Қазақстанда асыл тұқымды Қостанай жылқысының саны елуге де жетпейді – сенатор

Автор: Azattyq Rýhy

2000 жылдары елімізде Қостанай тұқымынан 336 бас жылқы бар болса, қазір олардың саны небары 47 жылқыға теңескен

Сенат депутаты Ғауез Нұрмұхамбетов Қостанай жылқысын сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылданбаса, қазақтың бұл асыл тұқымды жылқысы түгел жойылып кетуі мүмкін екенін алға тартып отыр, деп жазады Azattyq Ryhy.

120 БИЕ, 10 АЙҒЫРДАН ҚАЛҒАНЫ – 47 БАС АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ЖЫЛҚЫ

Қостанай облысынан сайланған Сенат депутаты Ғауез Нұрмұхамбетов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін өте өзекті тақырып – асыл жылқы шаруашылығының бүгінгі жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, спортқа арналған, яғни, бәйгеге арналған жалғыз асыл тұқымды Қостанай жылқысының саны соңғы жылдары күрт азайып кеткен.

«Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында «ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі мәселелердің бірі болып қала береді» деді. Қазір Қазақстан Республикасының аумағында өсірілетін мамандандырылған спорттық бағыттағы жалғыз шабандоз жылқы тұқымы - Қостанай тұқымды жылқыларын сақтау және одан әрі дамыту мәселесі өзекті болып отыр», - дейді ол.

Сенатордың қолында бар дерекке сенсек, қазір еліміз бойынша асыл тұқымды Қостанай жылқысының саны елу басқа да жетпейді.

«Асыл Тұқымды Жылқылардың Мемлекеттік кітабының» бесінші томын жазу үшін жүргізілген анализ Қостанай тұқымды жылқының саны өте-өте азайып кеткенін көрсеткен. Қазір Қазақстандағы бұл асыл тұқымды жылқының саны небары 47 бас жылқы болып отыр. Тіпті, сонау қиын кезде, 2000 жылдардың өзінде Қостанай тұқымды жылқының саны 336 еді, оның ішінде 120 бие, 10 асыл тұқымды айғыр болған», - дейді ол.

«АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ЖЫЛҚЫНЫ ӨСІРУ ҮШІН СУБСИДИЯ КЕРЕК»

«Қазақ тұлпары» ЖШС атты кәсіпорын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды және спорт жылқыларын өсірумен айналысады.

«2014 жылдан бері асыл тұқымды жылқылардың санын арттыруға бөлінетін субсидия тоқтап қалғаннан бері, осы кәсіпорын асыл тұқымды жылқылардың жаңа тұқымын өсіруді тоқтатқан. Cондықтан қазіргі таңда «Қазақ тұлпары» ЖШС шығынға кетіп, асыл тұқымды жылқылар саны азайған, қызметкерлер жұмыстан босап, ғылыми-зерттеу жұмыстары мүлде жоқ. Соның салдарынан, 138 жылдық тарихы бар Қостанай жылқысының саны өте қауіпті деңгейде тұр.  Сондықтан, Қостанай тұқымды жылқылардың қазіргі санын сақтау, оны көбейту үшін стратегиялық міндеттерді орындау керек», - дейді ол.

Cанатор бұл саладағы тағы бір өте өзекті мәселені қозғады. «Қазір сырттан келетін жылқылардың бақылауға бағынбай кеткен көлеңкелі айналымы дүркіреп тұр. Бұл асыл тұқымжы жылқыларды есепке алуға кедергі келтіріп, жалпы, отандық жылқы шаруашылығының дамуына кері ықпал етіп отыр. Жалпы айтсақ, осы жылдар аралығында асыл тұқымды жылқылардың бірегей тұқымын жоғалтып алдық. Бұған әсер еткен тағы бір фактор – Қазақстанда жұмыс істейтін шетел азаматтары спортқа бейім асыл түқымды жылқыларды өз шаруаларымыздың төмен материалдық жағдайын пайдаланып, тиын-тебенге сатып алды да жаппай шетел асырды», - деген пікірін жеткізді сенатор.

Осы және өзге де проблемаларды баяндаған Ғауез Нұрмұхаметов «Қазақ тұлпары» Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік жылқы зауыты болғандықтан, Қостанай тұқымын бюджет есебінен сақтап, көбейту үшін бірқатар заңнамалық нормалар пакетін дайындау керек деген түйінін жеткізді.  

«ҮКІМЕТКЕ МӘСЕЛЕНІ ЖЕТКІЗДІК, ЕНДІ НӘТИЖЕСІН КҮТЕМІЗ»

Қазақ жеріндегі асыл тұқымды жылқыны бағып, оның санын көбейту үшін еңбек етіп жүрген адамның бірі – «Қостанай қазанаты» атты кәсіпорын ашған Әділет Тасмұхаметов. Шаруаның айтуынша, осы тұқымның жанашырлары мәселені бұрыннан көтеріп келеді және Үкіметке қазақ жылқысының құрып бара жатқанын түсіндірдік деген үмітте. Өйткені, оның айтуынша, кезінде тіпті бәйге өткізуге назар салмаған құзырлы органдар қазір осы асыл тұқымды сақтап қалу үшін арнайы Жол картасын енгізген.

«Үкімет үш жылдан бері Қостанай жылқысының тұқымын қалпына келтіру туралы жол картасын енгізді. Соңғы бір-екі жылда құзырлы органдардың Қостанай жылқысына қатысты көзқарасы өзгеріп келе жатыр. Кеше ғана Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қостанай жылқысын қолдауға арналған жиын өтті. Кезінде «Қазақ тұлпары» зауытынан жан-жаққа бытырап кеткен биелерді қайтадан жинап жатырмыз. Өзімде де біраз бие бар. Шамамыз келгенше сол зауыттың қайта көркейіп, Қостанай тұқымының өсуіне көмектесіп жатырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Асыл тұқымды жануарлар палатасына Қазақстан бойынша өзіміз тапқан Қостанай тұқымының жылқыларын тіркеп жатырмыз. Қазір палатаға тіркелген жылқылардың саны 200-ден асты. Қостанай зауытында елуден астам жылқы жиналып тұр. Былтыр тоғыз құлын алдық, өте жақсы тұқым», -дейді ол.

Қазақстан бойынша қалған биелерді жинап жатырмыз дейді Әділет Тасмұхаметов. Әлеуметтік желі мен коммуникацияның дамуына байланысты, Қостанай жылқысының жанашырлары қазір ел аумағына тарап кеткен биелер мен айғырларды іздеп, бәрін Қостанайдағы жылқы зауытына тапсырмақ.

«Менің оншақты бием бар. Кезінде зауыттан сатып алғамын. Жақсы айғырлары бар. Басында бір бие алғамын, асыл тұқым болған соң бағып-қағып, он биеге дейін өсірдім. Қостанай жылқысы – қазақтың нағыз асыл тұқымды жануары. Бұл тұқым Қостанай жерінде өскен, мінуге де, жегуге де өте төзімді жылқы. Қостанай жылқысының тұқымы 1951 жылы асыл тұқымды жылқылардың әлемдік реестеріне енген жылқы», - дейді Әділет

Бұл тұқымның азаюына себеп болған тағы бір фактор – көп адам асыл тұқымды жылқыны қалай баптау керек екенін, оның қандай күтімді қажет ететінін білмеді дейді спикеріміз.  

«Кезінде дағдарыс кезінде зауыттан жылқы алған шаруалар ол жылқыларды  дұрыс баға алмады. Өйткені, бұндай асыл тұқымды жылқыны бағу үшін біріншіден қаражат керек, екіншіден білім керек, үшіншіден уақыт керек. Оның үстіне, Қазақстанда кезінде бәйгелер өтпей қалды, ал, жылқыны өз қажеттілігі бойынша ұстамаса, оны жайдан жай кім бағады? Егер бәйге жиі болғанда, бірде болмаса бірде бәйгеден ұтады деген адам асыл тұқымды өсіре береді. Бұл жылқыны бағу үшін ғылыми бағытты ұстану керек, жүйрік жылқы алу үшін жақсы айғыр табу керек, жақсы құлын берген айғырды сақтап қалу керек. Бұның бәріне шетелде көзқарас о заманнан-ақ басқаша ғой, ал, біздің үкімет кезінде осы мәселелерге назар аудармаған еді», - дейді Әділет Тасмұхаметов.

Биыл асыл тұқымды жылқылар қатысатын бес бәйгенің ақшасы бөлініп қойған. Ал, Қостанай жылқысының осынша азайып кеткенін айтып, талай жылдан бері дабыл қағып жүрген ол жоғарыда аталған шаралар асыл тұқымды қазақ жылқысын да, бәйгені де көбейтіп, әлемдік реестрге енген Қостанай жылқысының санын арттырады деген сенімде.

Сымбат Молдатай