Құрылыс заттарына қолданылып жатқан тарихи жәдігерлеріміз де бар
Кез келген елдің басты құндылығы – рухани тұғыры. Ал олардың арасында тарихи ескерткіштер мен мәдени мұралар айрықша рөл ойнайды. Еліміз ғасырлар бойғы мәдениеттен сыр шертетін, құнды жәдігерлерімізді қаншалықты сақтап, қорғай алып жүр? Табиғи апаттан немесе кісі қолымен жойылып бара жатқан мұраларымыздың жайсыз күйін ғалымдар мен белсенді азаматтар талай мәрте айтып келді. Дегенмен шешілмей тұрған мәселе шаш етектен. Саладағы ақсап тұрған мәселелерді Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрді.
Әлемнің дамыған елдерінде тарихи жәдігерлерді барынша сақтап, өткеніне құрметпен қарауға тырысады. Ал біздің елде жағдай... Тек жақсара түссе екен дейсің. Бірнеше ғасырлық тарихы бар тастардың үгітіліп, құрылыс заты ретінде қолданылып жатқанын көргенде жүрегің ауырады. Жуырда осы мәселені Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова Палатаның соңғы отырыстарының бірінде көтерген болатын.
«ПЕТРОГЛИФ ТАҢБАЛАРЫ БАР ТАСТАР ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНА ПАЙДАЛАНЫЛЫП ЖҮР»
«Бүгінде ежелгі қорымдарға төніп тұрған қауіп өте көп. Бүкіл Қазақстан бойынша заңсыз археологиялық қазба жұмыстарының саны көбеюде. Оның ішінде «қара археологтардан» келетін залал жетерлік. Мысалы, Жетісу облысындағы Қапал қорығын, Маңғыстау облысындағы ескі қорымдарды қазып, барлық құнды бұйымдарын алған соң, оларды ашық-шашық тастап кету орын алып жүр. Мамандардың айтуынша мұндай заңсыз әрекеттермен археологиялық зерттеу жүргізуге лицензиясы бар кейбір ұйымдардың өздері де айналысатын көрінеді. Ал еліміздің кәсіпкерлері Арқарлыдағы петроглиф таңбалары бар ежелгі тастарды үгітіп, құрылыс материалы ретінде пайдаланып жүр. Кейбір өңірлерде диқандар мен малшылар қорымның үстіне мал жайып, жер жыртып тастаған оқиғалар да жиі кездеседі. Тағы бір мәселе еліміздегі кейбір тарихи-мәдени нысандар мемлекет тізіміне енбеген. Осылардың нәтижесінде археологиялық жәдігерлер еркін сауда айналымында жүр. Табылған ежелгі бұйымдарды кім-көрінген емін-еркін шетелдерге әкетуде. Мұны бақылап жатқан ешкім жоқ», - дейді өз сөзінде Мақпал Тәжмағамбетова.
Айта кетейік, Арқарлыдағы таңбалы тастардың жойылып бара жатқанын жуырда блогер Елзат Мұқаш қозғап, артынан өңір әкімдігі бұл мәліметтің жалған екенін хабарлаған болатын.
«Осы ақпарат бойынша Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық пен Кербұлақ ауданы әкімдігінің өкілдері Арқарлы тауына барып қайтты. Ол жерде бейнероликте көрсетілгендей қиыршық тас өндіріліп жатқан жоқ. Тіптен қиыршық тас өндіретін кәсіпорын «Жол жөндеуші» компаниясы «Жоламанский щебеночный завод» ЖШС банкротқа ұшырап, жұмысы 2022 жылдан бастап тоқтап тұр. Бейнероликте көрсетілгендей петроглифтер орналасқан тастарды қиратып, тастарды өндіру жұмыстары тоқсаныншы жылдары жүрген», - деп мәлімдеді Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.
«AMANAT» партиясының мүшесі Мақпал Мазаққызы өз сөзінде өңірлердегі тарихи мұраларды қорғау инспекциялары қауқарсыз болып отырғанын, өйткені тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйін қадағалауға қараушылар бекітілгенін айтып өтті. Алайда қараушылардың жұмысы, штаттық саны, төлемақылары, көлігі және жанармайлары заңды түрде бекітілмеген.
«Мәдениет және спорт министрлігінде археологиялық зерттеумен айналысуға лицензиясы бар 176 серіктестік тіркелген. Археологиялық жұмыстарға арнайы мамандандырылмаған мекемелерге лицензиялардың жаппай берілуі салдарынан қаншама жауапсыздық болып отыр. Осындай жағдай тарихи және мәдени ескерткіштерді реставрация жасау кезінде де орын алып отыр. Мінекей, архелогия мен геральдика саласындағы атқарылар кешенді әрі жүйелі шаруаларды үкіметтен күтіп жүргенімізде, бар құндылығымыздан айырылып қалар жағдайға жеттік», - дейді «AMANAT» партиясының мүшесі.
Тарихи-мәдени нысандарды сақтауда, қорғауда және бақылауда мемлекеттік жүйе өте әлсіз екенін айта келе мынадай мәселелерді шешуді ұсынды:
1. Қазақстанда археологиялық зерттеу жұмыстарын кешенді атқару үшін мемлекеттік жүйе қалыптастыру қажет.
2. Мәдениет және спорт министрлігі ежелгі тарихи-мәдени ескерткіштердің ортақ базасын құруы тиіс.
3. Зерттелген ескерткіштерді сақтау мен музейлендіру шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Әр облыстың аумағы бойынша петроглифтер картасы жасалуы керек.
4. Тарихи мұраларды қорғау инспекциялары қызметкерлерінің жұмыстарын және материалды-техникалық базасын нығайту бойынша тиісті шаралар қабылдансын.
5. «Қара археологиямен» айналысатын көмбе қазушылардың ісіне тыйым салу мақсатында заңсыздықтарды анықтау, жауапқа тарту және алдын-алу механизмін нақтылау қажет және қолданатын жазаны әкімшілік құқық бұзушылықтан алып, қылмыстық құқық бұзушылыққа ауыстыру мәселесі қаралсын.
6. Археология және реставрация жұмыстарын жүргізуге арналған лицензия беру тәртіпттерін қайта қарау керек.
7. Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің оң тәжірибесін ескере отырып, металл детекторларын сатуды және пайдалануды заңнамалық тұрғыда реттеу қажет, ал жеке тұлғаларға оларды сатып алуға және пайдалануға тиым салынуы керек.
Осы аталған ұсыныстарды қарап, заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.
«ЖЕР ЖЕКЕМЕНШІККЕ БЕРІЛМЕС БҰРЫН САРАПТАМА ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ»
Біз осы орайда археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Ералы Ақымбекке хабарласып, саладағы кемшін тұстарды сұрастырып білдік. Ғалым сөзінің басын мәдени мұраларды қорғауға арналған заңның осал тұстарынан бастады.
«Бұрын ескерткіш анықталған күннен бастап ол тарихи-мәдени мұра болып есептелетін. Ал қазір алдымен анықтайды. Оны үш жыл тағы қарастырады. Оны жергілікті жер тағы екі жылдай уақыт ұстап тұрады. Сөйтіп жүргенде бес жыл өтіп кетеді. Ал тарихи жәдігерлерді көзді ашып-жұмғанша бес-ақ сағатта жоқ қылуға болады», - дейді ғалым.
Сөзін жалғай отырып, жерлердің көбі жекеменшікке өткенде тарихи жәдігерлер де сол орындармен қоса кеткенін айтып өтті. Сол сияқты Арқарлыдағы мәселе де соның салдары екенін айта келе, петроглиф таңбаларының жойылып бара жатқанын қозғап өтті.
«Әкімшілік бір жерді жекеменшікке бермес бұрын археологиялық сараптама жүргізуі керек. Ал қазір ондай жұмыс жүргізілмейді. Әкімнің қолымен әкімшілік бөліп бере салады. Ал алған адам не істегісі келетінін өзі біледі. Меніңше егер жерді жеке компания алса өз есебінен археологиялық сараптама жүргізуі қажет деп ойлаймын. Өзім білетін Алматыда талай ескерткіш кетіп қалды. Осылай талай ескерткіштен айырылдық. Егер ары қарай жалғаса берсе алдағы уақытта да айырыла береміз. Олардың шегі бар. Бір күндері таусылып қалады. Заңды барынша күшейтуіміз керек», - дейді Ералы Ақымбек.
Сөз арасында құнды жәдігерлердің жоюылуына металл іздегіш аппараттардың қолжетімділігі үлкен себеп болып отырғанын тілге тиек етіп өтті.
«Металл іздегіш құрылғымен жерді сүзіп, құнды, бағалы дүниелерді іздеп жүрген адамдарды талай көрдім. Барып айтқанмен заңды түрде ешнәрсе жасай алмайсың. Ресейдің көлігімен жүрген көршілес елдің азаматтарын көрдім. Тек ресейліктер ғана емес өзге де елдердің азаматтарын бірнеше рет кездестірдім. Ал оларда заң қатты. Ал біздің тарихқа, құнды заттарымызға олар тек пайда табу көзімен ғана қарайды. Міне осыған бақылау қою керек. Дамыған елдердің көбі мұндай құрылғыларға бақылау қойып тастаған. Осыны бізге де енгізу қажет. Өткенде ауылыма барсам, бір кісі тауып алған сақинасын көрсетті. XVIII-XIX ғасырдікі. Оны металл іздеп жүріп тауып алған екен. Осылай 100-200 мың теңгенің құрылғысын сатып алып, іздеп жүре береді», - деп ғалым мәселенің тағы бір тұсын шығарды.
«ТАҢБАЛЫ ТАСҚА БІРЕУЛЕР АТЫН ҚАШАП ЖАЗЫП КЕТІПТІ»
Белгілі бір деңгейде саланы қорғайтын заңды шектеулері бары анық. Мәселен бірер жыл бұрын шымкенттік жігітке далалы жерде алты дана қызғалдақ гүлін жұлғаны үшін 9 млн теңге айыппұл салынған. Ал құқық қорғау органдары елдің тұтас тарихынан сыр шертетін құнды дүниелердің жойылып бара жатқанына қаншалықты тосқауыл болып отыр?
«Бізде полицейлер адам өлген, мал ұрланған секілді қылмыстық оқиғалар болған жерлерде ғана жүреді. Мысалы мен қаншама жерде қазба жұмысын жүргіздім. Менің заңды түрде немесе заңсыз түрде жүргізіп жатқанымды полицейлер қасымнан өтіп бара жатса да сұраған емес. Полицейлерге де түсіндіру жұмысын жүргізу қажет деп ойлаймын. Жарайды оны қоя беріңізші. Бір жылы қазба жұмысы жүріп жатқан орынға біреудің сиыры түсіп кетіп, талқанын шығарып кетті. Иесін сөзбен жеңе алмадық. Полицейлерді шақырып едік, өзара мәмілеге келіңіздер деп еш шара қолданған жоқ. Сол сияқты халықтың осы тұрғыда мәдениетін көтеру қажет. 2009 жылы ашылған петроглиф таңбалары болған. Тарихы 3-4 мың жылдан сыр шертеді. Осындай құнды жәдігерлердің бетіне өз аттарын таспен қашап тұрып жазып, бүлдіріп кетіпті. Оны көріп ішіміз әбден күйді. Ұлттың, халықтың тұтас мәдениетінен хабар беретін осындай дүниелердің қолды болып жатқанын, бүлініп, қиыршық тас болып, құрылыс материалдары ретінде жасалып жатқанын көргенде жылағың келеді. Қолымызда ешқандай билік жоқ. Амалымыз қанша...» - деп ғалым басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті.
Бұл мәселенің алдын алу үшін не істеу керек? Ескерткіштерді сақтап, келер ұрпаққа аманаттау үшін қандай шаруалар атқарылуы қажет?
«Әкімшіліктен біріккен түрде анықталған бүкіл ескерткіштің мемлекеттік актісін жасау керек. Әрбір ескерткіште қанша метрден жер бар екені кадастрға енгізілуі қажет. Сонда жер берілетін кезде ескерткіштердің кадастрленген актісі шығады», - деп ойын аяқтады.
Қорыта келе айтар болсақ, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған кез келген жәдігер елдің мәдениетінен, тарихынан хабар береді. Ал мұндай дүниелердің қолды болуы немесе үгітіліп, құрылыс жұмыстарына пайдаланылуы орны толмас өкінішке алып келеді. Жер қойнауында жатқан тарихи мұралардың бүгін болмаса да ертең таусылатын шағы келеді. Сол себепті жауапты ведомстволар осы мәселені қайта қарап, заңды тұрғыда тарихи дүниелерге қатысты шектеулерді қатаңдатуы қажет.