$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2023, 15:45
Қоғам

Қазақстанда халықтың жас-жыныстық құрылымы дұрыс ескерілмей тұр – демографпен сұхбат

Демографиялық зерттеулерге мүдде болмағандықтан, Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттейтін жалғыз орталық жабылып қалған

Қазақстанда халықтың жас-жыныстық құрылымы дұрыс ескерілмей тұр – демографпен сұхбат

Azattyq Ruhy осыған дейін демограф ғалым Аяулым Сағынбаеваның сұхбатының бірінші бөлімін жариялаған болатын. Сұхбат барысында демограф Қазақстанның қазіргі демографиялық ахуалы, демографиялық саясатқа жауапты уәкілетті органның жоқтығы, ауыл мен қаладағы халық саны және солтүстік өңірлердің теріс демографиялық мәнге ие болып отырғанын айтқан. Ал, бүгін Аяулым Сағынбаева демографияның әртүрлі саласын зерттемеу қандай экономикалық салдарларға әкелетінін және ұрпақ ауысқандықтан, Қазақстан үнемі табиғи өсімге қол жеткізбеуі мүмкін екенін айтып отыр.

Демографияның әртүрлі бағыттарын зерттемеудің, мәселен, сол жас-жыныстың құрылымды зерттемеудің қандай да бір экономикалық салдары бар ма?

– Жалпы, кез келген елде демографиялық саясат болмаса, оған жауап беретін орган болмаса, ондай саясаттың да ешқандай маңыздылығы жоқ. Сайып келгенде, кез келген жүргізіліп жатқан реформа, түрлі экономикалық тетіктердің бардығы кімге арнаған? Әрине, халыққа арналған. Ал, ол халықтың қалай дамып жатқанын, немен өмір сүріп жатқанын білмесең, даму бола ма? Демографиядағы бір ғана көрсеткіш – жас-жыныстық құрамды ескермей жүзеге асырылған бағдарламаны мысал ретінде алайық: Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бар. Сол бағдарламаның талабын бар өңірге бірдей қылды. Бірақ, оның өнімділігі оңтүстік өңірлер мен батыста жоғарырақ болады, ал солтүстік-шығыс өңірлерде төменірек болады. «Неге?» деген сұраққа жауап бергенде, сол аймақтың халқы жалқау деп жауап беруге болмайды. Бұл – халықтың жас-жыныстық құрамына байланысты. Өйткені, солтүстік аймақта кәрі адамдардың саны басым, екінші аймақта жастардың үлесі басым. 45-50 жастан асқан адамда жаңа бизнес ашу, жаңа идеяларды жүзеге асыру процесстері жоқ деп айтпаймын, бірақ, баяу. Ал, жалындаған жастарда керісінше, бұл қабілеттер ұдайы дамуда болады. Сәйкесінше, ол аймақта бағдарламаның тиімділігі жоғары болады. Яғни, бағдарламаны іске қосарда елдің, аймақтың демографиялық жағдайы деген сөз. 

– Көтеріп отырған мәселелеріңіз өте өзекті. Бірақ, мынандай заңды сұрақ туындайды: неге біздің жауапты органдар сіздер сияқты мамандарды тартып, осы мәселелерді шешпейді? Сіздің басты айтып отырғаныңыз – демографиялық саясат туралы бір уәкілетті органның жоқтығын неге білмей отыр деп ойлайсыз?

– Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, 2010 жылы Қазақстанға оралдым. Елге келген соң, Статистика бюросына қызметке орналастым. Демографиялық статистика департаментінде қызмет атқардым. Сол жылдан бері менің осы мәселе туралы айтпаған жерім, баспаған тауым жоқ. Бірнеше депутаттық сауал жаздық, депутаттық сауалдан бөлек Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясында «демографиялық институт құру керек» деген бастама көтердік. Содан кейін әйтеуір Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтының ішінен Әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттеу орталығы ашылды. Мен онда 2,5 жыл директордың орынбасары қызметін атқарып, зерттеулер жүргіздім. Бірақ, уәкілетті орган болмағандықтан, тиісінше, демографиялық зерттеулерге ешқандай қызығушылық болмағандықтан, қаржыландыру тоқтады, салдарынан, орталық жабылып қалды. Кез келген дамыған елді алып қарасақ, демографиялық саясат басты рөлде тұрады. Демографиялық ахуал – бұл ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі.

