Жергілікті атқарушы органдар тыңайтқыштарды субсидиялауға биыл 31,3 млрд теңге теңге бөліп отыр
Биыл көктемгі егіс науқанына 413 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бірақ жыл сайын көктемде диқаншылар дизель отынын іздеп әлекке түседі. Ауыл шаруашылығы министрлігі биылдан бастап дизель отынына электронды кезек орнатпақшы: бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы диқаншыларға дизель отынын жеңіл бағамен тарататын Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені шеше ала ма? Бұл мәселеде шаруаның бел ортасында жүрген диқаншылар не дейді? Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрді.
413 МЫҢ ТОННА ДИЗЕЛЬ ЭЛЕКТРОНДЫ КЕЗЕК АРҚЫЛЫ СУБСИДИЯЛАНУЫ МҮМКІН
Қазақстанның өңір-өңірлерінде диқандар техникасы мен жерін дайындап, көктемгі егіс жұмысына кірісіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметіне сүйенсек, биыл егіс алқабы 23,4 млн гектар болмақ. Осының ішінде, дәнді дақылдар, бұршақ және жемшөп дақылдары, қант қызылшасы мен күріш дақылдарының алқабы көбейсе, мақсары, соя және қыша сияқты майлы дақылдар аз егілмек. Дегенмен, Қарашөкеев кешегі Үкімет отырысында Премьер-министрді жоспарланып отырған егіс көлемі ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге жетеді деп сендірді. Биылғы егін егу науқанына Үкімет 413 мың тонна дизель отынын бөліп отыр.
Осы дизель отыны дегенде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бір жаңашылдығы бар – жылда Қазақстанда көктем бастала шаруалар дизель отынынан тарығады. Ол жасырын емес. Енді биыл министрлік талқылауға жаңа нормативтік-құқықтық акт шығарып, сол арқылы дизель отынын субсидиялау үшін электронды кезек арқылы үлестіруді көздеп отыр.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл маусымдық ауылшаруашылық жұмысына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктерін іске қосады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Дегенмен баспасөз қызметінің бізге түсіндіргеніндей, бұл жаңашылдық қазір Ашық үкімет порталында енді талқыланып жатыр және шаруалар тарапынан ұсыныс қабылдауға дайын. Ал ұсынылып отырған өзгеріс қабылданса, онда биыл дизель отыны диқандарға электронды кезек арқылы таратылады.
«Шаруаларға берілетін жанармай көлемін қалыптастыруда ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлеріне қарай, дизель үшін жанармай көлемі 1 гектарға кететін шығын нормативіне сай, егіс алқабының көлемін ескере отырып бөлінеді», - деп хабарлады АШМ-ның баспасөз қызметі.
Баса айта кететін жайт, дизель отынын алатын шаруалардың тізімі gosagro.kz порталында автоматты түрде пайда болып отыр.
ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫНЫҢ НАРЫҚТАҒЫ БАҒАСЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Энергетика министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл дизель отынының кепілдік берілген көлемінің құны мұнай өңдеу зауыттарынан шыққанда тоннасына 222 мың теңге болып айқындалған.
«Дегенмен жанар-жағармайды жеткізу шығындарын ескерсек, шаруалар үшін жанармайдың ең түпкі бағасы жанармай құю станцияларындағы нарықтық бағадан 15-20%-ға арзан болады», - деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Кішкене көл ауылындағы шаруа қожалығының иесі Сәбит Бағдатовтың айтуынша, қазіргі жүйенің әлсіздігінен шаруалар расымен де жыл сайын дизель отынынан тапшылық көреді.
«Қазіргі жүйе бойынша ақшасы мол шаруа қожалықтары үлкен көлемде алып алады да жер-жерге цистерндермен дизель жеткенде ажиотаж басталды. Осылайша, мысалы бір ауданға төрт цистернамен дизель келсе, жетпей, шаруалар келесі кезекті күтетін. Ал оның бәрі уақыт. Қазір талқыланып жатқан өзгеріс осы қалпында, яғни дизель отыны электронды кезек бойынша таратылатындай қабылданса, ол жүйеде аз да болса ашықтықты қамтамасыз етеді деп үміттенемін. Сол сияқты бұл бастама шынымен gosagro.kz сайты арқылы жүзеге асса, жақсы болады. Өйткені, бұрынғы жүйе бойынша мысалы 200 гектар жері бар адам 500 гектар жерім бар деп, гектарына шаққанда көп дизель алып кетуі мүмкін еді. Ал gosagro.kz сайтында біздің егіндіктеріміздің электронды құжаттары шығып, әр шаруада шын мәнінде неше гектар жер екені электронды нұсқада жазылып тұрады әрі кезек әділ болар еді», - дейді Сәбит Бағдатов.
«СУБСИДИЯ КӨЛЕМІ ҮШ ЖЫЛҒА БЕКІТІЛЕДІ, АЛ БАҒА ЖЫЛ САЙЫН ШАРЫҚТАЙДЫ»
Биыл шаруалар егетін егінді түрлі зиянды жәндіктерден қорғайтын және өнім көлемін арттыру үшін қажетті тыңайтқыштардың 704 мың тоннасын ұсыну көзделіп отыр. Осы тыңайтқыштардың бағасын субсидиялау бағдарламасына жергілікті атқарушы органдар бюджеттен 31,3 млрд теңге бөлінген.
Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруа Сәбит Бағдатовтың айтуынша, осы тыңайтқыш және жәндіктермен күресетін химиялық препараттардың құнын субсидиялауда шаруалар келіспейтін мәселе бар.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі «химияға» бөлінетін субсидия көлемін бір бекіткенде үш жылға бекітеді. Мысалы, глифосаттың субсидиясы оның литрі 3000 теңге болғанда үш жылға бекітіліп, сол кезде оның елу пайызын мемлекет субсидиялайтын. Ал былтыр оның бағасы литріне 5000 теңгеге жетті, биыл 6000-7000 мың теңгеге дейін барады. Егер биыл осы глифосаттың литрін 7000 мың теңгеден сатып алсақ, субсидияның көлемі осы 7000 теңгенің жартысы емес, үш жыл бұрын бекітілген 3000 теңгенің жартысы, яғни 1500 теңге болады. Сондықтан, менің ойымша, бұл мәселеде не үкімет бағаны реттеп тұру керек немесе жыл сайын бағаға талдау жасап, субсидия көлемін өзгертіп отыру керек», - дейді Сәбит Бағдатов.
Бұл ретте диқан техникаға берілетін субсидияның да тетіктерін қайта қару керек дейді.
«Былтыр, яғни 2022 жылдың сәуір айында 19 млн 715 мың теңгеге егін егетін техника сатып алдым. Бірден субсидияға өтініш бердім. Өтінішім үш ай қаралды, жарайды, бұл тұсын түсінуге болады. Ал ең қызығы маған субсидия осы 19 млн 715 мың теңгенің 25 пайызы көлемінде емес, техниканың үш жылға бекітілген бағасы бойынша, яғни, 14 млн теңгенің 25 пайызы төленді», - деді сөзін аяқтаған Сәбит Бағдатов.