«Көліктердің 58 пайызы ескірген»: Алматыда ауаның ластану индексі жоғары деңгейге жетті
Медеу мен Шымбұлаққа көлікпен шығуға шектеу қойылмақ
Алматыда ауаның ластану көрсеткіші индекс бойынша 5-дәрежеге жетті. Қалалық әкімдіктің ақпаратынша, жылына 127 мың тонна лас қалдық бөлінеді. Өткен жылы қаланың экологиясы ластанудың жоғарғы деңгейіне жеткен. Әкімдіктің ақпаратынша, лас қалдықтардың 70 мың тоннасы автокөліктерге тиесілі. Экологтар тым болмағанда таулы жерлердегі ұлттық парктердің ластануын сақтап қалу керек деп санайды. Осыған байланысты «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты мен «Медеу» аумағына кіретін көліктерге шектеу егізіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Көлік жүктемесі мен қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында Алматы қаласының әкімдігі 2016 жылғы 8 сәуірдегі №2/122 «Алматы қаласының кейбір аумақтарына көліктің кіруін шектеу туралы» қаулысына өзгерістер енгізген еді. Осы өзгерістер 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Тек электрлік қозғалтқыш автокөліктері (электрмобиль) мен шұғыл, жедел, коммуналдық және арнайы қызметтер мен арнайы техникадан басқа көліктердің барлығына тау шаңғы курорты аумағына кіре алмайды.
«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Іле Алатауы шатқалында теңіз деңгейінен 2260 м биіктікте, Алматы қаласының орталығынан 25 км жерде орналасқан. Академик Еркін Жайлаубековтің сөзінше, таулы аймаққа дизель мен бензинмен жүретін көліктерді мүлдем жібермеу керек деп санайды.
«Жазда ауаның орташа температурасы +20С, қыста -7С. Қардың орташа қалыңдығы 150 см-ге дейін жетеді, жылына 90% күн шуақты. Теңіз деңгейінен 3163 метр биіктікте көтергіштер болады. Екі қапталда қарлы беткейлер мен мәңгі жасыл Тянь-Шань шыршалары өскен керемет таулар бар. Бүгінде Қазақстан мен Алматы қаласының экологтарын Шымбұлақ курорттық аймағының жағдайы алаңдатады. Инфрақұрылымның дамуы, тау шаңғысы туризмі нысандарын жаңғырту мен салуға байланысты көліктен, машинадан және тұрмыстық қалдықтан шығатын ластаушы заттар табиғатқа кері теріс әсер етеді», - деді логистика және көлік академиясының профессоры, Қазақстанның құрметті көлік қызметкері, Ресей көлік академиясының академигі Еркін Жайлаубеков.
Фото: Sputnik
Демалыс аймағына аспалы жол енгізілсе де, жеңіл автокөліктер мен автобустар кіреді. Олар қоршаған ортаны қорғау курорттық аймағының ауасын ластайды. Курорттық аймақтың ауасын қорғау бойынша белгілі бір іс-шараларды қабылдау қажет, деп санайды экологтар. Қолданылған шаралар көліктен шығатын зиянды газдың көлемін азайта отырып ерекше қорғалатын табиғи аумақта қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді төмендетуге мүмкіндік береді деген сенім бар.
«Алматы қаласына іргелес шатқалдар Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Талғар, Ақсай және тағы басқа да таулы аудандарына машина еркін кіріп-шығады. Бұл шатқалдар тау-алқап айналымы нәтижесінде қаладан көтерілетін түтінді күнделікті тазартуда рөлі зор. Бұған қоса, бұл шатқалдарда қаланы қамтамасыз ететін жер үсті және жер асты сулары бар, осыған байланысты ғимараттар мен құрылыстарды салуға тыйым салу, сонымен қатар ауаны және суды ластайтын автокөліктердің қозғалысын барынша шектеу жөнінде шаралар қабылдануға тиіс. Электр және газбен жүретін мамандандырылған техникаға ғана рұқсат. Аталған шатқалдардағы тұрғын үйді газбен немесе электрмен жылытуға көшіру туралы мәселені жеке шешу қажет, ол үшін сұйытылған көміртекті газ үшін жергілікті газ сақтағышты жабдықтап, оны үйлерге тарату мүмкіндігін қарастыру қажет», - деп санайды «Чистый воздух Алматы» азаматтық бастамасының модераторы Әсет Наурызбаев.
2022 жылы Алматы қаласы бойынша атмосфераны ластау индексі 5-ті құраған (жоғары). Жылына 127 мың тонна есептік шығарындылардың 70 мың тоннасы автокөліктерге тиесілі, 46 мың тонна –стационарлы ластау көздеріне (оның ішінде ЖЭО-2), шамамен 11 мың тонна – жеке секторға тиесілі. Автокөлік атмосфераны ластаудың негізгі көзі болып отыр. Қазіргі кезде Алматыда шамамен 560 мың автомобиль тіркелген, (оның ішінде электромобиль саны – 958), күн сайын қала аумағына 200 мыңнан астам көлік кіреді. Ал оның 58%-ының қолданыс мерзімі 14 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімді құрайды.
