Кедейлік, сауатсыздық, «жұрттан қалмау» синдромы: маман азаматтардың «несиелік құлдыққа» түсуі жайлы
Ел азаматтары банктерге 7,6 трлн теңге қарыз
Қазіргі таңда несиесі бар адамға қарағанда несиесі жоқ адамды кездестіру таңғалдыратыны рас. Азаматтардың басындағы қарыздың көптігін статистика да дәлелдеп отыр. Оған қоса несиесін төлей алмай жүрген ағайын өзін банкрот етіп жариялай алатын заң жобасы да әзірленді. Несиеге батқан халықтың жағдайы сонша мүшкіл ме? Әлде қаржылай сауаттылықтың төмендігі ме? Azattyq Ruhy тілшісі осы бағыттағы мәселелерге жауап іздеп көрді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдың 11 айында жеке тұлғалардың банктер алдындағы несиелері 29,4%-ға өсіп, 13,9 трлн теңгені құраған. Оның ішінде тұтынушылық несие көлемі 7,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл тұрғындардың тұрмыстық техника мен қажетті дүниесін несиеге алғанын көрсетеді. Жалпы елімізде банктерге берешегі бар 6 млн 868 мың адам бар. 90 күн төленбеген несиелердің үлесі 461 млрд теңгені құраған. Ал қарызын 90 күннен артық төлемей жүрген борышкерлер саны 536 мыңға жеткен.
Несиесін төлей алмай жүргендердің төлем қабілетін жақсартуға мүмкіндік беретін «Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды. 3 наурыздан бастап банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталады. Бұл – қарызға батқан азаматтарға мемлекеттің көрсетіп отырған жәрдемі. Ал олардың мұндай күйге қалай жеткені туралы сауалдың жауабын экономист Қуанышбек Дүйсеновтен сұрап білдік.
Экономистің айтуынша, 9,2 миллион экономикалық белсенді азаматтың 7,2 миллионында қандай деңгейде болмасын несиенің бар екендігі шындық.
«Экономикалық тұрғыдан алғанда несиенің жоғары деңгейінің ел үшін оң және теріс салдары болуы мүмкін. Бір жағынан бұл адамдардың жаңа инвестициялар мен тұтынуды қаржыландыру үшін несиеге қол жеткізе алуы өсіп келе жатқан экономиканы көрсетуі мүмкін. Бұл сұраныс пен өсуді ынталандыруды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының пайда болуы мен мүмкіндіктер ашуына әкеледі. Дегенмен бізде көп жағдайда тұтынушылық несиелер басым екенін ескерсек, оң әсер бар деп айту өте қиын», - дейді сарапшы.
Экономист атағандай, екінші жағынан бұл адамдар несиелерін өтей алмай, банкроттыққа әкелетін несиелік дағдарыс болуы мүмкін.
«Жақында жарияланған «Банкроттық туралы» заң елдің көп азаматында несие болуының теріс жағын көбірек дәлелдейтін секілді. Бұл тұтастай алғанда экономикаға, соның ішінде қарызы бар банктер мен қаржы институттарына әсер етіп, тіпті экономикадағы рецессияға әкелуі мүмкін. Осылайша, жалпы несиеге тәуелді азаматтардың көп болу үрдісін қалыпты деп айта алмаймыз», - дейді Қуанышбек Дүйсенов.
Экономистің айтуынша, азаматтардың несиеге жиі жүгіну проблемасына нақты бір тарапты кінәлі деп айту қиын.
«Мемлекет тарапынан ел азаматтарын тікелей несие алуға шақыратын ешқандай әрекет көріп отырғанымыз жоқ. Ал мемлекет қолдайтын несиелердің көбі ел экономикасын арттыруға бағытталған төмен пайызды бизнеске берілетін несиелер немесе әлеуметтік бағдарланған несиелер ғана. Бұл жерде мемлекет азаматтары көп жағдайда қандай уәждеме негізінде несиелер алатынын әрі оның ішінде табыстың жетіспеушілігі немесе ел азаматтарын «кедейлік шекарасына» жеткізетін себептер болса, мемлекет тарапынан нақты осыны шешуге қатысты шаралар шұғыл іске асырылуы қажет. Ол төменгі жалақы деңгейі немесе банкроттық туралы заң болуым мүмкін», - деді ол.
Маманның айтуынша, жалақысынан төлейтін несиесі көп адамдар болады.
«Бір несиені аламын деп, екінші несие алып, ол несиені жабамын деп үшінші несие алатын жағдайды «несиелік құлдық» дейді. Бұл жағдайға қаржылық сауаттылығы төмен азаматтар түседі. Дегенмен белгілі бір деңгейде қаржылық сауаттылығы бар азаматтар түсіп жатқан жайттар да баршылық. Көп жағдайда себептер әртүрлі, бірақ көбінесе мәселені уақытылы шешу үшін қаражаттың жетіспеушілігінен болатыны анық. Сәйкесінше, екі фактордың да үлесі бірдей деп нақты айтуға болады. Мұндай жағдайдың нақты жауабын тек жалпы табыс деңгейінің өсуінен бақылауға болады. Себебі елдің жалпы табыс деңгейі артқан сайын «несиелік құлдықтағы» азаматтар азайса, онда мәселе «тығырыққа тірелуге» қатысты деп айта аламыз. Ал егер азаймаса, онда қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігі деп дөп басып айтуға болады», - деді Дүйсенов.
Маман несиеге белшеден батуға «жұрттан қалмау» синдромы қалай әсер ететінін айтты.
«Жалпы «жұрттан қалмау» синдромымен қатар қазіргі уақытта несиені алу жолы жеңілдеп кеткенін ескерген жөн. Әлбетте, мұның нақты үлесін нарықтағы трендтегі өнімдер мен оларға деген азаматтардың несиелену үлесін есептеу арқылы ғана баға беруге болады. Ал әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларда трендтегі «жария жетістікке жеткен» өмір салты, осы өмір салтына жетпеген азаматтарда ішкі күйзеліс пен сондай өмірге ұмтылысты тудырады, ал ұмтылыс негізінде жету жолы, өкінішке қарай, осы несие алу арқылы іске асып жатқаны «несиелік құлдыққа» апарып соғады», - дейді Қуанышбек Дүйсенов.
Елордаға арман қуып келген жастардың бірі – Бекжігіт Қараманұлы (спикердің қалауымен аты-жөні өзгертілді – ред.) тапқан-таянғанының барлығына несие өтеп отырғанын айтты.
«Қазіргі жалақым 200 мың теңгенің айналасында. Бірақ жұрт сияқты жалақым түседі деп күтпеймін, қуанбаймын да. Себебі оның баратын орны бар. Қалған күнкөріске таксилетіп табамын. Оның ішінде жалға алған пәтер, жүріп-тұру, азық-түлік кіреді. Былай қарағанда өлместің күнін кешіп жүрмін. Әрине, кезінде осынша несиені алып тастағаныма да өкінемін. Бірақ болар іс болды, өткенге өкініп қарағаннан ештеңе өзгермейді. Тірі адам тіршілігін жасай береді. Бір жағынан барлық проблема тек ақшалай болсын деп ойлаймын. Себебі ол шешілетін дүние. Бастысы – денімнің саулығы, жақындарымның амандығы. Ал несие кімде жоқ. Ақырындап, біртіндеп одан да құтыламын деп ойлаймын. Одан кейін әр қадамымды абайлап басып, «несиелік құлдыққа» түспеуге тырысамыз ғой», - дейді Қараманұлы.