«Телефонға тәуелді балалардың ең кішісі – 2 айлық нәресте»: ата-аналар психологтың көмегіне жиі жүгіне бастады
Мамандар сандық технология дамыған сайын бүлдіршіндердің ойлау қабілетінің дамуы тежеледі деп дабыл қағып отыр
Алматылық психиатрлар «Баланы зиян шектірмей телефоннан қалай алыстатуға болады?» деген әдістемелік құрал әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мамандар сандық технология дамыған сайын бүлдіршіндердің қоршаған ортамен қарым-қатынасы азайып, компьютерлік ойындарға үйір болып, қимыл-қозғалысы шектеліп, ойлау қабілетінің дамуы тежеледі деп дабыл қағып отыр.
Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, алматылық ата-аналардың психологтардың көмегіне жүгінуі жиілеген. Телефонсыз тамақ ішпейтін, ұйықтамайтын, ойнамайтын тәуелді балалардың ең кішкентай 2 айлық нәресте екен. Цифрлы дәуірде белең алған осындай оқиғалар әдістемелік оқу құралын әзірлеуге түрткі болды, дейді орталық басшысы.
«Біріншіден, цифрлы құрылғыларға жіпсіз байланған балалардың көру қабілеті нашарлайды. Офтальмолог мамандардың кабинетінде қазір ұзын-сонар кезекті көресіз. Екіншіден, бала телефонға телміргенде бір қалыпты отырады. Бұл омыртқаларының қисық өсуіне тікелей әсер етеді. Үшіншіден, олардың психикалық мінез-құлқы өзгереді. Мінезі тез құбылады. Телефонды алып қойса, ашуланып, дау шығарады. Сіркесі су көтермейді. Қаны басына шауып, жұлқынып, айбат жасауға да дайын тұрады. Бұл біздің орталықта емделген балаларды зерттеу барысында мінез-құлықтағы өзгерістер, оқшаулану сияқты өзгерістерді байқадық. Бұл балалардың бойында телефонсыз қаламын, қуаты сөніп қалады деген үрей, қорқыныш та басым. Мұны қазір номофобия деп атайды», - дейді орталық директоры Сапар Рахменшеев.
Бұдан бөлек, биыл Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығына жүйке жүйесі ауруларына шипа іздеп келген балалар саны 200-ге көбейген.
«Қазіргі таңда Алматыда 2 мыңға жуық кәмелет жасқа толмаған ұл-қыз психикалық есепте тіркеуде тұр. Олардың 12-і шизофрения F20 , 664 ақыл-есі кем науқастар, аутизмге шалдыққан 613 бала дәрігерлердің бақылауында. Биыл психикалық ауруларына шипа іздеп келген балалар саны 200-ге жуық көбейген», - дейді орталық мамандары.