ауыр қайғының да бір қуанышы болады екен-ау. Төбем көкке жеткендей қуанып отырмын қазір. Естеріңізге болса, Әлихан балам қайтыс болғаннан кейін жазған алғашқы постымда қазағымның келешегі үшін қызмет етемін деп уәде беріп едім. Бірнеше ай қалың қағазбен алысып жүріп "Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қорын" мемлекеттік тіркеуден өткіздім. Оның Уставының әр парақшасында менің әкелік көз жасым бар. Көзімнен сорам сорғалап отырып әр жолын өз қолыммен жазып шықтым. Өте қиын болды, ағайын! Мұндайды ешкімнің басына бермесін!», - деп жазды ол.
Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, қоғамдық қор өз жұмысын бастаған. Алғашқы шарасы 13 мамырда Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтеді.
«Алғашқы шарамызды тәжірибе жинақтау үшін қалалақ деңгейде өткізгенімізбен, келесі жылдан бастап Германия, Испания, Швеция, Жапония, Түркия, т.б. сияқты технологиясы дамыған елдердің командаларын шақырып, халықаралық деңгейде өткізуді жоспарға енгіздік», - деп жазды ақын.