$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2023, 23:34
Қоғам

Қазақстандағы зергерлік бұйымдар нарығы 90% контрафакті мен контрабандадан тұрады – депутаттар

Үкімет «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңына түзету енгізуді жоспарлап отыр

Қазақстандағы зергерлік бұйымдар нарығы 90% контрафакті мен контрабандадан тұрады – депутаттар
фото: ашық дереккөзден

Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Қазақстандағы зергерлік нарығындағы жағдайға, соның ішінде, қазір көшелерде аяқ алып жүре алмайтын ломбардтардың жұмысына сипаттай отырып, ондағы бәсекенің сапасыз екенін әрі нарық контрабандаға толып кеткенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«НАРЫҚТЫҢ 90% КОНТРАФАКТІ МЕН КОНТРАБАНДА БҰЙЫМДАРЫНАН ТҰРАДЫ»

Жалпы, сенатор Ғұмар Дүйсембаевтың пайымынша, Қазақстанның алтын бұйымдар нарығы әрине экономиканың маңызды саласы. Бірақ, бұл нарықтың сонша бақылаусыз әрі жүйесіз жұмыс істеп жатқаны соншалық, үкімет шұғыл түрде назар аударатын бірнеше мәселе бар.

«Отандық зергерлік нарықтағы жағдайды сипаттай отырып, сапасыз бәсеке мен жалған тауарлардың контрабандасын байқауға болады. Қазақстан зергерлер лигасының бағалауынша зергерлік бұйымдар нарығы 90% контрафакті және контрабанда бұйымдардан тұрады», - дейді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Сенатор мәлім еткен ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда зергерлік бұйымдар тауарларының айналымында 2 480 қатысушы тіркелген, оның ішінде 197 зергерлік бұйымдарды өндірушілер, 1 956 ломбард қызметімен айналысады.

«Ресми статистикаға сәйкес, 2021 жылы еліміздің зергерлік бұйымдар нарығы $ 76,1 млн құрады, оның тек $ 4  млн (5,2%) отандық зергерлік бұйым өндірушілері өндірген. Салық есеп-қисабының деректеріне сәйкес 2021 жылы бизнес субъектілері бюджетке 5,9 млрд теңге толықтырды», - дейді сенатор.

ПРОБЛЕМАНЫҢ БІРІ – СЕНІМСІЗ СТАТИСТИКА

Сенатордың пайымынша, Қазақстанда зергерлік бұйымдар нарығының нақты көрінісін бағалауға кедергі болып отырған басты проблеманың бірі -  сенімсіз кедендік статистика. Мәселен, 2021 жылы Түркиядан келген зергерлік бұйымдардың айналымындағы статистика бойынша ресми және бейресми статистика арасында  7,5 миллион доллар айырмашылық болған. Бұл өз кезегінде, сенатор баса атап өткендей, «көлеңкелі импорттың бар екенін» растайды.

Осы және өзге мәселелерді қозғаған сенатор премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал дайындап, мәселені шешуде Бірыңғай автоматтандырылған жүйені құру арқылы адал, "ашық" бизнесті жүргізуге тең жағдай жасау үшін 2022 жылғы наурыздан 2023 жылғы қарашаға дейін Тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша жұмыс жүргізу керек екенін айтып отыр.

РЕСМИ СТАТИСТИКА КӨЛЕҢКЕЛІ НАРЫҚТЫҢ ДЕРЕГІНЕН 7,5 ЕСЕ АЗ

Сенатор өз депутаттық сауалында ішкі нарықта қазақстандық зергерлік өнеркәсіптің пайдаланылмаған өндіріс қуатын игеруге кедергі келтіріп отырған бірнеше мәселеге тоқталды.

«Бірінші. Жергілікті нарықта контрабандалық заңсыз сатылатын зергерлік бұйымдардың айтарлықтай көлемі. Ресми статистикаға сай,  2021 жылы өндіріс көлемі 4 млн долларды құрса, салада 748 адам жұмыспен қамтылды. Бұл ретте сала сарапшылары көлеңкелі нарық көлемін 30 млн доллардан  артық деп бағалаған бағалады. Егер, бұл саланы көлеңкелі экономикадан шығарсақ және ресми дерек те осы 30 млн доллар екенін растата, онда бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 5 610 адамға жетуі мүмкін», - дейді Ғұмар Дүйсембаев.

Яғни, сенатордың айтқанын талдап көрсек, қазір Қазақстандағы зергерлік бұйымдар айналымының ресми статистикасы шын мәніндегі айналымнан 7,5 есе аз болып көрсетіледі екен. Бұл дегеніміз – қалған қаражат көлеңкелі экономиканы «дамытып» жатыр деген сөз.

«Екіншіден. Шикізатты сатып алудың бәсекелестік емес шарттары (ҚҚС-пен алтынды сату, баж салығы бар тастарды импорттау) зергерлік өнеркәсіптің заңсыз шикізат жеткізушілер үшін қолайлы негіз болып отыр. 2023 жылдың қаңтарынан бастап отандық зергерлер алтын мен күмісті сатып алғанда ҚҚС төлемейді. Бұл бастаманы өндірісті дамытуды ынталандыру және зергерлік саланы көлеңкелі айналымнан шығару мақсатында ҚР Парламентінің депутаттары қолдады. Алайда, еліміздің зергерлік айналымын көлеңкеден толық шығару үшін қосымша ынталандыру шараларын қарастыру қажет.Зергерлік сала жақсы дамыған елдерде, мәселен, Түркия, Үндістан, Қытай, Армения мемлекеттерде осы саланы дамыту үшін бірқатар қолайлы шаралар қарастырылған: асыл тастарға импорттық бажды нөлдеу, алтын сатып алуға ҚҚС-ты жою, жабдықты сатып алуға импорттық баж салығының төмен ставкасы тәрізді шаралар», - дейді үкіметке өз ұсынысын айтқан сенатор.

«АЛТЫН ӨНДІРЕТІН ТОП-20 ЕЛДІҢ БІРІМІЗ, БІРАҚ КҮНІМІЗ ЛОМБАРДТАРҒА ҚАРАП ОТЫР»

Осы айтылғандарды ескерген депутат Қазақстан алтын өндіру бойынша әлемнің ТОП-20 елінің қатарына кірсе де, қазір отандық зергерлік өндірістегі негізгі алтын жеткізіп отырғандар -  ломбардтар мен көлеңкелі нарықтың мүшелері дейді. 

«Осыдан барып үшінші мәселе туындайды. Ол экспорт, яғни, зергерлік бұйымдар түріндегі зергерлік сынықтарды экспорттау мәселесі. Ломбардтар пайдаланылған бағалы бұйымдардың сынықтарын экспорт ретінде 98 пайызын Швейцарияға жібереді.  Осыны ескерсек,  отандық зергерлік өнеркәсіпті дамыту үшін бес негізгі бағытқа назар аудару қажет:

  • көлеңкелі импортқа қарсы күресті күшейту және контрабанданы шектеу;
  • қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шараларын енгізу арқылы қазақстандық зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • ломбардтардың пайдалануда болған зергерлік бұйымдарды тек қана ішкі нарыққа өткізуін немесе өткізуге бағыттауды көздеуге міндеттеу;
  • тауарларды таңбалау жолымен отандық өндірушілердің көлеңкелі айналымын заңдастыру және Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменттерінің сату нүктелерінде тұрақты тексеру іс-шараларын жүргізуі;
  • отандық зергерлердің құзыретін жақсарту (заманауи технологияларды қолдана отырып, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін зергерлік шеберлікті оқыту)», - дейді ұсыныстарын жария еткен Дүйсембаев.

МӘСЕЛЕ АЙТЫЛДЫ, ҮКІМЕТ НЕ ДЕЙДІ?

Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың депутаттық сауалына жауап берген премьер-министр Әлихан Смайылов та біраз «статистиканы» сөйлеткен. Премьер-министрдің қолыман келген жауаптан белгілі болғандай,  Мемлекеттік кірістер органдары мен Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша ел аумағында 2 мыңнан астам субъект бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өткізеді және оның 90 %-ы шағын бизнес субъектілері.

«Зергерлік бұйымдардың өткізілуін бақылауды «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заңға сәйкес Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жүзеге асырады. Президенттің 2022 жылғы 7 желтоқсандағы № 44 Жарлығына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне профилактикалық бақылау мен қадағалау тексерулерін жүргізуге мораторий қолданылатынын айта кету керек. Бұл ретте Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылау органдарында адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және оны жою мақсатында нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізу мүмкіндігі бар», - дейді мәселе болса да шағын кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге салынған мораторийді алға тартқан Смайылов.

Дегенмен,  Қаржы мониторингі агенттігі 2022 жылдың басынан бастап контрабанда жолымен елге тасымалданбақ болған жалпы сомасы 573 млн. теңгеге зергерлік бұйымдарды анықтаған. Бұл ретте үкімет елге келіп жатқан зергерлік бұйымдардың ресми және бейресми дерегіндегі айырмашылық 1,2 млн доллар болғанын хабарлап отыр.

«Статистикалық деректер мен импорттаушы елдердің деректерін қарсы талдау нәтижесіне сәйкес 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түркиядан және Швейцариядан әкелінген зергерлік бұйымдардың тауар 2 айналымының айырмашылығы шамамен 1,2 млн. АҚШ долларын құрайды, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 млн доллар болған. Зергерлік бұйымдардың экспорты мен импорты бойынша деректердің біркелкілігі мақсатында Түркия, Швейцария, Ресей үкіметтерімен мемлекеттік шекарадағы уәкілетті бақылау органдары арасында өзара электрондық ақпарат алмасу мәселесі пысықталуда. Бұл шара зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымына бақылауды күшейтуге және осы елдерден контрабанда әкелу көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шараларын енгізу арқылы қазақстандық зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты Зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шаралары көзделген», - делінген Үкіметтің жауабында.

ЛОМБАРД ӨТПЕГЕН АЛТЫНЫН ТЕК ҚАНА «ТАУ-КЕН АЛТЫН» ЖШС-НА ӨТКІЗУГЕ МІНДЕТТІ

Премьер-министрдің ресми жауабында хабарланғандай, Қазақстандағы ломбардат өтпей қалған зергерлік бұйымдарын тек қана бір кәсіпорынға «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытына өткізуге міндетті. Бірақ, депутат Ғұмар Дүйсембаев ашық айтқандай, олар өтпей қалған зергерлік бұйымдардың 90 пайызын Швейцария сияқты елдерге экспорттап отыр.

«Зергерлік бұйымдар толық өткізілмеген жағдайда ломбардтар оларды қолданылған қайталама шикізат ретінде «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытына өткізуі қажет. Бүгінгі таңда ломбардтардың зергерлік бұйымдарды, әсіресе қолданылған және сауда-саттықтан кейін өткізілмеген бұйымдарды экспорттауын болдырмау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заңға өткізілмеген бағалы металдардың аффинаждалған алтын құймаларын Ұлттық Банктің активтеріне есепке жатқызу бөлігінде түзетулерді пысықталып жатыр», - деп хабарланған үкімет басшысының жауабында.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#алтын #Ломбард