Өткен жылы елімізде 110-120 мың аралығында жаңа машина сатылды
Елімізде өткен жылы 110 мыңнан астам жаңа автомобиль сатылған. Зауыттан шыққан көлік құны қымбат болса да нарықтағы сұранысты қамтамасыз ете алмаған. Алматыдағы индустриялды аймақта жаңадан автозауыт салынып жатыр. Қытайдың автөндіруші компаниялары да Қазақстан нарығына бірнеше маркалы автомобильдерін сатылымға шығарып отыр. Бірер ай бұрын Мемлекет басшысы Алматы қаласында мультибрендті автомобиль зауытының іргетасын қалаған. Бұл бастама біздегі көлік мәселесін шешуге қауқарлы ма? Биыл елімізде көлік құны қалай құбылуы мүмкін? Отандық автоөндірушілер ресми дилерлер арқылы қанша тұтынушыға жаңа машина сата алады? Жеңілдетілген пайызбен автоөндірушілерге қаржы бөлу биыл да жалғасын таба ма? Күрмеуі көп сұраққа Azattyq Ruhy тілшісі жауап іздеп көрді.
«ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ БАҒА КЕМІ 10 ПАЙЫЗҒА ӨСІП КЕТКЕН»
Қазақ автонарығында «сары дилерлер» көп. Бергісі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден, арғысы Оңтүстік Корея, Жапония, тіптен АҚШ-тан қалаған көлігіңді жеткізіп берумен айналысады. Сырт мемлекеттен көлік әкеліп, тіркеуге қоюдың құны қымбат болса да оған қарап жатқан жан жоқ. Қолы жеткен жүргізушілер сырттан машина алдырғысы келеді. Кедендік рәсімдеуге, Қазақстан нөмірін алуға аз ақша кетпесе де, бұл бәрібір жылы жаңа, сапалы көлік іздегендер үшін тиімді, құны да, құжаттары да кедергі емес. Өйткені шетелден жүрілген автомобильдерді сатып алу, оны жеткізу және рәсімдеу құнын қоса алғанда бағасы бәрібір біздегі сатылымнан төмен шығады. Қолдан қойылған кедергінің күрделі әрі қымбаттығына қарамастан қалтасында қаржысы барлар сол себепті де шетелге құмар. Сырттан көлік тасығандар жайлы сәл кейінірек, алдымен құрастырумен ғана айналысса да «отандық» статусын алған автоөндірушілер ұсынатын баға жайындағы сарапшылардың пікіріне жүгінсек.
«Егер соңғы бес жылдағы жағдайға көз жүгіртсек, жаңа көліктерге де, ескісіне де бағаның үсті-үстіне қосылып, үнемі қымбаттап отырғанын көреміз. 2021 жылы ескі машиналарға 15 пайыз шамасында, жаңа автомобильдерге 20 пайыз көлемінде баға қосылды. Былтыр да автонарықта құн қымбаттаумен болды. Машина бағасының өсуіне логистикадағы қиындықтар, инфляция, автонесиелеу бағдарламасы сынды көптеген жағдай теріс әсерін тигізді.
Биыл да қымбатшылық автонарықты айналып өтпейді. Бағаның өсуі жалғасады», - деді автосарапшы Эдуард Эдоков.
Көлік нарығын зерттеумен айналысып жүрген азаматтардың айтуынша, қазірдің өзінде баға кемі 10 пайызға өсіп кеткен. Бірақ барлық дүние шарықтап жатқанда машинаға қосылған құн көзге айтарлықтай көрінбеуі мүмкін. Ал жекелей қарасаң жаңа машиналарға кемі бір миллион теңгеден қосылып үлгерген.
«Био-С, сұйықмай қымбаттады деп аузымды ашып жүргенде көлік бағасы аспандап кетіпті. Ескі көліктер екі бастан қымбат қой. Енді автосалондардағы баға да өзгеріпті. Мәселен жаңа жылдың алдында ғана орташа жабдықталған (комфорт) Hyundai Elantra көлігі салонда 10 590 000 теңге тұратын. Қазіргі бағасы – 11 590 000 теңге. Тап-таза бір «лимон» қосыпты үстіне. Кейбір модельдерге 1,2 млн теңге қосылған. Бағаның бұлайша құбылуына қандай фактор әсер еткенін Hyundai Kazakhstan, Hyundai Com Trans Kazakhstan, Astana Motors компаниясының өкілдері жауап беруі тиіс. Былтыр мамыр айындағы қымбатшылыққа доллар бағасы өсті, логистика қиындады, геосаяси ахуал әсер етті деп сылтау айтқан. Ал қазір бәрі тұрақты. Доллар керісінше күннен күнге арзандап келеді. Бұрынғыға қарағанда тасымалдау жолдары, логистикалық бағыттар ашылды. Ал Ресей мен Украина соғысы сол күйі әлі жалғасып жатыр. Өзгерген дәнеңе жоқ. Олай болса әр көлікке бір миллион теңге қосатындай не күн туды? Әлде сол баяғы ашкөздік пе?!
Менің ойымша жақында 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасының револьверлік жүйесі іске қосылады. Банктерге ақша түседі, халық жапатармағай салонға жүгіреді. Қымбат болса да көлік алып қалайын деген ниетпен ешкім бағасына қарамайды. Сондықтан дилерлер осыған дәмеленіп, бағаны көтеру арқылы бір асап қалудың қамына кіріскен сияқты», - деді соңғы жылдары көлік құнын зерттеумен айналысып жүрген журналист Диас Нұрақын.
«БЫЛТЫР 110-120 МЫҢ АРАЛЫҒЫНДА ЖАҢА МАШИНА САТЫЛДЫ»
Жауапты мекемелермен «байланысы» жақсы, нарықты өздері ғана билеп-төстеп отырған жоғарыдағы автоөндірушілер халықтан да, мемлекеттен де орасан зор пайда көреді. 4 пайыздық жеңілдікпен көлік құрастырушыларға биыл да қомақты қаржылай ақша бөлінеді деген болжам бар. Осыны алдын ала білген дилерлер бағаны көтеріп отыр, деп санайды сарапшылар. Бірақ осы жылдың соңына дейін қанша пайызға жете қымбаттайтынын болжау да оңай емес.
«Расын айтқанда бірнеше жыл тұрмақ, алдағы екі-үш айда нарықты не күтіп тұрғанын сарапшылар да дөп басып айта алмайды. Өйткені біз жақсы түсінеміз әрі өкінішке қарай құбылмалы бағаны үнемі көріп отырмыз. Яғни автокөлік бағасы үздіксіз өседі, құн құлдырамайды. Бұл жақсы емес, десе де ақитаты осы. Инфляцияны есепке алып қарағанда шамамен 10 пайызға көліктің құны қосылады. Ал жеңілдетілген несие сынды бағдарламалар жалғасын тапса, бағаның тағы көтерілуіне міндетті түрде әсер етеді. Оның үстіне машиналардың жетіспеушілігі бар. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде болып жатқан жағдай.
Белгілі бір маркаларға деген сұраныстың тым көптігінен АҚШ-та, Еуропада, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде де автомобильдердің жетіспеушілігі бар. Тіптен Жапонияның өзінде танымал бренд маркалы машинаның моделіне кезек алдын ала бірнеше жылға жазылған. Сұраныстың көптігінен тапсырыс қабылдауды да тоқтатып тастады. Кореяның автоөндірістеріндегі кейбір маркаларға да тапсырыс қабылдау тоқтады. Себебі чип, өзге де тетіктерінің тапшылығына байланысты сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан автомобильдің тапшылығы міндетті түрде болады. Шетелдерде ғана емес, тіптен өзіміздегі кез келген автосалонға барып, комфорт кластағы көлікті аламын десең, кемі үш айдан жарты жылға дейін күттіреді», - деді Э.Эдоков.
Автоөдірушілер мен ресми дилерлер өткен жылды қанша мың жаңа машина сатумен аяқтағаны туралы мәлімет енді шығады. Бұл тек ресми дилерлер арқылы сатылған көлікке қатысты, ал жеке адамдар арқылы жеткізілген машиналардың нақты саны белгісіз. Соңғы уақытта зауыт ашып, көлік құрастыратын бірнеше жоба елімізде қолға алынды. Бірақ ол зауыттар сұранысты бәрібір толық шеше алмайды. Ал шетелдік ірі өндірушілер елімізге үлкен көлемде инвестиция салмайды, экономикалық жағынан бұл жоба шетелдіктердің өздеріне де тиімсіз. Себебі біздегі нарықтың аясы тым тар.
«ҚЫТАЙДА ЖЫЛЫНА 10 МЛН ШЫҒАРЫЛАДЫ»
«Бейресми дилерлер, жекелеген адамдар, компаниялар арқылы қанша жаңа көліктің сатылғанын айта алмаймыз. Оны кеден арқылы анықтап көру керек. Ресей жағынан сұраныстың артуы да бағаның тұрақтанбауына әсер етті. Өткен жылы 110-120 мың аралығында жаңа машина сатылды. Биыл шамамен 130-135 мың шамасында автомобиль ресми дилерлер арқылы сатылымға шығады. Бұл сандарға Қазақстанда құрастырылатын машиналар ғана емес, шетелден жеткізілген, тасымалданған көліктер де кіреді. Жаңа көліктердің сатылымға шығуы 10 пайызға көбейеді деп болжауға болады.
