Азаматтарды Қазақстанға SCAT әуе компаниясы тасымалдайды
Сауд Арабиясы өзге елдер азаматтарының келуіне шектеу қойғаннан кейін, корольдікте жүрген бірнеше жүздеген қазақстандық елімізге жеткізілетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы ақпарат SCAT әуе компаниясының Facebook ресми парақшасында жарияланды.
Азаматтарды дәл осы SCAT компаниясының жеткізетіні белгілі болды.
«SCAT әуекомпаниясы қазіргі уақытта Сауд Арабиясындағы Қазақстан Республикасының 400 азаматын тасымалдайтын болады. Рейстер 2020 жылдың 29 ақпаны мен 4 наурызы аралығында жүзеге асырылады.
Туристік және қажылық визалары бойынша бірнеше мемлекет азаматтарының Сауд Арабиясы корольдігіне кіруіне шектеу қойылып отырғандықтан, САК Азаматтық авиациясы басшылығының шешімімен SCAT әуекомпаниясы Қазақстаннан Сауд Арабиясына ұшатын рейстердің уақытша тоқтатылғанын хабарлайды», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, Сауд Арабиясы коронавирустың таралу қаупіне байланысты 22 елдің, оның ішінде Қазақстан азаматтарына туристік виза беруді уақытша тоқтатқаны белгілі болған еді.