Ол құқық қорғау органынан әділ тергеуді талап етеді
Шымкентте 18 жастағы әйелін күйеуі бөтелкемен ішінен ұрып, жас келіншекті құрсағындағы сәбиінен айырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жас жұбайлар небәрі бір жыл некеде тұрған, 18 жастағы Жансаяны жұбайы жиі ұрып-соққан.
«Соңғы рет ол мені аяусыз ұрып, көшеге лақтырды. Мен қазір екінші балама жүктімін. Ол мені осы күйімде көшеге қуып жіберді. Ал тұңғышымды екі литрлік баклашканы ішіме лақтырған кезде жоғалттым. Сол күні біз ұрысып қалдық, бөлмеде заттар шашылып жатты, ол ашуланып, маған айқайлап, мені ұра бастады. Содан кейін ол мені сыртқа шығарып, көң жинауға мәжбүрледі. Сосын ол мені соны жеуге мәжбүр ететінін айтты. Содан соң мені көлігіне отырғызып, бір жерге алып кетті. Біз көшеге шығып ұрыстық. Сосын ол көлікке отырды, мен есіктің тұтқасын ұстап тұрғанмын, ол бірден жүріп кетіп, мен сол кезде жерге ішіммен құладым. Ол менің құлап қалғанымды көріп, маған күліп, кетіп қалды», - дейді жас келіншек.
Осы оқиғадан кейін Жансая (есімі өзгертілген – авт) бірден реанимацияға түскен. Бірақ күйеуінің қоқан-лоққысынан қорыққан келіншек туыстарына ештеңе айтпаған.
«Мен ұрып-соғу туралы мүлдем білмедім. Күйеу баламыз бізге сөйлесуге мүмкіндік бермеді. Мен 26 наурызда қызым ауруханаға түскен кезде ғана барлығын естіп білдім. Бірден полицияға шағым жаздым. Мен тіпті қызымның тұңғыш баласынан айырылғанын да білмедім. Мен оның жазаланғанын қалаймын», - дейді жас келіншектің анасы.
Жансаяның күйеуі айыптаулармен келіспейді. Ол неке кезінде саусағының ұшымен де қол көтермегенін айтады. Оның сөзінше, олар жай ғана мінездерімен жараспай, өзара екі жаққа кетуді жөн көрген.
«Ондай ештеңе болған жоқ. Ол полицияға арыз жазды, бірақ олар да бұл іспен айналысқысы келмейді. Егер мен оны шынымен ұрып тастасам, ол ауруханаға түскен кезде полиция қызметкерлері мені ұстайтын еді. Ол басқа себеппен кетіп қалды. Біз мінездерімізбен жараспадық», - дейді Жансаяның күйеуі.
Нақты себебін полицейлер анықтайды. Құқық қорғау органдарының айтуынша, отбасылардағы зорлық-зомбылық мәселесі өткір.
«Самал-3 шағынауданының тұрғыны осы жылдың 23 наурызында арыз жазды. Ол өз мәлімдемесінде күйеуі оны үнемі ұрып-соғатынын атап өтті. Аталған факті Абай ауданы полиция басқармасының бірыңғай тізілімінде тіркелген. Сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижелері бойынша шешімдер қабылданады», - деді Шымкент қаласы ПД Абай ауданы ПБ учаскелік инспекторы Бауыржан Қоштаев.
Оқиғадан кейін жәбірленушінің айтуынша, ешкім тіпті кешірім сұраған жоқ. Жансая зорлық-зомбылық көрсеткен күйеуі жазасыз қалады деп қорқады. Ол әділ тергеуді талап етеді.