Бүгінде Қытайдың автоөндірушілері әлемде ең көп көлік шығарушылар саналады. Іргеміздегі елде автосатылым миллиондап саналады. Жоқ дегенде 10 миллион көлікті шығарып, сатса, Қазақстанда небәрі 100 мың машина ғана нарыққа шығады. Екі жақты салыстыруға келмейді. Қытайдың көлік сату нарығы үшін Қазақстан маңызды жоба саналмайды. Дилерлік орталық ашатын шығар. Бірақ 1-2 мың көлік сату үшін алып зауыт ашу, қосалқы бөлшектерді өндіру олар үшін тиімсіз. Экономикалық тұрғыдан біздің нарық оларға аса қолайлы, тиімді емес. Бірақ соңғы кездері қытайлық маркалар да нарыққа кірді. Қытай барынша көбірек машиналарын әкелуге тырысады. Бірақ тағы айтарым, біздің автонарық олар үшін мардымсыз саналады.
Грузиядан, Армениядан, Ресейден, Қырғызстаннан әкелінген көліктерді рәсімдеуге мемлекет мүмкіндік берді. Сырттан арзан көлік әкеліп, оны басқа тұрғындармен салыстырғанда аз ғана ақшаға тіркету осы саладағы «былықтың» тым көп екенін білдіреді. Десек те қыркүйектен кейін әкелінген машиналарға сақтандыру полисі берілмейді. Бұл заңсыздықтарға аз да болса тұсау салады деп ойлаймын. Қазақстанның 30 жылдық тарихында тек бір рет қана жылына 180 мың жаңа көлік сату көрсеткіші болған. Қайтіп бұл межеге жете алмадық», - деді автосарапшы.
ШЕТЕЛДЕН КӨЛІК ЖЕТКІЗУ ТИІМДІ МЕ?
Сөз орайы келгенде айтай кетейік, Оңтүстік Кореядан көлік таситын компаниялардың дәурені жүріп тұр. Сарапшылар айтқан чип пен өзге де қосалқы бөлшектердің тапшылығы ол жақта аса байқалмайды, дейді тасымалдаумен айналысатын жігіттер. Сәйкесінеше жылы жаңа машиналардың сатылымы жоғары.
«Ресейде құрастырылған Toyota Camry 70 маркалы машинамды сатып, дәл сол марканың жаңасын Кореядан 11,5 млн теңгеге алдырдым. Жеткізу, осында рәсімдеуді қоса алғанда барлығы 15,5 млн ақша жұмсадым. Есесіне сапалы, жылы жаңа, бағасы осы жақпен салыстырғанда 5 млн теңгеге арзан көлік алдым. Тапсырыс 20-25 күнде орындалады. Жуырда тағы бір көлікке тапсырыс бердім, жолда келе жатыр. 20 мың км ғана жүрген 2021 жылғы Toyota 11,5 млн теңгеге түсті. Барлық шығынын қоса алғанда 15,5 млн теңгеге шығады. Ал ондай маркалар бізде 22-23 млн теңге тұрады. Кореядан көлік әкелу қазір тренд. Тапсырысты орындаушылардың саны да аз емес», - деді Нұрберген Мұхитов.
Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше қалада салынып жатқан машина зауытының құрылысы екі жылдан соң аяқталады. Алматы Индустриалды аймағының аумағында ашылатын зауыттың инвестиция көлемі 100 млрд теңгені құрайды.
«Changan», «Chery» және «Haval» маркалы автомобильдер шығаратын мультибрендтік зауытының құрылысы» жобасын іске асыру басталды. Инвесторы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» болып саналады.
Өндірістік қуаттылығы жылына 90 мың авто бірлікті құрайды, жалпы орналастыру алаңы – 30,9 га. 1 500 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Құрылыс 2022 жылдың қараша айында басталды. Пайдалануға берудің жоспарланған мерзімі – 2024 жылдың соңы»,- дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, өткен жылдың қараша айының ортасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мультибрендті автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан болатын.
Қорыта айтар болсақ, сан түрлі санкцияның астында қалған Ресейдің тұрғындары былтырдан бері қазақ нарығынан көлік алуға құмар. Ресейліктер былтыр шамамен 12-15 мың аралығында жаңа көлікті өздеріне алып кеткен. Бұл үрдіс биыл да жалғасары сөзсіз. Есесіне зауыттан шыққан жаңа машиналарды өзіміздің тұтынушыларға ұзақ күтуге әрі қымбатқа алуына тура келеді.