Шардара, Көксарай су қоймалары мен Жайық өзенінде жағдай мүшкіл – депутаттар
Жайық өзенінің апатты таяздануы және нашарлауы шекаралық тұрғындар үшін елеулі қауіп төндіреді
Қазақстанда Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде су тасып тұрса, Жайық өзені мүшкіл халде тұр. Жуырда осы мәселе Парламент Сенатының қабырғасында көтеріліп, өзекті тұстары қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгінде Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде күрделі жағдай қалыптасып, онда 6,5 миллиард текше метр су жиналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 миллиард текше метрге артық.
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көктемгі су тасқыны мәселелері бойынша өңірлердің дайындығы туралы мемлекеттік органдармен кездесуде (осы жылдың 1 наурызында) Шардара су қоймасындағы жағдай бойынша мынадай мәселелер анықталды:
Біріншіден, жауапты мемлекеттік органдардың суды ағызу мәселесін шешудегі әрекеттерінде сәйкессіздік бар. Мысалға алар болсақ, бүгінде ведомствоаралық жұмыс тобы әлі құрылған жоқ.
Екіншіден, мамандардың айтуынша, Шардара су қоймасында өнімділігі секундына 1500 текше метр болатын апаттық су төгетін канал салу қажет. Бұл мәселе талай рет көтерілгенімен, әлі мардымды шешім жоқ.
Үшіншіден, Көксарай су реттегішінің бөгеті арқылы судың нормадан жоғары сүзілуіне байланысты оны пайдалану қауіпсіздігін анықтау мақсатында бөгет бойынша көпфакторлы зерттеу қажет.
Төртіншіден, Шардара су қоймасын қарқынды түрде толтыру және Түркістан мен Қызылорда облыстарының елді мекендерін су басу қаупінің алдын алу мәселесін шешу жолдарының бірі – Өзбекстан аумағындағы Арнасай ойпатына су жіберу. Су қоймасы енді ғана салынып, іске қосылған 1968-1969 жылдары, яғни суы мол жылдарда, осындай тәжірибе болған.
«Сонымен қатар, тиісті министрлік пен Өзбекстан Республикасы өкілдері арасында Шардара су қоймасына түсетін су көлемін азайту бойынша келіссөздер жүргізу қажет. Суды ағызу мәселесін шешу тек мемлекетаралық келіссөздер арқылы мүмкін болатындықтан, бұл істе Қазақстан Республикасы Үкіметінің көмегі керек.
Көптен көтеріліп жүрген тағы бір мәселе – экологиялық жағдайы күрт нашарлап кеткен еліміздің батыс өңірінің басты су артериясы – Жайық өзенінің мүшкіл халі. Білуімізше, бүгінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында су қатынастарын реттеу шеңберінде үш комиссия құрылған. Олар: трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы (Жайық өзені бассейні бойынша арнайы жұмыс тобы бар), қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы және трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы.
Осыған орай, Үкіметтен Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішіндегі жағдайға қатысты жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін қажетті шараларды қабылдауды, сондай-ақ Жайық өзені бассейні бойынша комиссиялардың жұмыс нәтижелері туралы ақпарат беруді сұраймыз», - деп сенаторлар Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын.
Біз осы орайда аздаған шегініс жасап, депутаттар қозғаған Жайық өзенінің мәселесіне үңіліп көрелік. Бірер күн бұрын ҚР ТЖМ басқарма бастығы Нұрлан Есмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Жайық өзеніне қатысты мәселе туралы айтқан болатын.
«Жайық өзеніне Ресей тарапынан келетін үлкен су ағыны күтіліп отыр. Ол наурыз айының аяғы болады деп болжап отырмыз. Жайықта қазір мұз еріп жатыр. Жергілікті кіші өзендердің ағынынан Жайық өзенінің Орал қаласындағы деңгейі 472 см-ге көтерілді. Бірақ қазір 408 см қалыпты деңгейіне түсті. Ириклинский су қоймасының жағдайына күнделікті түрде мониторинг жасалып тұрады», - деді Есмағамбетов.
ҚР ТЖМ басқарма бастығы Нұрлан Есмағамбетовтің айтуынша, ол жерде 2 млн 180 текше метр су бар.
«Ол жерден 15 шаршы метр су ағып жатыр. Ол жақтағы су еру процесі басталмады. Башқұртстаннан келетін Сақмара деген өзеннің жағдайын тексеріп жатырмыз. Судың ағысы наурыз айының аяғы деп күтіліп отыр. Ол жерде мұзды жаруға арналған құрал-жабдықтар жасалып, арнайы мамандар күтіп отыр. Ең қауіпті деңгей – 850 метр. Әзірге Ресей тарапындағы өзендердің мұзы ерімеді», - деді Нұрлан Есмағамбетов.
Ал бекіре балығын өсіру зауытының мамандары жуырда саладағы проблемаларды қозғай келе су мәселесінің өте өзекті болып тұрғанын атап өткен болатын.
«Жұмысымыз тікелей байланысты болғандықтан, су мәселесі өте өзекті. Өзен арнасы ашылып, балық қорының мол келуіне жағдай жасалса дейміз. Бұл жұмыстар жолға қойылса, шабақтарды кері Жайыққа жіберуде де көрсеткіштер артатын еді. Бұған қоса мамандардың жалақысы да қиындық тудырып отыр. Қазіргідей қымбатшылық заманда жалақы мәселесі балық шаруашылығы қызметкерлері үшін өте өзекті болып тұр», - дейді сала өкілдері.
Еске сала кетейік, Жайық өзенінің мәселесі туралы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен екі елдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында қозғаған болатын.
Ол өз сөзінде климаттың жаһандық жылынуы салдарынан дүние жүзіндегі су тапшылығы 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін ерекше қозғап өткен болатын. Мемлекет басшысы сөз арасында бұл мәселені алдын-алуда трансшекаралық өзендердің маңызды рөл атқаратынын да жеткізген.
«Қазақстанның су қауіпсіздігі трансшекаралық өзендердің гидрологиялық және экологиялық жағдайына тікелей байланысты. Жайық өзенінің апатты таяздануы және нашарлауы шекаралық тұрғындар үшін елеулі қауіп төндіреді. 2019 жылы Омбыда Жайық өзені бассейнінің экожағдайын сақтау жөнінде екіжақты бағдарлама қабылданды. Шағын өзендерде бөгеттерді салу мен пайдаланудың, сондай-ақ жаңа қоршауларды салу жұмысына ерекше назар аудару қажет. Үкіметтерге осы бағдарламаны орындау туралы баяндаманы жылдық негізде іске асыруды қамтамасыз ету мәселесін тапсыруды ұсынамын», - деген еді Тоқаев.
Бұл проблемалар жуық арада шешімін тапқаны жөн. Шардара мен Көксарай су қоймалары уақыт оздырмай біржақты болмаса маңайында тұратын жергілікті тұрғындарға кері әсері тиюі мүмкін. Ал Жайық өзенінің арнасы толмаса Қазақстанға ғана емес іргелес елдерге де зияны тиеді.
Айжан Жанатқызы