Мысалы, «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында демографиялық жағдай басымдықтардың бірі болып белгіленген. Бірақ, ол сөз жүзінде ғана қалды. Отбасы және гендерлік саясаттағы тұжырымдама бар, демографиялық даму туралы саясат осымен бітіп отыр. Алайда, отбасы саясаты мен гендерлік теңдікті қатар қою мүмкін емес, өйткені, екеуінің мақсат-міндеті екі түрлі. Көші-қон саясаты бар. Бірақ, шетелден 1-1,1 млн қазақты көшіріп әкелдік, болды. Бірақ, көші-қон арқылы Қазақстанның демографиялық ахуалын жақсартамыз деген – утопия. Өйткені, 30 жыл бойы халық саны табиғи өсіммен өсіп отырмыз. Кезінде көші-қон бағдарламасына қаржы құйылып, жүзеге асқанда ғана демографиялық жағдайымыз миграция есебінен көбейді.

Алайда, демографиялық жағдайымыз қазір сол көші-қон көрсеткіші есебінен кеміді. Тіпті, ел ішіндегі көші-қон бағдарламасын алып қарайық. Ол бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке отбасыларды көшіреді, сонымен жергілікті биліктің, жауапты органның жұмысы аяқталады. Ал, ары қарай, көшіп келген халық суық өңірлерде қалай өмір сүріп жатыр, олар сол көшіп келген жерінде қалды ма, қалуға ниетті ме, қандай қызметке орналасты, қай жерде тұрады деген сұраққа жауап жоқ.

– Өз сөзіңізде сіз Қазақстан соңғы 30 жыл ішінде тек табиғи өсімнің арқасында халық санын өсірді дедіңіз. Жалпы, демографияның көші-қон саясаты сияқты тетіктері нәтиже бермесе, үнемі табиғи өсіммен халық санын көбейте беру мүмкін бе?

– 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақыны көбейткен кезде «елдегі туу көрсеткіші соның арқасында өсті» деді. Бірақ, 2020 жылы дүние келген бала 2019 жылдың ортасынан бастап анасының бойына бітеді емес пе? 2022 жылдың 12 айын алып қарасақ, бала туу көрсеткіші елу мың балаға кеміді. Сол жылдары мен бұл уақытша құбылыс екенін айтқамын. Үнемі солай бала туу көрсеткіші жоғары болады деп үміттенуге болмайды. Өйткені, ұрпақ ауысады. 2020-2021 жылы дүниеге келген балалар отбасындағы төртінші, бесінші балалар. Сексенінші жылдары дүниеге келген қыз-келіншектер өзінің төртінші, бесінші балаларын дүниеге әкелді. Ал, сексенінші жылғы адамдардың репродуктивті көзқарасы мүлде бөлек болса, 90-шы жылдармен 2000-ші жылдары туған адамдардың репродуктивті көзқарасы мүлде бөлек. Міне, мен неге демографиялық құрылымға аса көңіл бөлу керек деп отырғанымның бір мысалы осы. Сондықтан да, біз халықтың санына емес, жас-жыныстық құрылымына көңіл бөлуіміз керек. Себебі, демография дегеніміз – жай ғана бір құжаттардағы сан емес, бұл негізінен ұлттық қауіпсіздіктің бір нышаны.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Айта кетейік, демограф сұхбатының алғашқы бөлімінде мынандай пікірін алға тартқан болатын:

«Ал, қазір Қазақстандағы шенеуніктер «халық саны онсыз да өсіп жатыр, оған демографиялық саясат неге керек» деп ойлайтын сияқты.  Бірақ, демографиялық әлеуетімізге ешқашан бей-жай қарауға болмайды. Себебі, кез келген мемлекеттің күші ол – халық. Және де халықтың жалпы санымен емес, халықтың жас жыныстық құрылымы, этникалық құрамы мен кәсіби құрылымына ерекше мән берілу керек. Мысалы, шартты түрде А елінде де 100 мың адам, Б елінде де 100 мың адам тұрады делік. Екеуін де жылдық өсім 1 пайыздан болсын дейік. Бөліп қарасақ, А елінің тек қана 10% балалар, 40% кәрі адамдар, қалған 50% еңбекке жарамды адамдар делік. Ал, Б елінің 30% балалар, 3-5% қарт адамдар, ал қалғаны еңбекке жарамды халық ейік. Сонда, қай елдің экономикалық басымдылығы жоғары болады? Әрине, екінші елдің. Өйткені, ол елдің жас-жыныстық құрылымы жас. Міне, сондықтан да, Үкімет көп балалы отбасыларды қолдау, демографиядағы жас-жыныстық құрылымның сапасына терең талдау жүргізе отырып, кешенді шаралар қабылдауы керек», - деген.

Серіктес жаңалықтары