$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2023, 15:10
Қоғам

Баға мен қызметтің сай келмеуі, инфрақұрылым: елдегі туризм саласының кемшін тұстары

Биыл Қазақстанда туризмді дамыту үшін 288 млрд теңгеге 115 жобаны іске асыру көзделген

Баға мен қызметтің сай келмеуі, инфрақұрылым: елдегі туризм саласының кемшін тұстары
фото: ашық дереккөзден

Ұлыбританиядағы танымал басылым - Condé Nast Traveler журналы «Қазақстанға барып, көруге тұрарлық ең тартымды мекендер» атты мақала жариялады. Мақала авторлары Алматы, Астана қалаларындағы, Бурабайдағы, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарындағы табиғаттың көрікті мекендері туралы жазып, таңдаулы суреттерін ұсынған. Бұл мақала – Қазақстан үкіметі тарапынан қаржыланған ба, жоқ па, белгісіз, алайда аты аталған аймақтардағы демалыс орындарының инфрақұрылымы жиі сынға ұшырайтыны да жасырын емес. Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселені анықтап көрмек.

ҮКІМЕТ 10 ТУРИСТІК ДЕСТИНАЦИЯНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТПАҚ

Астаналық Мақсат Болатұлының отбасы биылғы демалысын шетелде өткізбек. Өйткені, ел ішін жиі аралайтын азамат бір жағынан Қазақстандағы курорттық аймақтарға жететін жолдың сынға алса, екінші жағынан, демалатын орынның өзінде сервис пен инфрақұрылым нашар деген пікірде.

«Балқаш көліне барып, демалдық. Астанадан Балқаш қаласына барғанша аракідік өте нашар жолдар бар, оны жүріп өту үшін темірдей жүйке әрі денсаулық керек. Мәселен, менің жолдасымның аяғы ауыр еді, шыны керек шұңқыр-шұңқыр жолдардан өткенше, босанып қала ма деп қатты қорықтым», - дейді ол.

Балқаш жағасындағы демалыс орындарының біріне тоқтаған отбасы тағы да біраз проблемаға тап болған.

«Жататын бөлмелер суреттегідей болмады, өзіміздің көрпе-жастыққа жаттық. Көлдің суы тамаша, жанға жайлы болды. Бірақ демалыс орнындағы сервис пен сапа көңілімізден шықпады», - дейді ол.

Міне, Қазақстан азаматтарының көбі қаражатын шетелдің туризміне салып жатқанын осыдан байқауға болады. Бұл мәселені шешеміз әрі керісінше, шетел азаматтарының қаражатын өз нарығымызға тартамыз деген Үкімет туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Күні кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен осы тұжырымдама талқыланған кеңес өткізді. Кеңесте Туризм саласын дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 туристік дестинациясындағы (туристер көп баратын орын, курорт – авт.) инфрақұрылымды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, елімізге шетелдік туристерді көптеп тарту мәселелері талқыланған.

Осы ретте, бұл міндеттерге жетудің жолы мен туризм нарығымыздың қазіргі жай-күйін білу үшін Azattyq Ruhy туризмнің дамуына тікелей жауапты орган – Мәдениет және спорт министрлігіне бірқатар сауал жолдаған болатын.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМІНДЕГІ ТУРИЗМНІҢ ҮЛЕСІ ҚАНША?

Жалпы, Қазақстан үкіметі туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай, 2025 жылға қарай ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің үлесін кемінде 8%-ға жеткізуге ынталы болған. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, пандемия салдарынан бұл міндетке жету мерзімі баяулап қалған.

«Туризмді дамытудың негізгі мақсаты 2025 жылға қарай елдің ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі туризм үлесін кемінде 8% қамтамасыз ету. Осы мақсатқа қол жеткізуді бағалау WTTC (Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесі) әдіснамасы бойынша жүргізілген. 2017 жылы WTTC бойынша еліміздің туризмі ЖІӨ-де 6% құрады. Бұл ретте 2025 жылға дейін үлесті 8%-ға ұлғайту көзделді. Алайда, пандемия салдарынан туризмі ЖІӨ-і төмендеген болатын. Сонымен қатар WTTC әдіснамасы өзгеруіне байланысты тарихи көрсеткіштер де өзгертілген болатын. Мысалы WTTC 2020 жылғы көрсеткішті 2,4%-дан 1,6% ауыстырды. Осыған байланысты, жоғары тұрған құжаттағы көрсеткіштерге қол жеткізу мониторингі кезінде Ұлттық даму жоспарына сәйкес көрсеткішті 8 жыл ішінде ЖІӨ үлесінің 2%-ға өсуін ескере отырып түзету ұсынылады. Тұтастай алғанда, алдағы уақытта ЖІӨ-ні есептеудің WTTC әдіснамасынан бас тарту және СЖРА Ұлттық статистика бюросы қалыптастыратын сала бойынша ЖҚҚ-ның ресми статистикалық деректерді қолдану көзделіп отыр», - деп жауап берді министрлік.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, елдің ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі 3 компоненттен тұрады. Олар:

1. тікелей салым – ішкі және шетелдік туристердің шығыстары бойынша көрсеткіштер, туристік объектілерді ұстауға арналған мемлекеттік шығыстар;

2. жанама салым – туризмге инвестициялар, компаниялардың сатып алуларының жергілікті мазмұны, салаға жұмсалатын мемлекеттік шығыстар, туристердің ілгерілеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

3. туынды салым – компания қызметкерлерінің еңбегіне төленетін жиынтық шығындар.

ҚАЗАҚСТАНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ НАШАР НЕШЕ ТУРИСТІК НЫСАН БАР?

Дәл осы сұрақты Мәдениет және спорт министрлігіне жолдадық. Дәл аттарын атап, түстерін түстемеген министрлік инфрақұрылымды дамыту үшін не істеп жатқандарын баяғандаған. Дереккөзге сүйенсек, соңғы 3 жыл ішінде қаржыландыру 170 млрд теңге сомасына 118 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға бөлінді.

«Жаңа нысандар ашылып жатыр. 2022 жылы 40 млрд теңге сомасына 138 инвестициялық жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта инвест пулда 2,8 трлн теңге сомаға 2030 жылға дейін іске асыру мерзімімен 202 инвестициялық жоба тұрақты бақылауда тұр. Биыл 288 млрд теңге сомасына 115 жобаны іске асыру жоспарланған. Инфрақұрылымды дамыту басым туристік аумақтар шеңберінде жалғастырылатын болады. Бұл – Алакөл көлі, Алматы өңірінің тау кластері, Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Баянауыл курорттық аймағы, Имантау-Шалқар курорттық аймағы, Балқаш көлі, Түркістанның тарихи-мәдени туризмін дамыту, Маңғыстау жағажай туризмін дамыту, Астана қаласында MICE туризмін дамыту, «Байқоңыр» туристік аймағын дамыту. Бүгінгі таңда біз шамамен 143 млрд. теңге сомаға осы аумақтарда дайын ЖСҚ-сы (жобалау-сметалық құжаттамасы) бар 39 инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға қосымша қажеттілігіміз бар», - делінген министрліктің жауабында.

ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫ ҚАШАН 100% ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ?

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, туризмді дамыту бағдарламасы Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдарды салу және қайта құрылымдау, демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту, Шучье-Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару станцияларын салу және т. б. іс-шаралар қарастырырады. Туристік нысандар шын мәнінде толығымен интернетке тартылатын уақытты Мәдениет министрлігі нақты атаған жоқ. Дегенмен, тиісті жұмыс жүріп жатыр дейді олар.

«Интернет мәселесі бойынша айтатын болсақ, көп ұзамай ол One Web спутнигінің арқасында өз шешімін табады. Бұл үшін көлікте, базалық станцияларда және т.б. портативті жабдық жеткілікті болады және осылайша жетуге қиын жерлерде байланыс орнатылады. Бұл мәселеде біз ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен белсенді ынтымақтасамыз», - деп жауап берген Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары