$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.03.2020, 17:00
Қоғам

Келесі аптада коронавирус Қазақстанға жетуі мүмкін – Жандарбек Бекшин

Мұндай болжамды еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты

Келесі аптада коронавирус Қазақстанға жетуі мүмкін – Жандарбек Бекшин
Фото: ашық дереккөзден

«Біздің болжамымыз бойынша, 11-16 наурыз аралығында Қазақстанға коронавирус жетуі мүмкін. Бір апта кеш, бір апта ерте. Коронавирус пайда бола қалған жағдайда арнайы шараларды қолға аламыз», - деді Жандарбек Бекшин.

Бас санитар дәрігер мұндай мәлімдемені журналистердің «Оқушылар мен студенттер коронавирусқа қаупіне байланысты қашықтан оқу режиміне ауысуы мүмкін бе?» деген сұрағына жауап бергенде жасады. Журналистерді алаңдатқан мәселе - Қазақстанда COVID-19 инфекциялық ауру тіркелмесе де сақтық шаралары аясында оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға дайындығы болатын. Бекшиннің айтуынша, коронавирус жұқтырған адам тіркелген жағдайда, Қазақстан арнайы шаралар қабылдауға сақадай сай.

Сондай-ақ бас санитар дәрігер Еуропаның қамсыз жүрген елдерінде коронавирус қатты өршіп кеткенін айтып, Қазақстан сақтық шараларын 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастағандықтан, елде бұл инфекцияны жұқтырған адам әзірге тіркелген жоқ.

Бас санитар елді елеңдеткен мәлімдемесінің себебін түсіндірді.

«Бұл болжам, ал болжам дегеніміз дәл келе бермейді. Құдай оның бетін ары қылсын. Бірақ бізде ғылыми топ бар, олар вирустың келу қаупін математикалық модельдеу арқылы есептейді. Математикалық модельдеу бойынша біз (Қазақстан – авт.) шеңбердің ортасындамыз, ал шеңбер тарылып келеді. Алдымен вирус Қытайда болды, кейін Иран мен Оңтүстік Корея қосылды. Қазір бізді Еуроодақ елдері қатты алаңдатып отыр. Вирустың келу қаупі бірнеше есеге өсті», - деп түсіндірді Бекшин.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары