«Адам санына шектеу қойылмайды». Митинг туралы заңда тағы не өзгереді?
Жаңа заң жобасы қабылданса митингтер қаланың шетінде емес, орталығында өтуі мүмкін және оған 18-ге толмаған жасөспірімдер де қатыса алады
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын дайындап жатыр. Аталған құжатты талқылау үшін бүгін қоғам өкілдері елордада жиналды.
Не өзгереді?
Қоғамдық тыңдау барысында министрлік жазған Заңнан бірнеше пункт алынып тасталатыны белгілі болды. Мәселен, бұған дейінгі ескерту арқылы бейбіт жиналыстарға шыққандар саны 250-ден аспау керек деген шектеу жойылады. Себебі, бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі отандық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында айтқан болатын.
«Үкіметтің заңындағы ескерту арқылы бейбіт жиналыстарға шыққан азаматтардың саны 250- ден аспасын деген шектеуді мақсатқа сай емес деп есептеймін», - деген еді ол.
Дәурен Абаевтың орынбасары Данияр Есиннен бұған қатысты біз де сұрадық.
«Әуел баста ескерту түрінде 250 адам белгіленген орынға пикетке, бейбіт жиналысқа, митингке шыға алады деп жазылған еді. Одан көп адам болса рұқсат алу қажет делінген болатын. Мемлекет басшысы өз пікірін айтты. Енді соны ескере отырып, қатысушылар санына шек қоймау мәселесін қараймыз. Егер шектеу алынса, онда митингтің бәрі тек ескерту арқылы өтеді», - деді вице-министр.
Митингтерден ақпарат тарататын журналистерге қатысты да бірқатар шектеу жойылады. Себебі тілшілердің қызметі аясы БАҚ туралы заңмен белгіленген.
«Журналистерге қатысты артық талаптарды алып тастадық. Мысалы, бұған дейін заңда журналистер өзімен бірге қару алып келмеу керек, үгіт-насихат жүргізбеу керек деген секілді пункттер болған. Мұның бәрі негізі базалық заңдармен реттелген. Ал, митингте жасыл жейде киіп, қызметтік куәлікпен жүру мәселелерін құзіретті органға қалдырдық. Бұл норманы журналистердің өздерімен талқылаймыз. Біз митингтерге БАҚ өкілдері қатысқанын, елдің талабын солар арқылы биліктің естігенін қалаймыз. Сондықтан Заңда журналистер туралы барлық пункті бірдей алып тастауға да болмайды», - деді Д.Есин.
Заңда митингтің өтетін жері шетте емес, орталықта болуы туралы принцип нақты жазылмақ.
«Митинг өтетін жерге адам оңай жете алу керек. Қауіпсіздік, санитарлық нормаларға жауап беруі тиіс. Инфрақұрылым да дұрыс болғаны қажет. Яғни, жиналысты ұйымдастырушылар мен қатысушылар өз мақсаттарына жетіп, оларды биліктің естігені керек. Сондықтан митинг шет аумақтарда болмауы қажеттігін нақты жазып, жергілікті мәслихаттарға береміз. Олар халықтың пікірін жинап, белгілі бір орынды белгілейді», - деді бұған қатысты вице-министр.
Сонымен қатар, митингке қатысушылардың жасына шек қойылмайды.
«Енді бейбіт жиналысқа 18 жасқа толмағандар да қатысуы мүмкін. Жобада жасқа қатысты шектеу бар, біз сол шектеуді алып тастауды қарастырып жатырмыз», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин.
Тағы бір өзгеріс - енді бұрын бейбіт жиналыстар туралы заңды бұзған адамдар да митингке қатыса береді.
Заң қашан қабылданады?
Заңды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ел пікірін ескере отырып, тағы екі айдай уақыт қайта өңдейді. Одан кейін Парламент Мәжілісінің қарауына береді. Тіпті, қайта жазылуы да ғажап емес.
«Біздің кей әріптестеріміз олардың ұсыныстары заңда ескерілмеді деп ренжіп жатыр. Біріншіден, бұл екі күндік немесе бес минуттық процесс емес. Мемлекеттік органдармен келісім бар, процедура бар. Бұл өте ұзақ процесс. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңыз міндетті түрде ескерілетініне сендіргім келеді. Заң жобасы әлі біраз үлкен өзгеріске ұшырайды. Тек заңгерлердің, мемлекеттік органдардың ғана емес, митингке шыққысы келетін азаматтардың пікірін ескереміз», - деді Ақпарат және қоғамдық министрі Дәурен Абаев бұл жайында.
Кім қарсы?
Қоғамдық тыңдауда «Қазақстан парламентаризмін дамыту» қоғамдық қорының басшысы Зәуреш Батталова Заң жобасын толық қолдамайтынын жеткізді. Себебі онда митингке ескерту арқылы шығу мен регламенттелген тәртіптер арқылу шығу деген пункттер бір-біріне қайшы келеді деп есептейді ол.
«Митингке шығатындар жазбаша ескертуі керек деп жазылған. Сонымен қатар, әкімдікпен келісу керек деген сөз де бар. Шындығында «келісім» сөзі «рұқсат алу» сөзінің ауыстырылған баламасы ғана. Екіншіден, Конституцияның 32-бабында адамдардың ойын еркін білдіруі тек заңмен қадағаланады делінген. Ал митинг туралы заңның 10-бабында митинг ережесін реттеу құзыретін жергілікті атқару органдарға, мәслихатқа беріп қойған. Олар бәрібір өздері қалаған жерді таңдайды», - деді ол.
Сонымен қатар, З.Батталова заң жобасын халықаралық ұйымдарға көрсетіп, баға беруін сұрағанымыз дұрыс деп есептейді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан