Дәл қазіргі ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді ретінде есепте тұр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген Қазақстан халқына арнаған жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі -ұлт саулығына үлкен қауіп төндіретінін баса айтқан болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел», - деген еді президент.
ҚАЗАҚСТАНДА КӘМЕЛЕТ ЖАСЫНА ТОЛМАҒАН 97 БАЛА БАР
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанжа есірткіге тәуелділігі бар 18243 адам бақылауда тұр.
«Оның ішінде, 1 498 әйел мен 97 кәмелетке толмаған бала есірткіге тәуелді болып отыр», - дейді Тимур Сұлтанғазиев.
Есірткі тұтынатындар арасында оқушы балалардың бар екенін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үкімет отырысында ашық айтты.
«Есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту, сондай-ақ профилактиканың тиімді жүйесін қалыптастыру керек. Бүгін нашақорлардың нақты және сенімді есебі жоқ. Сарапшылардың пікіріне сәйкес, олардың нақты саны ресми деректерден кемінде 5 есе көп, ал, Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше елде 18 мың нашақор тіркелген. Сондықтан, толыққанды есепті қалыптастыру үшін мәліметтерді әртүрлі дерекөздерден алу қажет. Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, есірткі қолдану фактілері тіпті оқушылар қатарынан анықталып жатыр», - дейді Марат Ахметжанов.
Осыған байланысты, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің наша тұтынуын анықтау үшін ресми түрде скрининг өткізу ұсынылды.
«Бұл – қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, наркологиялық көмек пен қайта оңалту сапасын арттыру қажет», - дейді Марат Ахметжанов.
ТАЛАЙ ЖАСТЫ ТЕЛЕГРАМ-БОТ «ҚҰРТТЫ»...
Ата-анасының зор көмегімен синтетикалық есірткіге тәуелділіктен емделіп жүрген Ж.есімді жасөспірім аты-жөнін атамай, түр-әлпетін көрсетпей, сұхбат беруге келісті. Небары 15 жасында осы дерттің шырмауына түскен ол бар күш-жігерін жинап, болашағы үшін мамандардың көмегіне жүгінген.
«...бәрі достарыммен кездескен бір кештен басталды. Досымыздың туған күнін тойлау үшін ата-анасынан рұқсат алып, үйіне жиналдық. Кеш көңілді өтті, әртүрлі тақырыптарды талқылап отырғанда қазір телеграмм арқылы да есірткі сатып алуға болатыны туралы сөз басталды. Бала болған соң, оның үстіне, әр нәрсеге еліктейтін жаста болғаннан соң ба, «көрейікші» дедік. Міне, дәл сол сәттен бастап мен болашағыма балта шаптым. Ол кештен қатты масайып, үйіме жете алмай, үйге ертеңінде ата-анам жоқта бірақ оралдым...», - дейді ол.
«Бұл тәуелділікке енді жоламаймын» десе де жасөспірімнің құмары ауа берген.
«Синтетикалық есірткі – ағзаңа кіріп алса, шықпайтын, сені елітіп тұратын, шынында да сені өзіне тәуелді етіп алатын дүние екен. Бір көрген соң, «енді бір көріп, қоямын» дедім, одан кейін, үшінші, төртінші, бесінші мәрте көре бердім. Ақыры, сабақты мүлде қойдым, ата-ана, бауырларымның бәрінен ақша сұрап, жексұрын болдым. Тіпті, үйден зат ұрлап, әлгі есірткіні алу үшін әке-шешемнің қалтасынан, ұялы телефондардағы есепшоттарынан ақша ұрлай бастадым. Әрине, бұны олар тез байқады. Артымнан аңдып, «синтетикаға» отырғанымды білді. Бірақ, олардың қолдауын ешқашан ұмытпаймын...менен бас тартқан жоқ, керісінше, әкем менімен бірге емге келеді, психологқа барды, бауырларым жігер берді, отбасым болмаса, мен қазір әбден нашақор болып кетер едім», - дейді оқушы.
ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ТОЛЫҒЫМЕН КИБЕР САЛАҒА КӨШТІ
Ішкі істер министрлігінің мамандары да осыны алға тартып отыр. Министр Марат Ахметжанов журналистерге сұхбат бере отырып, «есірткіні «телеграм-боттар» немесе басқа да интернет-ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр» деген ойын ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік биылдың өзінде-ақ есірткі сататын 604 (!) сайтты жапқан. Ең сорақысы, олардың ұйымдастырушылары шетелде отырады.
«Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы – интернет арқылы сатумен байланысты. Әрине, біз мұндай инкогнито интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Биыл 604 есірткі сайтын жаптық. Бірақ, бұл шара мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені, жаңа сайттарды ашу – тез. Ал оны анықтау – ұзақ. Ұйымдастырушыларды анықтау – одан да күрделі. Себебі, олар шетелдерде орналасқан. Мұндай заңсыз «контентті» тоқтату үшін, заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар қажет», - дейді ол.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕСІРТКІ АХУАЛЫНА ҚАНДАЙ ФАКТОРЛАР ӘСЕР ЕТЕДІ
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жалпы, Қазақстандағы есірткі ахуалына 3 негізгі фактор әсер етеді.
Олар:
«Тек былтыр құқық қорғау және арнайы органдар 3 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтады (2700). Оның 60%-ті – есірткіні сату (1,6 мың). Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. 70 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Жалпы 16 тонна есірткі тәркіленді», - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Міне, осы айтылған мәселелерге байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі «2023-2025 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің үш жылға арналған кешенді жоспарын» әзірлеген.
«Жоспардың негізгі мақсаттарына тоқталсам, ол әрине, біріншіден, есірткінің қоғамға аса қауіпті түрлері, әсіресе синтетиканың жолын кесу, нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтауды енгізу. Сонымен қатар, уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру және де материалдық-техникалық жағдайды жақсарту», - дейді Марат Ахметжанов.
Жалпы, соңғы жылдардың сараптамасына сүйенсек, нашақорлықтың профилактикасы әлсіреп кеткен. Бұнын Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та мойындады. Бірақ, бұның себебі Ішкі істер министрлігі тек қылмыстық қудалаумен айналысып кетті де, басты мақсат – жазалау болып қалды. Соның салдарынан нашарқорлықтың себептерімен емес, тек салдарымен күресу басымдыққа ие бола берді. Ал, жоғарыда аталған үш жылдық кешенді жоспар осы олқылықтың орнын толтырып, Қазақстандағы есірткі саудасын түп тамырымен жоюға бағытталмақ.
Сымбат Молдатай