Қазақстанда өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша 25 мың заңбұзушылық анықталды
Заң бұзғандарға ескерту жасалып, айыппұл салынды
Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері үш айда 2 750 нысанда өрт қауіпсіздігі желісі бойынша профилактикалық бақылау жүргізді, жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының 25 000-нан астам заңбұзушылығын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін (өрт фактілері бойынша, шағымдар бойынша, рейдтер барысында және т.б.) 2 819 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 2 461-і ескерту алса, 358 тұлғаға 13 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
«Бұрын анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін, мысалы азаматтардан келіп түскен шағымдар бойынша сот органдарына ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жасалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы 49 хаттама жіберілді», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда ескерту жасалатынын, ал қайталанған жағдайда айыппұлдар қолданылатынын атап өткен жөн.
«Барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша өртке қарсы іс-шараларды орындау мерзімдері, сондай-ақ оларды орындамағаны үшін жауапкершілік көрсетілген нұсқамалар беріледі. Белгіленген өртке қарсы іс-шаралар жойылмаған жағдайда әкімшілік материалдар сот органдарына жіберіледі. Нұсқаманы орындамағаны үшін объектінің қызметі тоқтатыла тұрғанға дейін бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген», - делінген хабарламада.
Бақылау нәтижелері бойынша ең көп таралған заңбұзушылықтар: автоматты өрт дабылының болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі, терезелерге торларды орнату, қорғаныш қасиеттерін жоғалтқан немесе зақымдалған оқшаулағышы бар электр сымдарын пайдалану, эвакуациялық жолдардың бітелуі.