«Бәрінен ақылды болуы мүмкін»: ChatGPT нейрожелісі деген не?
Көп ұзамай нейрожелі Орта Азия елдерінде де сұранысқа ие болуы мүмкін
Америкалық ChatGPT жобасы қоғам арасында белең ала бастады. Көп ұзамай нейрожелі Орта Азия елдерінде де сұранысқа ие болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Күні кеше ғана БАҚ беттерінде ChatGPT нейрожелісі арқылы дипломдық жұмысын қорғаған студент туралы ақпарат тарады. Бұл туралы ресейлік студент Александр Жадан Twitter (Ресейде бұғатталған – авт.) әлеуметтік желісіндегі блогында мәлімдеді. Ол университеттің атын айтпады, алайда болжам бойынша ол Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті болуы мүмкін деген пікір бар. Студенттің дипломдық жұмысын нейрожелі 23 сағаттың ішінде жазып шыққан екен.
Ресейлік Хайтек порталының мәліметтеріне сүйенсек, нейрожелі жаңалықтың мәнін, оның форматы мен ақпараттық нұсқаулығын жақсы түсінеді. Қысқаша түсіндіріп беру жеткілікті.
Комиссия дипломдық жұмысқа жоғары бағасын берген. Яғни, ChatGPT әр түрлі типтегі мәтіндерді жазуды қоса алғанда, көптеген қосымша үшін қолданыла алатынын көрсетеді.
ТАСС ақпарат агенттігінде осы жағдайға қатысты ЖОО мәлімдемесі жарияланды. Белгілі болғандай, университет ChatGPT нейрондық желісі жазған дипломдық жұмысты қорғауды қабылдағаннан кейін мәлімдеме жасаған. Оқу орны басшылығы егер он жыл бұрын плагиат проблема болса, енді жасанды интеллект пен нейрондық желілерді пайдалану түріндегі жаңа қауіп бар екенін атап өтті.
«Бұл жаңашылдық оқуға теріс әсер етуі мүмкін екенін ескере келе, ChatGPT-ге кіруді шектеу дұрыс шешім болуы мүмкін», - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұдан бөлек, Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty форумында Қырғызстанның премьер-министрі Ақылбек Жапаров өз сөзінде оның баяндамасының кей бөлігін ChatGPT нейрожелісі дайындап бергенін мойындады. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
«Сарапшылардың болжауынша, адам сияқты ойлау қабілеті бар смарт-машиналар жақын арада білім беру, денсаулық сақтау және басқа да көптеген салада ғылыми төңкеріс жасайды. Жақында ғана британдық ғалымдар жасанды интеллект арқылы бауырдың қатерлі ісігін емдейтін дәрі ойлап тапты деген жаңалық шықты. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект алгоритмдері ауруларды ерте диагностикалауға, емдеуді жоспарлауға және дәрі-дәрмектерді жасауға көмектеседі. ChatGPT қазірдің өзінде емтихандарды сәтті тапсырып, онлайн сұхбаттасудан өтіп, жұмысқа орналасуда. Иә, менің бүгінгі мәтінім ішінара осы жасанды интеллект арқылы жасалған. Мұның бәрі жаңа мүмкіндіктерді ашады», - деп атап өтті Ақылбек Жапаров.
СОНЫМЕН CHATGPT ДЕГЕН НЕ?
ChatGPT нейрожелісі жасанды интеллект арқылы адамның сұраныстарын орындайды, диалог режимінде жұмыс істейтін бот-чат. Аталған жобаны – америкалық OpenAI компаниясы ойлап тапқан.
ChatGPT 2022 жылдың 30 қарашасында іске қосылды және өзінің кең мүмкіндіктерімен көпшіліктің назарын аударды. Онда код жазу, мәтіндер құрастыру, аударма жасау, нақты жауаптар алу және жауап беру үшін диалог контексін пайдалану мүмкіндіктері бар. Бірақ оның нақты әрі дұрыс жауап беру мүмкіндігі біраз сынның астында қалған еді.
Нейрондық желі көптеген тілде, соның ішінде орыс тілінде де жұмыс істейді, десе де, ағылшын тіліндегі нұсқасы әлдеқайда ұтымдырақ.
OpenAI инженерлері нейрондық желінің қателіктер жіберу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Chatgpt мамандар үшін қате немесе мүлдем мағынасыз жауапты көрсетуі мүмкін. Сол үшін жазылған сұрақты мұқият тексеру маңызды. Мұндай жағдайда ботқа қате кеткені туралы хабарлауға болады, ал ол өз кезегінде дұрыс мәліметті табуға тырысады.
Жүйе өмірдің мәні немесе соған ұқсас дүниелер туралы философиялық сұрауларға жауап бермейді.
ChatGPT қызметі толығымен тегін, оны кез келген адам қолдана алады. Ол үшін жүйенің ресми сайтына өтіп, тіркелу керек. Тіркелу кезінде қолданушының телефон нөміріне OpenAI компаниясы СМС жібереді. Осылайша виртуалды нөмір арқылы қолданушы сайтқа өз аккаунтын тіркейді.
ChatGPT қолданушы жазған тілде нақты уақыт режимінде жауап береді.