Петропавлда 200 үй сүрілетін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың орнын көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар басады

Биыл Петропавлда тұрғын үй құрылысы қарқын алмақ. Жоспар бойынша 160 мың шаршы метр баспана салынады. Осыған байланысты жеке секторда 200 үй сүріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Құрылыс Петропавлдың үш шағынауданын қамтиды. Ауқымды жұмыстардың бір бөлігі Ш.Уәлиханов, Н.Назарбаев және Ғ.Мүсірепов пен Чкалов көшелерінің шеңберінде жүргізілмек. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысынан басқа 900 орындық мектеп салынып жатыр. Болашақта балабақша да бой көтереді. «Береке» және «Жас өркен» шағынаудандары да құрылыс алаңына айналмақ.

«Бүгінгі күні 93 пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ол жалға берілетін коммуналдық үйлер. Сондай-ақ, тоғыз қабатты көппәтерлі 3 үйдің жобасы сараптамаға өткізіледі. Олардың құрылысы биыл басталмақ. Сараптамадан өткеннен кейін қаржыландыруға өтінім беріледі. Содан кейін біз бас мердігерді анықтау үшін конкурс жариялайтын боламыз», - дейді қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі секторының меңгерушісі Мәриям Мұқашева.

Облыс орталығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Петропавлдың бірнеше шағын ауданында жеке сектордың сүрі жоспарланған. Тек Уәлиханов көшесінде ғана 50-ден астам жер үй бұзылмақ. Заң бойынша, олардың барлығына баспаналарының аумағына сәйкес тұрғын үй беріледі.

«Баспанасын бағалаймыз, соған сай жаңа салынған үйден немесе бұрынғы тұрғын үйден пәтер ала алады. Берілетін үйге меншік иелерінің көңілі толмаған жағдайдайда ақшалай өтемақыны таңдауға құқығы бар», - дейді Петропавл қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Жалпы, Петропавлда жеке сектордағы 200 үйді бұзып алу жоспарланған. Жеке секторлардағы үйлердің жартысынан көбі өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған. Іргетасы жерге кіріп, қабырға, шатыры бұзыла бастаған. Тозығы жеткен үйлер қаланың көркін бұзып тұр. Жақында олардың орнына көпқабатты үйлер бой көтермек.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО