$ 529.65  544.64  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.02.2023, 14:11
Қоғам

Қазақстанға демографиялық саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган керек – демограф

2023 жылдың басында Қазақстан халқының саны 19 млн 765 мың адамнан асқан

Қазақстанға демографиялық саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган керек – демограф
фото: egemen.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген болатын. Қазақстанның басты байлығы халық екенін жиі айтатын президент тиісті тараптарға оның өсімін, лайықты өмір-сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін міндеттер жүктеп отырады. Осы ретте, Azattyq Ruhy «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, демография магистрі Аяулым Сағынбаевадан сұхбат ала отырып, Қазақстанның демографиялық ахуалын жақсартып, Орта Азиядағы өзге елдер сияқты қарқынды өсімге жету үшін не істеу керек және бұл бағытта қандай мәселелерге баса назар аудару керек деген түйіткілдердің түйінін тарқатуға тырысты. 

– Аяулым Зарлыққанқызы, Қазақстанның халқы 19 млн адамнан асты деп қуанғанымыз рас. Бірақ, демографиялық дамуда, демографиялық саясатта шешілмеген қандай мәселелер бар?

– Менің айтқым келетін басты мәселе – Қазақстанда осы демографиялық саясатты жүзеге асыратын және бақылайтын, яғни демографиялық жағдайды кешенді түрде қарастыратын уәкілетті орган жоқ. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі негізінен жас ұзақтығы мен өлім-жітімге жауап береді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы мен көші-қон процессін реттеуге жауапты болса,  Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон полициясы тіркейді.  Жастар және отбасы комитеті отбасылық саясат пен жастардың жағдайына жауап береді, Ұлттық статистика бюросы тек қана статистикамен қамтамасыз етеді, бірақ, демографиялық саясатқа мүлде араласпайды, Ұлттық экономика министрлігі аумақтық дамуға жауап береді. Аумақтық даму дегенде де экономикалық, әлеуметтік дүниелер көбірек қамтылады, ал, халық саны сөз күйінде қалып тұр. Өйткені, макроэкономикалық болжамдардың өзі біздің елімізде халық санына негізделмеген. Негізгі зерттеулер доллардың құны, алтынның құны, газ бен мұнайдың құнына негізделеді. Ал, осы ретте айта кету керек, Қазақстанда халық санының өсуі тек қана табиғи өсімнің арқасында болып отыр. Туу деңгейі жоғары болғандықтан, өлім-жітімнен болатын халық кемуін жауып отыр. Бірақ, бұл жерде де соңғы 5-6 жылда халық санының өсу қарқындылы өзгеріссіз жыл сайын 1,3 пайызға өсіп отыр. Ал, көші-қон сальдосы 2012 жылдан бастап үнемі теріс мәнде келе жатыр.

– Яғни, Қазақстанда демографиялық саясатқа кешенді түрде жауап беретін белгілі бір уәкілетті органның жоқтығы демографиялық өсімімізге кері әсерін тигізіп отыр дейсіз ғой?

– Иә, солай. Дегенмен, мен алдымен басты айтар ойымды аяқтап қалсам, Қазіргі кезде үлкен демографиялық үлкен проблеманың бірі – өңірлік дамудағы диспропорция, яғни, халық санының кемуі болып отыр. 2023 жылдың 1-қаңтарында Қазақстан Республикасында 19 млн 765 мың 4 адам тұрды. Өткен жылдың басымен салыстырғанда, өсім қарқыны 1,34 пайыз болды. Көші-қон сальдосы теріс мәнде, 6940 адам болса, табиғи өсім 268 791 адам болды. Сәйкесінше, халық санындағы жалпы өсім 261 мың 845 адамды құрады. Қазақстанда ұдайы түрде халық санының кемуі Қарағанды облысы, Қостанай облысы, СҚО, Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Яғни, осы аймақтарда депопуляция бар. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында табиғи кему болып жатыр. Яғни, өлгендердің саны туғандардың санынан көп. Неге солтүстік өңірлерде туу деңгейі төмен деген сұраққа жауап беретін болсақ, біріншіден, халықтың жас жыныстық құрылымына, екіншіден, этникалық құрылымына байланысты. Жаңағы солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде негізгі халықтың басым көпшілігі еуропалық этностар.

Ал, еуропалық этностарда халықтың қартаю деңгейі жоғары, сонымен қатар, репродуктивті жастағы халықтың саны аз болады. Және де репродуктивті көзқарастары мүлде бөлек, көбінде олар қалалық жерлерде өмір сүреді. Бізге өсім беріп отырған өңірлер – Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе облыстары. Яғни, оңтүстік пен батыс өңірлер. Ал, халық санының жалпы өсімінде жоғары көрсеткішке ие екі қала - Астана және Алматы қалалары. Бірақ, бұл екі қаладағы халық санының өсімінің компоненттерін қарасақ,  Астанада 58 мың адамға көбейгенімен, оның 33 мыңы көші-қон есебінен болып отыр. Ал, ауылды жерлердің демографиясын талдасақ, Абай облысында, Ақмола облысында, Жетісу облысында, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстарында ауылдағы халықтың саны кеміп отыр. Оның негізгі себебі – теріс көші-қон сальдосы. Солтүстік Қазақстан облысында табиғи кему қалалық жерлерде де, ауылдық жерлерде де тіркелген. Ал, ауылдық жердегі табиғи кему дегеніміз – ауылдық жерде туу деңгейінің төмен деген сөз. Жалпы, урбандалған зоналарда туу деңгейі әрдайым төмен болады. Урбанизация үрдісінің демографияға тигізетінтеріс салдары осы.

– Қазақстан үкіметінің көп балалы отбасыларды қолдау шаралары, жалпы, отбасы институтын қолдау бағытында атқарып жатқан жұмыстары демографиялық өсімге қандай нәтижесін бере алады?

– Бұл сұраққа салыстырмалы түрде жауап берсек, Қазақстанда көп балалы отбасы қатарына төрт және одан көп баласы бар отбасылар ғана қосылады. Бала он сегізге толғаннан кейін оқу орнына түспесе, яғни, 21 жасқа дейін жалғастырмаса, ондай отбасы көп балалы отбасы санатынан шығып қалады. Яғни, заң бойынша, бала жоғарғы оқу орнына түспесе, көп балалы отбасы санатынан алынып қалады да бала оқуын аяқтаса, көп балалы отбасы болып қалады. Ал, Швейцарияны алып қарасақ, бұл елде екі бала көп бала болып есептеледі. Франция, Германия елдерінде үш бала көп балалы болып саналады. Батыс елдерінде бала саны артқан сайын отбасыға деген экономикалық ынталандыру бар. Халықтың туу деңгейін жоғарлату саясаты оларда осылай жүзеге асып жатыр.

Ал, «Қазақстан, яғни, біз қандай демографиялық саясатты қолданып жүрміз?» деген сұраққа жауап жоқ. Өйткені, сұхбатымның ең басында айтқанымдай, Қазақстанда демографиялық саясатқа жауап беретін уәкілетті орган жоқ. Біздегі соңғы демографиялық саясат тұжырымдамасы 2011 жылы өзінің жұмысын тоқтатқан. 2007 жылға дейін Қазақстанда Демография және көші-қон жөніндегі агенттік жұмыс істеді. Демография деген аты болмаса, ол ұйым көші-қон, қандастармен мәселесімен айналысқан болатын. Дегенмен де, жақсы болсын, жаман болсын, құжат болды, сәйкесінше, құжат бойынша бақылау болды.

Ал, қазір Қазақстандағы шенеуніктер «халық саны онсыз да өсіп жатыр, оған демографиялық саясат неге керек» деп ойлайтын сияқты.  Бірақ, демографиялық әлеуетімізге ешқашан бей-жай қарауға болмайды. Себебі, кез келген мемлекеттің күші ол – халық. Және де халықтың жалпы санымен емес, халықтың жас жыныстық құрылымы, этникалық құрамы мен кәсіби құрылымына ерекше мән берілу керек. Мысалы, шартты түрде А елінде де 100 мың адам, Б елінде де 100 мың адам тұрады делік. Екеуін де жылдық өсім 1 пайыздан болсын дейік. Бөліп қарасақ, А елінің тек қана 10% балалар, 40% кәрі адамдар, қалған 50% еңбекке жарамды адамдар делік. Ал, Б елінің 30% балалар, 3-5% қарт адамдар, ал қалғаны еңбекке жарамды халық ейік. Сонда, қай елдің экономикалық басымдылығы жоғары болады? Әрине, екінші елдің. Өйткені, ол елдің жас-жыныстық құрылымы жас. Міне, сондықтан да, Үкімет көп балалы отбасыларды қолдау, демографиядағы жас-жыныстық құрылымның сапасына терең талдау жүргізе отырып, кешенді шаралар қабылдауы керек.

(Сұхбаттың екінші бөлімі келесі материалда жарық көреді)

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары