Антикор Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің ұсталғанын растады

Azattyq Rýhy

Бұған дейін әлеуметтік желіде оның ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді

Антикор Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің ұсталғанын растады
Фото: ҚР ҰЭМ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің ұсталғанын растады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сонымен қатар, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының баспасөз қызметі 10 сәуірде бұл сотқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің МӘСҚ басшысының күдікті І.Өсеровке қатысты 2 ай мерзімге үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы Алматы қаласы прокурорының орынбасарымен келісілген өтініші келіп түскенін хабарлады.

«Жоғарыда аталып өткен өтініш қанағаттандырылып, күдіктіге қатысты екі ай мерзімге, яғни 2023 жылғы 10 маусымға дейін үй қамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген хабарламада. 

Ілияс Өсеров 1985 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Тұран-Астана Университетін бітірген.  

Еңбек жолын 2007 жылы «Сбербанк» АҚ әкімшісі, жетекші маманы, менеджері болып бастады. 2009-2010 жж. – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінде түрлі лауазымдар атқарды. 2010-2013 жж. – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы. 2013-2014 жж. – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басқарма басшысы. 2014-2015 жж. – Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті Ақпараттық қауіпсіздік басқармасының бас сарапшысы; ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы. 2015-2019 жж. – Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы. 2019 жылы Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды. 

Өсеров 2019 жылғы мамырдан 2022 жылғы наурызға дейін Алматы әкімінің орынбасары болды, содан кейін 2022 жылғы наурызда Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.