«Халық демалатын аймақтарда демалыс орындарын дұрыс пайдалану мақсатында аудан бірлігіне рекреациялық жүктемелер есептелуге тиіс. Рекреациялық жүктеме – орман рекреациясы нысанының ауданы, келушілер саны және олардың нысанда болу уақыты арқылы айқындалатын орман рекреациясының түріне байланысты факторлардың биогеоценозына әсер ету көрсеткіші. Өкінішке қарай, Медеу шатқалындағы демалыс аймағында рекреациялық жүктеме өте жоғары. Жексенбі және мереке күндері келушілер саны рұқсат етілген жүктемеден әлдеқайда көп. Осыған байланысты антропогендік жүктемелер деңгейін анықтау мақсатында аудан бірлігіне жүктеме нормаларын анықтау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді, демалыс күндері көліктер мен демалушылардың кіруін шектеуді ұсынысымыз», - деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Орман ресурстары, аңшылық және балық шаруашылығы» кафедрасының профессоры Бұлқайыр Мәмбетов.
Фото ашық дереккөзден
Осыған дейін сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен жекеменшік иелеріне қозғалтқыш типіне қарамастан «Шымбұлақ» ТК аумағына кіруге рұқсат етілетін. 1 қыркүйектен бастап «Медеу» МАТП аумағында орналасқан кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғаларға тиесілі және соларға қызмет көрсететін көліктерге шектеу қойылады. Ал кәсіпкерлер қызметін жалғастыру үшін электр қозғалтқышты көлік сатып алу керек. Оларға «Алматы» ӘКК» АҚ қарасты «Алматы» МҚҰ» арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге 6% жылдық мөлшерлемемен 30 млн теңгеге дейін кепілді жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі беріледі. Бірақ неисе алатын тұлғалар көлік құралының кемінде 50% төлеуі тиіс.
«Ластаушы заттар шығаратын автокөліктердің ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіруін шектеу керек. Бұл мәртебе кезінде біздің тау бөктері мен тұмса табиғаттың бүлінбеген аумақтарын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында берілді. Бұл биоәртүрлілікті сақтау тұрғысынан өте маңызды. Бұл аумақта ұя салатын, отырықшы, қоныс аударатын және қыстайтын құстарды қосқанда кемінде 136 түрлі құс кездеседі. 12 тұқымдасқа жататын сүтқоректілердің 25-ке жуық түрі бар. Бұғы, сібір елігі кездеседі. Кеміргіш, тиін, атжалманның түрлері көп. Жыртқыштардан түлкі мен сусар тұқымдас ақкіс және борсық кездеседі. Сусардың сирек кездесетін түрінің бірі ақтөс сусар бар. Қызыл кітапқа кірген өсімдіктердің бірнеше түрі өседі. Сол себепті табиғаттың осы бір тамаша мүйісіне рекреациялық шектеулер енгізген дұрыс», - деді профессор, биология ғылымдарының докторы Наталья Огарь.
Іштен жанатын сұйық отынды қозғалтқышпен жүретін көліктердің жүрісін шектеудің негізгі мақсаты – зиянды шығындыларды азайтып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны тиімді пайдалану. Халықаралық тәжірибеге сәйкес мұндай экологиялық аумақтар «зиян шығындылардың төмен деңгейі аумағы» дегенді білдіретін «Low Emission Zone» (LEZ) белгісімен белгіленеді. Шетелде LEZ жүйесі жыл бойы 24/7 демалыс күндері де әрекет етеді.
«Ұлттық саябақ аумағында қатаң реттеудің болмауына байланысты экожүйеге немесе адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін көптеген жағдай, оның ішінде төтенше жағдайлар да болды. Біз жақында ғана экологиялық сыйымдылық пен төзімділік деген ұғым бар екенін түсіндік – бұл қорғалатын табиғи аумақтарда кейбір әрекетке тыйым салуды білдіреді. Себебі бұл экожүйені біртіндеп құртады.
Ұлттық саябақты болашақ ұрпақ үшін бұзылмаған қалпында сақтағымыз келсе, автокөлікпен жүруге тыйым салу керек, мұнда туристерге қатысты айтып отырмын. Жаяу туризм инфрақұрылымын енгізуге, кеңейтуге тиіспіз. Табиғи саябақтарды сақтауды мақсат тұтсақ, жаяу туризм Ұлттық саябақтардың негізгі ұстанымы болуы керек. Бәріміз білімді адамбыз, табиғи саябақтың экожүйесіне кері әсері бар автокөлік қозғалтқышының шуылы неге апарып соқтыратынын түсінуіміз қажет. Сондықтан тарихи тұрғыдан алғанда, көлік логистикасын қажет ететін Медеудегі инфрақұрылымның санын шектеп, сапасын арттыру керек, бұл ішкі жану қозғалтқышы бар электромобильдерге ауысуға қатысты. Өз басым автокөліктердің қозғалысына мүлде тыйым салар едім, олар жаяу туристер үшін де қауіпті, бірақ толық алынып тасталмағандықтан, оларды шектеп, электрге ауыстырып, өзара тиімді ымыраға келу керек», - деді экоамбассадор, «Eco Fund Tabigat» ҚҰ, «Kaz Eco Patrol» ӨҚҰ төрағасы Тимур Елеусізов.