Тек 2022 жылдың өзінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымдар саны үш есе өсті
Әдемілік іздеп, сұлулық салондарына барып, денсаулығына зиян тигізіп алған қыз-келіншектердің шағымы артып келеді. Жарнаманың жетегіне елітіп, лицензиясыз жұмыс істейтін салондардың қызметіне қалай жүгінгенін білмей қалады. Нәтижесі сол денсаулығына кері әсері тиіп, емделіп, қалпына келу үшін қаншама күш жұмсайды. Ал мұндайда клиентті арбап, заңсыз жұмыс істеп жатқан сән салондардың қызметіне тоқтау салына ма? Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселені анықтап көрді.
Бұл мәселені бірер апта бұрын Парламент Мәжілісінің отырыстарының бірінде «AMANAT» партиясының мүшесі, VII шақырылымның депутаты Гүлдара Нұрымова қозғаған болатын.
«Ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында азаматтардың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға көп көңіл бөлінді. Сонымен бірге, статистика сапасыз медициналық дерматокосметологиялық қызметтер көрсету бойынша өтініштердің өсуін көрсетеді. Тек 2022 жылдың өзінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымдар саны үш есе өсті. Дерматокосметология – бұл медициналық қызметтің лицензияланған түрі, бұл тек сертификатталған дәрігер-дерматокосметологтар көрсетуге құқылы медициналық қызмет. Әрине, тек барлық санитарлық нормалар мен ережелер сақталған медициналық клиникаларда немесе медициналық кабинеттерде білікті дәрігер-дерматокосметологтар қызмет көрсетеді», - дейді Гүлдара Нұрымова.
Ол сөзін жалғай отырып, медициналық косметологиялық қызметтердің лицензиясына қатысты мәселені қозғай отырып, оның зиянына да тоқталып өтті.
«Іс жүзінде медициналық косметологиялық қызметтердің басым көпшілігін лицензиясы жоқ медициналық емес қызметкерлермен әдеттегі сұлулық салондарында, күмәнді кабинеттерде, тіпті үйде жүргізілуде. Бұл жағдайда мезотерапия, плазмолифтинг, мезожіп сияқты арнайы процедуралар жүзеге асырылуда және тіпті пластикалық операциялар жасалуда. Медициналық білімі жоқ адам мұны қалай жасай алады?! Олар қан тамырлары, жүйке жүйесі, бұлшықеттер, байламдар, лимфа қай жерден өтетінін, қандай асқынулар болуы мүмкін екенін және тағы басқасын білмей, бет пен мойын тіндеріне қалай манипуляция өткізуге болады? Мұндай псевдокосметологтардың қызметінің нәтижесі аллергиялық реакциялар, вирустық гепатиттер, инфекциялар, нервтердің парездері мен параличтері, қан тамырларының тромбоздары, тіндердің некрозы, флегмондар, абсцесс, птоз, бұлшықет спазмы, күйіктер, электр жарақаттары, эритемалар, пигментация, тіндердің тыртық өзгерістері, операциядан кейінгі әртүрлі асқынулар, тіпті өлім болуы мүмкін Мұндай жағдайларда медициналық және медициналық емес мекемелерде дәрігерлік дерматокосметология қызметтерін бірыңғай бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігін қарастыру орынды», - дейді «AMANAT» партиясының мүшесі.
«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабында дәл осы мәселе анық көрсетілген:
«Денсаулық сақтау саласындағы қызметтi лицензиялау. Мынадай қызмет түрлерiмен айналысу үшiн лицензияның болуы талап етiледi: 18) дерматокосметология», - делінген аталмыш бапта.
Бұл мәселе қоғамда қарапайым мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ адам денсаулығына тікелей қатысы бар сала болған соң бақылауды ерекше қажет етеді.
Біз осы орайда жарнамалар көп жарияланатын сайттардың бірінен хабарлама бойынша қоңырау шалып көрдік. Жарнамасы қыз-келіншектің көзін қыздырып-ақ тұр. Түрің құлпырып, әлемдегі ең сұлу қызға айналдырамын-ақ деп тұр.
«Ерінді үлкейтуге қатысты қазір жеңілдіктер жүріп жатыр. 0,5 мл – 15,900 теңге, ал 1 мл – 30 000 тг. Сол сияқты басқа да қызмет түрлеріне жеңілдіктер бар. Мысалға ботокс 10 мың теңгеден басталады. Бетті тазалау 6 мың теңге тұрады. Жеке пәтерімде де қабылдай аламын. Тезірек үлгеріп жазылып қалыңыз. Хабарласып жатқандар аз емес. Ертең кезек күтіп тұрып қаласыз», - деп тұтқаның арғы бетіндегі косметолог асықтырды.
Міне проблеманың түп төркіні де осында жатқандай. Жеке пәтерде қабылдау өзін косметологпын деп жүрген маманның біліктілігіне үлкен күмән келтірсе, сұлулығымды арттырамын деп барған адамның денсаулығына зиян тигізіп жатады.
«Осыдан бірнеше жыл дәл осы проблемаға ұшыраған едім. Жұмыс бабымен басқа қалаға қоныс аударған болатынмын. Сұлу болу үшін әрі жасыма байланысты бетімдегі әжімдерді жасыру үшін арасында ботокс жасатып тұратынмын. Содан не керек, жаңадан қоныс аударған қалада жарнама бойынша косметология орталығының қызметіне жүгіндім. Бұрын олардың жұмыс сапасынан хабарсыз болатынмын. Бағасы да мен барып жүрген жерден әлдеқайда арзандау екен. Жеңілдік жүріп жатыр деген бара қойғанмын. Бірақ орталық деген хабарламасы болғанмен жұмысы бастапқыдан-ақ күдік тудырды. Әдіс-тәсілдері өзгешелеу. Бетіме қандай инъекция жасайтынын да айтпады. Аңқау басым, жұмыстағы тапсырмаларымды ойлап отырып, оны сұрауды да ұмытып кетіппін. Бұрын білмеген, жарнама бойынша ғана барған жердің қаншалықты қауіпті екенін сол кезде түсіндім. Көп ұзаған жоқ, бетімнің бір жағы қисайды да қалды. Ал енді не істеймін?! Олармен соттасып жататын уақыт жоқ. Жұрттың көзіне көрінудің өзі ұят. Жарайды ұятты қоя тұрайық, дереу басқа жерге барып, емделу керек. Денсаулығым маңыздырақ. Ақшамды үнемдеймін деп барған едім, есесіне емделуім үшін есепсіз ақшам кетті. Алматыдағы білікті мамандардың көмегіне жүгініп, әрең дегенде емделдім. Инфекция түсіпті. Оны емдетіп жүріп қабылдаған неше түрлі дәрілер өзге ағзаларыма ауыр тиіп жатты. Ал әлгі орталықпен соттасамын дегенше жабылып тыныпты», - дейді Айнұр есімді Қызылорда тұрғыны.
Жуырда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова осы мәселеге қатысты жауап берген болатын.
«Биылдан бастап заңнамаға лицензиядан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік беретін норма енгізілді. Яғни, бұл лицензияланатын қызмет түріне жатады. Ал оны алу қалайда міндетті болады. Енді тиісінше жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі», - дейді вице-министр Айжан Есмағамбетова.
Тексеріс жүргізілгені жақсы ғой. Бірақ бұл мәселе бүгін-ертең шешіле қояр ма?! Себебі «дипломы» бар косметологсымақтар өріп жүр. Ал Айнұр секілді денсаулығына зиян тигізіп, емделіп жүрген жандар қаншама.
«Жалған маманға сенудің салдары ауруға душар етуі мүмкін. Олар шприцті қалай ұстау қажеттігін білсек болды, инъекция жасай береміз деп ойлайды. Бұл – өте жауапты жұмыс. Біз мұны үйрену үшін медициналық институтта 6 жыл, содан кейін тағы 2 жыл резидентурада оқыдық. Сондықтан тек кәсіби мамандардың көмегіне ғана жүгінген абзал», - дейді дерматокосметолог маман Дмитрий Дубинин «Хабар 24» телеарнасына берген пікірінде.
Қорыта айтар болсақ, елімізде медицина саласында шешімін таппай тұрған проблемалар жетерлік. Ал біз қозғаған тақырып соның бір бөлігі ғана. Ажар Ғиният басшылық ететін Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселеге үстіртін қарамай, лицензиясыз, білікті мамандарсыз, тек ақша табуды ғана ойлайтын сән орталықтарын уақыт оздырмай анықтап, жауапқа тартуы қажет.