$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.01.2023, 01:47
Қоғам

Су тасқынына қарсы шаралар: өңірлерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр ма?

Қазақстанда су тасқынына қарсы шаралар жөнінде үкіметтік комиссия құрылды

Су тасқынына қарсы шаралар: өңірлерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр ма?
фото: ҚР ТЖМ

Қазақстанның кейбір өңірінде ақпанның басында түсетін жауын-шашын көктемде сел қауіпін тудыруы мүмкін. Еліміздің оңтүстігі, оңтүстік-шығысындағы елді мекендерде қазіргі қардың деңгейін, оның үстіне, Қазгидрометтің болжамы бойынша 31 қаңтар мен 4 ақпан аралығында жауатын қар мен жауын-шашынды ескере отырып, бұл аймқатардағы су тасқынының қауіпіне Үкімет қазірден дайындалып жатыр, деп жазады Azattyq Ruhy.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЙ ӨҢІРЛЕРІНДЕ СУ БАСУ ҚАУІПІ БАСЫМ?

Көктем келісімен малы көкке шығып, көсегесі көгере бастаған халықтың көңілінде бір қауіп қатар жүреді – ауыл-аймақтың айналасын су басып, ол тасқын су кейде адамның әлі малы мен жанына қауіп төндіреді. Үкімет жыл сайын «көктемгі су тасқынына сақадай-сай отырмыз» дегенмен, табиғаттың тосын мінезінің кейде салдары ауыр болып жатады.

Биыл да үкімет көктемгі су тасқынының алдын алуына ерте қамданып жатыр. Премьер-министр Әлихан Смаилов демалыс күніне қарамастан, қаңтардың соңғы сенбісінде Үкіметтің цифрлы кеңсесінде кеңес өткізді. Үкімет мүшелерінің алдында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары туралы соңғы деректерді жария еткен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин алдымен ауа райы болжамына тоқталды.

«Елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жинақталған ылғал қоры мен Қазгидромет болжамын ескере отырып, 31 қаңтар мен 4 ақпан аралығында жаңбыр мен дымқыл қар түріндегі қатты жауын-шашын жауады деген болжам бар. 31 қаңтардан бастап Түркістан облысының аумағында, 1 ақпаннан бастап Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының жекелеген аудандарының аумағында, 2 ақпанда Жетісу облысында жауын-шашын күтіледі», - дейді Юрий Ильин.

Яғни, ТЖМ басшысының сөзіне сенсек, кейбір аймақтарда осы уақытқа дейін жауатын қардың көлемін, сонымен қатар, ақпан айында жауатын жауын-шашынның көлемін, оның үстіне, кейбір өзен-сулардағы мұздардың еруінен болатын су көлемін ескерсек, кейбір аймақтардағы су деңгейі әдеттегідей әрине, көбейіп кетеді.

«Қазіргі уақыт Шардара су қоймасы мен Көксарай контррегуляторында 5 (5,396) млрд.текше метрден астам су жинақталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 млрд. текше метрге артық. Бұл Түркістан облысының су қоймаларына келіп түсетін тасқын және еріген қар суларының өсуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, Түркістан облысының Бөген, Бадам, Көшқорған, Қапшағай су қоймаларының толып кету қаупі бар. Арыс өзені бойынша су көлемінің реттелмеген ұлғаюы Арыс және Сырдария өзендерінің бойындағы елді мекендерді су басу қаупіне әкелуі мүмкін», - деп ескертті Юрий Ильин.

«АЙМАҚТАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ҚАЗІРДЕН БАСТАП КҮШЕЙТУ КЕРЕК»

Юрий Ильин әрине бұл ретте дайындық қазірден басталуы керек екенін, осыған байланысты, ТЖМ ғана емес, жергілікті атқарушы органдар, яғни, өңір әкімдері азаматтық қорғаныс қызметтерін қазірден бастап сайлай бастауы керек.

«Су тасқының салдарының алдын алу үшін және су тасқынының салдарын барынша азайту үшін  Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары мен Жетісу облыстарының әкімдеріне 30 қаңтардан бастап азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйелерінің бөлімшелерін жоғары дайындық режиміне келтіру және елді мекендердің аумақтарынан су бұру және айдау, халықты эвакуациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге дайын болу тапсырылды», - дейді Ильин.

АЙМАҚТАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК

Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары хабарлағандай, су тасқынының алдын алу үшін ең алдымен бірнеше маңызды шараларды бұлжытпай орындауы керек. Яғни, су тасқынының қауіпі бар елді мекендерде ерекше тәртіппен және уақытылы атқарылатын бірнеше шара бар. Атап айтсақ:

- су тасқыны қаупі бар елді мекендерге ерекше назар аудара отырып, көлік магистральдарының астындағы қарды шығару, арықтарды, дренаждық жүйелерді, су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын жандандыру;

- азаматтық қорғау қызметтерін тарта отырып, көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штабтар мен топтар құру;

- өңірлерде тіршілікті қамтамасыз ету құралдары, халықты, малды және адамдардың мүлкін эвакуациялауға арналған маршруттар мен техника қорларының болуын нақтылау және халықты эвакуациялау және малды айдап әкету үшін орындар дайындау талап етіледі;

- ықтимал су тасқынының салдарын жоюға күштер мен құралдардың дайындығын, оның ішінде жылжымалы сорғы станцияларын, жоғары өтімді доңғалақты және шынжыр табанды техниканы, командалық-штабтық машиналарды, авариялық-құтқару автомобильдерін, жол талғамайтын көліктер мен жүзу құралдарын, балшық мотопомпаларын дайындау және тексеру;

- су тасқыны құбылыстарының туындау қаупі және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы халықты хабардар етуді ұйымдастыру.

«Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі ТЖМ бөлімшелеріне 2023 жылғы 30 қаңтардан бастап елді мекендердің аумағынан су бұру және айдау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге жоғары дайындық режиміне өту туралы нұсқау берілді», - дейді ТЖМ бұл мәселеге қатысты мәлімет айтқан Юрий Ильин.

ТЖМ ЕСКЕРТТІ, АЛ ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ?

Жуырда ғана Үкімет отырысында аймақтардың көктемгі су тасқынына қарсы дайындығы талқыланған кезде премьер-министр Әлихан Смаилов «су тасқынының алдын алу шаралары нашар жүріп жатыр» деп, бұл мәселеге қатысты атқарушы орган мен жергілікті биліктің жұмысын сынға алған болатын.

«Су тасқынының алдын алу шаралары нашар жүріп жатыр. Ертең зардабын халық тартады», - деген премьер-министр Алматы, Абай, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында су ағызу жүйелері нөсер жауын мен тасқынға төтеп бере алмайтынын айтқан.

Үкімет отырысында белгілі болғандай, ертең көктемде күн кұрт жылынса, бір ғана Шығыс Қазақстанның өзінде ірілі-ұсақты 70 елді мекенді су басуы мүмкін.

«Қазірдің өзінде 255 елдімекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр. Ең бастысы мұндағы халықтың жағдайына алаңдауымыз керек. Биыл қыс қарлы болды. Ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейеді. Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елдімекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар», - деген еді Әлихан Смаилов.

АҚТӨБЕ АЙМАҒЫ БЫЛТЫРҒЫ ЖАҒДАЙДАН САБАҚ АЛА МА?

Естеріңізде болса, былтыр, яғни, 2022 жылы көктемде су тасқынынан біраз зардап шеккен өңір – Ақтөбе облысы еді. Облыстың 5 елді мекенін байланыстыратын жолдарды су шайып кеткен болатын. Облыстағы шалғай елді мекендерді былай қойғанда, Ақтөбе қаласының шетіндегі ықшам аудандарда 46 үйді, Мәртөк ауданында 10 үйді су басқан еді. Биыл көктемгі су тасқынының алдын алу шарасына қаңтардан бастап дайындалған аймақ басшысы Ералы Тоғжанов арнайы отырыс өткізді.

Аймақтық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев қазір облыстың үш ірі су қоймасында көктемгі су тасқынын өткізе талатын қауқар бар деп мәлім етті. Атап айтқанда, Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймаларындағы су көлемі жобалық мәнінен 32%-дан 54%-ға дейін құрайды. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін жанар-жағармай, инертті материалдар қоры дайындалды, елді мекендерде қар шығару жұмыстары жүргізілуде.  

Облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, тұрақты мониторинг жүргізуді, тасқын және еріген қар сулары ағып өтетін көпірлерді, арықтарды, өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстар мен қорғау бөгеттерін тазалауды дайындауды тапсырды.

СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАУІП ТӨНДІРЕТІН НЫСАНДАРДЫҢ АХУАЛЫ

Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тасқынмен күреске 35 мыңдай адам мен 11 мың техника жұмылдыруға дайын екендігін хабарлаған еді. Айта кетейік, жақын күндері Қарағандыда көктемгі су тасқынына дайындалу үшін «Көктем-2023» оқу-жаттығуы өтеді.

«Көктемгі су тасқынымен күреске 35 мың адам мен шамамен 11 мың техника тартылады. 12 әуе кемесі мен 700-ден астам жүзу құралдары дайын тұр.  Тұрғындарды тасымалдау үшін 1 600-ден астам вагон дайындап қойдық, осы вагондардың арқасында  61 мың адамды қауіпсіз жерге шығаруға болады», - деген Юрий Ильин тағы бір маңызды мәселе – елдегі су қоймаларын қазіргі ахуалы туралы проблеманы қозғады.

«Елдегі 1 800-ден астам ғимараттың 471-і жөндеуді қажет етеді. Олардың көбі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында орналасқан. Экология министрлігі 2021 жылы Түркістан облысындағы бүлінген Қапшағай су қоймасын реконструкциялауды аяқтамаған. Ол көктемгі кезеңде лезде толып, қирауы мүмкін. Аталған қауіпті аймақта 7 елдімекен бар. Онда 15 мыңнан астам адам тұрады. Павлодар облысында Сәтбаев атындағы каналдағы №87 бөгетті жөндеу қажет. Оның бұзылуы 2 елдімекенде 460 үйді су басуға және Астана мен Қарағандыны сумен жабдықтаудың үзілуіне әкеп соғуы мүмкін», - деген болатын ол.

Қазір бұл мәселе үкімет тарапынан пысықталып, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма беріліп жатыр.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары