Креативті индустрия: ел экономикасына үлес қоса ала ма?

Azattyq Rýhy

Елімізде креативті экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілген

Креативті индустрия: ел экономикасына үлес қоса ала ма?
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы заңға сәйкес креативті экономиканың жұмыс істеуі үшін 14 бағыт бойынша 55 қызмет түрін қосу ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазір дамыған мемлекет өзінің шикізатын немесе өнімін сатудан гөрі, елдегі азаматтардың «ақылын» сатудан зор пайда түсетінін жақсы түсінген. Яғни, болашақта елдерді креативті ойлап, креативті жұмыс істей алатын адамдардың шекарасыз пайда табатыны, сол арқылы мемлекеттің ішкі өнімін арттыратыны анық. Қазақстан да соңғы бірнеше жылдан бері креативті экономиканы дамытуға зор көңіл бөліп жатыр. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен креативті экономика дегеніміз не және экономиканың бұл бағытында қандай әлеует барын жазамыз.

КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКАНЫҢ БАҒЫТЫ БОЛЫП ҚАНДАЙ САЛАЛАР БЕКІТІЛДІ

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы өнерге қатысты бірнеше саланы креативті экономиканың бағыты деп белгіледі. Атап айтсқа, енді елдегі дизайн, өнер, сән, кино, музыка, теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық технологиялар, компьютерлік графика, компьютерлік ойындар, баспа ісі, архитектура, маркетинг салалары, яғни, осы мамандық иелері креативті экономиканың бағыты болып саналады. 

Жалпы, бұған дейін хабарлағынымыздай, Қазақстанда креативтік индустрияларды дамыту мәселесі туризмді дамыту, индустриялық-инновациялық даму, «Цифрлық Қазақстан», «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаларында ішінара көрсетілген. Қазақстанда Креативтік индустрияларды дамыту тұжырымдамасы әзірленетін болады.

КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ 2023 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде креативті экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілген.

«Жалпы, әлем бойынша «креативті индустрияның» анықтамасы бірыңғай термин ретінде әлі бекіген жоқ. Мәселен, Еуропалық одақ елдерінде бұл түсінік  «мәдени және креативті  индустрия (cultural and creative industries) деген ұғымға сыйған. Ал, ЮНЕСКО бойынша «креативті индустрия» деп бекіген. Ал, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы бұл саланы «индустрияның қорғалатын зияткерлік құқығы» деп аталса (copyright industries),  Корея мен Жапония елдері экономиканың осы жаңа бағытын «контент индутриясы» деген түсінік аясында дамытып жатыр. Яғни, бұл сала әрбір елде әртүрлі пайымдалып жүр. АҚШ бұл бағытты  қала адамдарының киімі мен өнері арқылы дамытып, «креативті индустрия» бойынша әлемде бірінші орынға шығып отырса, Германия ойын индустриясы және өнеркәсіптік дизайн арқылы креативті экономикасы дамыған әлемдегі екінші ел. Франция мен Италияның сән индустриясы және кинематографиясы мықты, Қытай визуалды өнер арқылы алға басып келеді. Оңтүстік Корея сөзсіз K-pop жанры бойынша әлем жұлдыздары үшін тартымды жер шарындағы екінші қалаға айналса, Перу мен Түркия жарнама мен пиардың көшбасшысы болып отыр», - дейді бұл мәселе бойынша ақпарат берген Мәдениет және спорт министрлігі.

Ал, Қазақстан үкіметі креативті экономиканы дамыту үшін «креативті индустрия» деген ұғымды «Мәдениет туралы» заңға бекітті. Заңда жазылғандай, креативті экономика дегеніміз – жеке және заңды тұлғалардың креативті  қызметінің нәтижесін жасау, өндіру және жаппай тарату. Яғни, біздегі заңға сай, шығармашылық пен зияткерлік капиталдың шикізаты болып шыққан өнім осы креативті экономика секторына қарайды.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі әрине әр елде әртүрлі: мәселен, Австралияда бұл үлес 5,7%, Ұлыбританияда - 5,5%, АҚШ пен Қытайда - 4,2%, Италияда - 3,8%, Германияда - 3,1%.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда креативті индустрияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67% болды. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5% жеткізу көзделіп отыр», - деп хабарлады Мәдениет министлігінің баспасөз қызметі.

Жалпы, қазір елімізде креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру міндеті осы Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелген. Және креативті индустрия саласы мемлекеттік қолдауға жататын сала.

«Сонымен қатар, қабылданған заңнамалық түзетулерді («Мәдениет туралы» Заңға, «Кәсіпкерлік кодекске») іске асыру аясында 2023 жылдың бірінші тоқсанында шығармашылық салалар қызметінің негізгі түрлері мен креативті индустрияның негізгі түрлерін креативті индустриядағы жеке кәсіпкерлік субьектілеріне жатқызу көзделіп отыр», - деп хабарлады Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.

АНЫҚТАМА:

КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ:

1.        Кино индустриясы

2.        Музыка индустриясы

3.        Әдебиет индустриясы

4.        Сәулет өнер индустриясы

5.        Заманауи өнер индустриясы

6.        Театр, опера және балет индустриясы

7.        Сән индустриясы

8.        Жаңа медиа және цифрлы мәдениет индустриясы

ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШ РЕТ ӨТКЕН КРЕАТИВТІ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ПИТЧИНГІ ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БЕРДІ?

Ел экономикасындағы жаңа нарық – креативті экономиканы дамуына серпін беру үшін Мәдениет министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы елімізде, дәлірек айтсақ, Астанада «Creative pitching және workshop сессиясы» креативті жобаларының алғашқы пилоттық питчингін ұйымдастырды.

«Іс-шараның мақсаты креативті кәсіпкерлік саласындағы ең өзекті жобаларды анықтау, мемлекеттің, бизнестің және креаторлар қауымдастығының өзара іс-қимылы үшін алаң құру болып табылады. Питчингте кәсіпкерлер сәулет және урбанистика, бренд интеграциясымен ойын идеялары, қазақ тілді аудиторияға арналған маркетингтік стратегиялар, дизайн және сән, экотуризм, жаңа медиа және кино бағыттары бойынша өз жобаларын ұсынды», - дейді жобаның мақсатына тоқталған Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Ал, жоба ұйымдастырушыларының бірі -  Kazakh Tourism басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, бұл пичинг аясында креативті жастар инвестор тауып, өз жобаларын жүзеге асыра алмақ. Яғни, Сәдуақасовтың айтуынша, өнері өрге жүзіп тұрған, бірақ қаржы қолбайлау болып отырған жастар үшін бұндай жиындар таптырмайтын мүмкіндік болмақ.

«Тек талантқа ие болу немесе идеяны ойлап табу – бұл 10% жетістік. Табыстың 90%-ы - оны дұрыс ұсына білу, сата білуде жатыр.  Осымен креативті салалардың мәдениет пен өнер саласынан және филантропиядан ерекшеленеді», - дейді Қайрат Сәдуақасов.

Kazakh Tourism креативті туризм департаментінің директоры Ирина Харитонова  болса, креативті индустрия өкілдері мемлекеттің дамуына қандай үлес қоса алады деген сауалнама жүргізілген. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 2/3 бөлігі осы салаға инвестиция салу қажеттілігін атап өткен.

КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯҒА ЖҮКТЕЛІП ОТЫРҒАН БИЫЛҒЫ МІНДЕТТЕР ҚАНДАЙ?

Мәдениет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жылы саланы құқықтық реттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, шығармашылыққа да басымдық беріп, нақты жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ең бастысы, биыл Қазақстанның креативті индустриясынан шыққан өнімдерді ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да көрсету, сату, сол арқылы экономикаға шынымен табыс түсіру жоспарда бар. 

 «Шығармашылық туризм аясында шығармашылық индустрияларды оқыту бағдарламалары» жобасы жүзеге асырылмақ. Бағдарлама шеңберінде келесілер жоспарлануда: семинарларды қамтитын білім беру бағдарламасы, шығармашылық индустриядағы танымал лекторлардың баяндамалары, акселерацияның өзі – бақылау, сараптамалық талдау, тәлімгерлермен жұмыс», - деп хабарлады Мәдениет министрлігі біздің сұрауымызға жауап бере отырып.

Сондай-ақ «Шығармашылық индустрия платформасын» құру жоспарланып отырғаны белгілі. Бұл платформа арқылы шығармашылық туризмнің жобалары мен іс-шараларын, соның ішінде шығармашылықпен өзара бөлісу, оқыту, бірлесіп қаржыландыруға мүмкіндік беретін Қазақстанның креативті индустрияларының жұмыс істеуі үшін экожүйе құрылмақ.

«Біздің талантты адамдардың шығармашылығын жаһандық кеңістікке өткізу, таныту үшін олардың өнімдерін халықаралық жәрмеңкелерге (Дубай, Нью-Йорк, Эйнховен) жіберу жоспарланып отыр», - деп хабарлады Мәдениет министрлігі.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КРЕАТИВТІ ИНДУСТИЯСЫНДА ТАНЫЛЫП ҮЛГЕРГЕН ТҰЛҒАЛАР КІМ?

Мәдениет министрлігі осы индустрияны игеріп үлгерген, өз креативінің жемісін көріп, ел экономикасына нақты пайда түсіре білген тұлғаларды «Creative табыс тарихы» жобасына біріктірген.

«Creative табыс тарихы» аясында шетелдік жұлдыздар арасында жобаларымен танымал болған бірегей адамдар  креативті индустриялардың алғашқы өкілдері болмақ. Олар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі - креативті индустрияларды дамыту жөніндегі уәкілетті орган және Kazakh Tourism ұлттық компаниясы атынан анықталған Әділхан Дүйсембаев, Дәулет Тукаев, Николай Черников болды», - деп хабарлады Мәдениет министрлігі.

АНЫҚТАМА:

Әділхан Дүйсембаев, монтаждау редакторы, дыбыс инженері. Rihanna, Levi's, Snipes, Schoolboy Q сияқты брендтермен және әншілермен жұмыс істеді.

Дәулет Тукаев, режиссер. Оның арсеналында Арсений және Андрей Тарковский атындағы сыйлық - Киев, Метрополис - Санкт-Петербург кино қаласы, онлайн кинофестиваль Short-rv.ru, сондай-ақ гран-при: «Самал» жастар фестивалі. Скриптонит, T-Feat, Макс Корж, Pharaoh сияқты жұлдыздармен жұмыс істейді.

Николай Черников, сондай - ақ «Killa Kolya» деген атпен белгілі-Red Bull BC One World Final 2019 ең беделді әлем чемпионатының финалисті, сондай-ақ ТМД және шетелдегі көптеген жарыстардың жеңімпазы (1 орын: Puma Breakdance Session 2014, Мәскеу; Red Bull BC One Eastern-European Final 2015, Тбилиси; Оңтүстік-Батыс Sweet Sixteen 2016, Сакраменто, Калифорния; Style is Power 2016, Нью-Йорк; Breakapolly 2016, Нью-Йорк).

Сымбат Молдатай

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.