Алматыда нысандардың 33 пайызы заңсыз салынып жатыр - депутат
Ол атағандай, сейсмоқауіпті техтоникалық аймақтарда орналасқан
Алматыда нысандардың 33 пайызы заңсыз салынып жатыр. Ең қауіпті аймақ - Медеу, Нарузыбай және Бостандық аудандары. Бұл туралы депутат Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Юрий Ильин айтып берді.
Келісімге 2022 жылдың 17 маусымында қол қойылды.
Министрдің айтуынша, Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталығына халықаралық ұйымдардан 6 млн доллар тартылған.
Ал депутат Бақытжан Базарбек іс жүзінде бәрі министр айтқандай емес екенін, әсіресе, Алматы қаласында жағдайдың күрделі екенін айтты.
«Бірақ іс жүзінде ондай емес. Әсіресе, ең өзекті және күрделі болып отырған аймақ Алматы қаласы болып отыр. Ең қауіпті аймақ - Медеу, Нарузыбай және Бостандық аудандары. Сейсмологиялық, сел қаупі төнген аймақтар Алматы әкімдігі мен құрылыс компаниялары сел қаупі туындайтын тауға кетіп бара жатыр. Жер кодексі және сәулет қала құрылыс нормаларын сақтап жатқан құрылыс компаниялары жоқ. Салынып жатқан құрылыс нысандарының 33 пайызы заңсыз, сейсмоқауіпті техтоникалық аймақтарда орналасқан. Проблеманың шешілу жолын көріп отырған жоқпын. Құрылыс нормалары сақталып жатқан жоқ. Бұл орталық сейсмоқауіпті аймақтарды сақтап қала ала ма?», - деп сұрақ қойды ол.
Юрий Ильин Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық жергілікті атқарушы органдардың қызметіне араласа алмайтынын айтты.
«Орталық халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа әдістер мен ұсыныстарды дайындайды. Мен де Алматыда ұзақ жылдар тұрған адам ретінде ол мәселені түсінемін. Көптеген мердігер заңсыз жерлерге құрылыс жүргізеді. Сел қаупіне қатысты айтатын болсақ, тәуелсіздік жылдарында біз алғаш рет селден қорғайтын 3 жобаны жүзеге асырып жатырмыз», - деді министр.