Төретамдық төрт жігіт киік атқаны үшін ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бірі уақытша қамауға алынды

фото: polisia.kz

Қызылордалық полицейлер 4 киік атып алған браконьерлерді ұстады. Бұл туралы Polisia.kz порталында хабарланды.

6 наурыз күні Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласы бойынша өкілдігінің қызметкерлері Төретам кентінде күдік тудырған «Ланд Крузер 80» маркалы көлікті тоқтатқан. Көлікте жүргізушімен бірге тағы 3 жолаушы болған. Олар - Байқоңыр қаласы мен Төретам кентінің тұрғындары.

Көлікті тінту барысында 4 киіктің тушасы мен 2 дана асхана пышағы, 12 калибрлі мылтықтың 9 дана оғы тәркіленген. Ұсталғандардың бірі уақытша қамауға алынып, қалғандарына бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қаралып жатыр.

«Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы, яғни «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр», - деді жергілікті полиция өкілдері.