«Елімізде ажырасу саны екі есе артқан»: психолог белең алған проблема жайлы
«Отан отбасынан басталады». Ал отбасы ше?
Еліміздегі отбасы институтын нығайту қажеттігі бар екені айтпаса да түсінікті. Себебі ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» екенін айтады. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасамақ. Azattyq Ruhy тілшісі отбасының негізін қалай қалыптастыру керек, бақытты отбасын құру үшін не істеу керек? Отбасының барлық мүшесі тең болуы үшін қандай қағидаларды сақтаған жөн? Осы және өзге де маңызды сұраққа жауапты отбасы психологі Ерлан Мұстафиннен сұрап білді.
Маманның айтуынша, отбасын құрарда екі тараптың бар екенін естен шығармаған абзал.
«Отбасын құру кезінде, ең алдымен, екі жақтың барын естен шығармау керек. Олар бір-бірін түсінуге тырысуы керек. Бір-бірін тыңдай білуі де шарт. Бала пайда болған соң, ол баланы да тыңдап үйрену керек. Стивен Кови айтқандай, «тек түсініп қана қоймай, өз ойыңды жеткізе білу де маңызды». Оның барлығы екі адам арасындағы коммуникациялық қарым-қатынасты жетілдіруді қажет етеді. Бақыт үшін отбасының ешбір мүшесі өзін құрбандыққа шалмауы керек. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сүймей қосылып, отбасын бала үшін сақтап қалуға тырысулары кері әсер етеді. Бала үшін де өзін құрбан етуге болмайды», - дейді Мұстафин.
Психологтің айтуынша, эмоционалды күйзелісте жүрген адам біреуді бақытты ете алмайды.
«Отбасы мүшелері бірлескен істерді атқаруға дағдылануы керек. Ол кітап оқу, серуендеу, саяхат болуы мүмкін. Бұл отбасыны берік ете түседі. Ортақ құндылық қалыптастыру да өте маңызды. Ерлі-зайыптылардың құндылықтары ұқсас болуы керек. Егер олар әртүрлі құндылықтардың негізінде өмір сүрсе, өзара түсінісу де болмайды. Бала тәрбесі мен өзара қарым-қатынаста позитивті ұстаным болуы керек. Бір-біріне деген сүйіспеншілік пен махаббат ер мен әйелдің арасындағы романтикалық сезімнің негізінде ғана емес, адами сүйіспеншілік ретінде қалыптасқаны абзал», - дейді Мұстафин.
Маман отбасының маңызды қызметі ортақ құндылықтарды бөлісу екенін айтады.
«Отбасында қалыптасқан құндылықтар адамды қалыптастыруға итермелеуі керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, отбасы құндылықтары жалпы қоғамның құндылығымен үндесуі керек. Баланы сол қоғамның мүшесі ретінде тәрбиелеп шығаруға талпыну қажет. Отбасы мүшелерінің теңсіздігін бұзбау үшін оның мүшелері тең болуы керек. Ол дәстүрлі «ер адамға былай істеуге болмайды, «әйел мынаны жасамауы керек» деген тыйым негізінде емес, өзара келісу арқылы үйдің шаруасын бөліп істеу, балаға анасын, әйелді құрметтеуді дәріптеп, оған көмектесуді түсіндірсе, отбасындағы теңсіздік мәселесі шешіледі», - деді ол.
Ерлан Мұстафин қоғамның өзі көп отбасыдан құралатынын айтады.
«Отбасындағы адамдар сіңірген құндылықтар қоғамға әсер ететіні сөзсіз. Әрбір отбасында қазіргі заманғы адами құндылықтарды дәріптеу көп болса, қоғам мүшесі соған қарай тартылса, құндылықтар жоғары деңгейде болады деп есептеймін. Қазақстандағы тенденция әлемдік тенденциядан алыстап кеткен жоқ. Әлемде отбасы институтының девальвациясы байқалады. БҰҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстанның өзінде 20 жыл ішінде ажырасу саны екі есе көбейген. Оған әсер етуші факторлар материалдық жағдайдан бастап, отбасын құруға психологиялық дайын болмау, отбасын құруға талпынбай, ол үшін жауапкершілік алмау сынды жағдайлар әсер етіп отыр. Осының әрқайсысын кешенді түрде шешкен жөн», - дейді ол.
Психолог жас отбасылардың материалдық жағдайы дұрыс болса, көп мәселенің шешілуіне жол ашылар еді дейді.
«Психологиялық тұрғыдан әрбір жас балада отбасылық құндылықтарды қалыптастыру үшін ажырасудың деңгейін төмендету керек. Себебі баланы анасы ғана тәрбиелеген отбасыдан шыққан баланың ажырасуға ықтималдығы жоғары болады. Оны көп зерттеу көрсетіп отыр. Ажырасуды көбейтпей, болашақта оның көрсеткішін азайту үшін қазіргі отбасыларды қорғауымыз керек. Ол үшін психология институтын дамыту, отбасы психологтарының біліктілігін арттыру, адамды отбасы психологына жүгінуді насихаттау керек, - дейді Мұстафин.
Психолог өз отбасындағы әкелік тәжірибесімен де бөлісті.
«Мен 5 ұлдың әкесімін. Қаншалықты жақсы әке екенімді балаларым болашақта айтатын шығар, мүмкін. Балалардың бақытты болуы үшін шартсыз махаббат керек. Балаларымызға оларды жақсы көретінімізді, оларға деген асыл ойларымызды күнде жеткізіп отырған абзал. Әсіресе, жасөспірім кезінде балаға көп зейін қою керек, олардың өмірімен қаншалықты қызығатынымызды білдіріп отыру керек. Асқан талап қоймай, жылы шырайлы қарым-қатынас жасау өте маңызды. Мәселен, әке мен ұлдың арасындағы қарым-қатынас біріккен іс-әрекет жасау негізінде нығая түседі. Футбол ойнау, балық аулау, кітап оқу, фильмді талқылау сынды әрекеттердің болғаны жөн шығар. Ең бастысы – балаларды алаламай, аналарымен дұрыс қарым-қатынас орнату негізінде дамытқан жөн», - деді ол.
Психолог отбасы құндылықтарын қалыптастыру үшін өзіңді тәрбиелеуден бастау керек екенін айтады.
«Баланы емес, өзіңді тәрбиеле» деген қағиданы ұстану керек. Отбасының құндылығы - адами құндылық. Адамзаттың алдында тұрған құндылықтарды насихат арқылы емес, күнделікті әрекет арқылы, оны жүзеге асыру арқылы түсіндірген дұрыс. Бұл - үздіксіз процесс. Себебі адам болған соң қателесесіз. Бала да қателеседі. Сондықтан оны жазалау арқылы емес, оның істеген әрекетінің отбасы және қоғам құндылығына сәйкес келмейтінін айтып, түсіндіру керек. Ең басты мәселе - балаңызбен достықты сақтап қалу, - дейді ол.
Мұстафин баланы психологияны ғылым ретінде танымай да тәрбиелеуге болатынын айтты.
«Бұл жердегі ең басты мәселе – адами құндылықтар негізінде тәрбие беру. Алайда бала психологиясын білсеңіз, баланың жеткіншек кезінде онымен дұрыс тіл табысуға болады. Гормоналдық өзгерістер немесе жеткіншек жасындағы сексуалдық дамуы, психо-эмоционалдық мәселесін білу арқылы баланы түсініп, жақынырақ әсер етуге мүмкіндік алуға болады. Қазір ата-ана толыққанды, жан-жақты болуы керек. Қазір психология, физиология, биология тұрғысынан әртүрлі ақпарат жеткілікті. Оны дұрыс көздерден алып, білікті мамандармен кеңескен жөн, - деді маман.
Енді мемлекет отбасы институтын нығайту мақсатында қандай бастама мен іс-шараларды атқарып жүргенін шолып өтсек.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 853 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығына өзгерістен енгізілді.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды жедел анықтауға және оларға көмек көрсетуге мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы әзірленеді және енгізіледі.
Гендерлік аспектіні ескере отырып, жалғыз басты ата-аналардың қашықтағы жұмыс форматына және жұмыспен қамтудың қысқартылған режиміне құқығын айқындауды көздейтін еңбек заңнамасын жетілдіру жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары нысаналы индикаторлары мен тұжырымдаманың стратегияларын қамтиды.
Жоспардағы іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға және қолдауға, репродуктивті денсаулығын сақтауға, балалар мен әйелдерге қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ерлер мен әйелдердің тең жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, гендерлік білімді ілгерілетуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, өңірлерде – тиісті консультативтік-кеңесші органдар қызмфетін жүзеге асырады.Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрылымында Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет құрылды.
2013 жылдан бастап қыркүйектің әрбір екінші жексенбісі Қазақстанда Отбасы күні атап өтіледі.
2014 жылдан бастап жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі, ол адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
2009 жылғы ұлттық халық санағының деректеріне сәйкес республикада отбасы саны 4 022 388 құрады, оның ішінде қалалық отбасылар – 2 233 496, ауылдық отбасылар – 1 788 892.
1999 жылы – 3 532 167, оның ішінде қалалық отбасылар – 2 158 972, ауылдық отбасылар-1 373 195.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген некелер саны 140 256 бірлікті құрады.
2021 жылға тіркелген ажырасулар саны 48 239 бірлікке тең.
Тіркелген некелер санына бұзылған некелер үлесінің азаюы байқалады.
Ажырасудың ең көп саны Алматы қаласында (5 281), Алматы облысында (5 075), Қарағанды облысында (4 717), Астана қаласында (4 296).
Марья Айдарбаева